
Көшпенді бабаларымыз көшін тоқтатып, ошағын жаққан жерге өз өркениетінің ізін қалдырған. Оған дәлел осыдан алты ғасыр бұрынғы Алтын Орда кезеңіне тиесілі тиын Азак қаласы маңынан табылып отыр.
Доспамбет жырау: «Айнала бұлақ басы – Тең, Азаулының Стамбулдан несі кем?!» деп жырға қосқан Азак қаласы маңынан табылған тиынның саны 32 дана. Оны Азов мұражай-қорығының археологтері қазба жұмыстарын жүргізу кезінде тапқан. Әртүрлі интернет көзіндегі мәліметтерге қарағанда құнды тиындар жылнама бойынша XIV ғасыр тиесілі деп танылған. Ол туралы тарих ғылымдарының кандидаты, Азов мұражайының археология бөлімінің меңгерушісі Андрей Масловский баяндаған.
– Жібек жейденің қиындысына оралған қазына табылды. Әзірге қазба жұмыстары Петров желекжолында жүргізілген (2019 жылы археологтер Азовтың орталығында көлемді қазба жұмыстарын жүргізген еді), реставраторларды тазалауға талай уақыты кетті. Бұл сол күні Азак маңынан табылған бір ғана жәдігер – деді археологтердің бұған дейін Азак аумағында ежелгі заманғы қазыналардың табылмағанын қоса айтқан ғалым.
Алайда Азак қаласында археологтарды қызықтырған тағы бір жәдігер болыпты. Өткен жылы тас ғимараттарды анықтау кезінде Азакта жабын қыш болғанын тапқан. Археолог ғалымдардың пайымдауынша орта ғасырдағы жабын қыштар екі түрлі. Ол тегіс және жартылай дөңгелек науа түрінде екенін зерттеу барысында анықтаған. Ал археологтар Азактан науа түріндегі жабын қыш шатырын ғана тапқан. Бұл да сол қаланың өзіне тән ерекшелігі және археология үшін үлкен айғақ.
Алтай Ғали-Асқар