Қоғам

«Алтын белгілерін» абыроймен қорғады

Өткен оқу жылында Аягөз қаласындағы №5 орта мектептен 41 түлек түлеп ұшты. Ауданаралық, облыстық сайыстар мен жарыстардың басым көпшілігінде көш бастап жүрген бұл білім ордасының жетістігі мол.

Елу жылдан астам тарихы бар мектеп қабырғасынан шыққан, елдің даңқын асырып, мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін жемісті еңбек, келісті қызмет етіп жүрген түлектер есімін де жүздеп келтіре беруге болады. Бұл мұғалімдердің біліктілігі мен еңбек ұжымының береке-бірлігінің арқасы. Осы өткен оқу жылында да алты «Алтын белгі» иегері білімдерін абыроймен дәлелдеді.

– Мектебіміздің түлектері биылғы оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеуден 69% көрсетіп, 58%-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Шәкірттеріміз білімді, білікті, ел туын биік ұстайтын азаматтар боларына кәміл сенеміз. Сол түлектеріміздің бірі де бірегейі – Еркінбек Сапиоллаев. Түрлі олимпиадада жүлде алып, көңілді тапқырлар клубында да тамаша өнер көрсетіп жүрген ол биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде 134 ұпай жинады. Қазіргі  таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Логистика» мамандығының студенті атанды. Алдағы  уақытта  да  Еркінбек тек биік белестерді бағындырады деген ойдамыз, – дейді мектеп директоры Айнұр Әулиесқызы.

Білім ошағының басшысы шәкірттері арман еткен оқу орындарына түсіп, асқақ мұраттарына қадам баса беруін, ал ұстаздардың мәртебесі қашан да биік болып, шығармашылық шыңдарды бағындыруын тілейді.

 

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button