Мәдениет

«Алтын Алтай» әнмен тербеді

«Алтын Алтай» әнмен тербедіЕрке Ертістің жағасында дәстүрлі республикалық «Алтын Алтай» ән мен би фестивалі биыл да жалғасын тапты. Өскемендегі амфитеатрда өткен фестивальға қатысушылар мен көрермендерді, қала қонақтарын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.

Сол күнгі кештің салқындығына, тіпті, сіркірей жауған жаңбырға қарамаған қала тұрғындары әншілердің өнерін тапжылмай тамашалады. Қолшатыры бары да, жоғы да өнер деген құдіреттің арқасында ауа райының қолайсыздығын елеген де жоқ. Тіпті, сахнада ән салып жатқан Бибігүл Төлегенова апамыздың әні жұртты еріксіз биге үйіріп әкетті. Жастар жағы Өскеменге анда-санда келіп тұратын Әлішер Кәрімовтің әніне ерекше қошемет білдіріп жатты.

Майра Ілиясованың құлақ құрышын қандырар әсем әнін тыңдарман қауым ерекше ықыласпен тыңдады. Әншінің делебесін қоздырып, арқаландыратын да осы халықтың қошеметі мен құрметі емес пе, Майра апамыз жауған жаңбырға да қарамай бірнеше әнді нақышына келтіріп орындады. Кешті жүргізіп тұрған ақын Қалқаман Саринның тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін жырлары да жалынды шығып жатты. Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева секілді айтыстың ақтаңгерлері өздері туған өңірге жыр шашуларын ала келіпті. Әнші Майя Бекбаеваның әуезді саздары да халыққа бұрыннан таныс. Ерлі-зайыпты Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтердің әндері-ай десеңізші!

Концерттің шымылдығы ашылар тұста құттықтау сөз сөйлеген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өскемендіктерді мерекелерімен құттықтады.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан бұл фестивальдың қала тұрғындары үшін берері мол. Алтайдың топырағында туған өнер иелері мен фестиваль қонақтары Ертістің жағасына жыл сайын ән мен жыр сыйлап кетіп жатады. Солардың бірі – біздің Бибігүл апамыз. Туған жерді, отанымызды сүюді біз дәл осы Бибігүл Ахметқызынан үйренуіміз керек. Себебі, өңірімізде бес жыл бойы өткізіліп келе жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясына жерлесіміз төртінші жыл қатысып келе жатыр. Барлықтарыңыздың істеріңізге сәттілік, жанұяларыңызға бақыт тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Өңіраралық интеграция бағдарламасының аясында өткен фестивальға Шығыс Қазақстанмен қатар Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарының танымал әншілері де қатысты. Мың бұралған бишілер, дәулескер күйшілер, ақындар мен әншілер бас қосқан дүбірлі шара екі сағатқа созылды. Концерт жүріп жатқан әредікте Бибігүл Төлегенова апамыз бізге шағын сұхбат беріп үлгерді. Оның айтуынша, туған жер – қасиетті мекен, сондықтан оны көзіңнің қарашығындай сақтап, құрметтей білуің қажет.

– Мен бүгін сахнада орындаған «Көгілдір магистраль» әнімді шығысқазақстандықтарға, оның ішінде Өскемен қаласының тұрғындарына арнап отырмын. Бұл – Бұқтырма ГЭС-і салынып жатқан кезде шыққан ән еді, ол кезде студентпін. Міне, арада 60 жыл өтіпті. Шынымды айтайын, әннің бірінші шумағын ғана есіме әрең түсірдім, ұмытып қалған жерлерін ойдан құрап алуға тура келді. Бұл менің «Алтын Алтай» фестиваліне арнайы алып келген ерекше сыйлығым, – деді Бибігүл Төлегенова.

Екі сағаттан астам Ертіс жағалауын әсем әнмен тербеткен концерт соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button