Алтын алқа иегері баспаналы болды

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау болатынын, көпбалалы аналарға айрықша көңіл бөлініп, олардың таяудағы үш жылда баспанамен толықтай қамтылатынын айтқан.
Көп ұзамай еліміздің шалғай ауылдарындағы аз қамтылған отбасылар баспаналы бола бастады. Тарбағатай ауданында биылдың өзінде 27 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Сондай баспанаға зәру болып жүрген аудандағы ең жас «Алтын алқа» иегері – Ақсуат ауылының тұрғыны, жеті баланың анасы Гүлжан Аспанбаева.
-Төбесі тесік там үйде бес баламен он жылдай тұрдық. Осыдан үш жыл бұрын егізіміз дүниеге келгенде «енді не болар екен?» дегенбіз. Өткен жылғы Елбасының Жолдауынан кейін аудан орталығынан жаңа үйді аудан басшылығы мен ауыл әкімі берген. Биыл осы үйге кірдік,-дейді көпбалалы ана. Гүлжанның айтуына қарағанда, алғашқыда төрт баламен жұмыссыз қалған кездері де болды. Бірақ қиындыққа мойымай, кейін аудан әкімдігі қолдан келген көмегін көрсеткен. Алдымен күйеуін спорт кешеніне жұмысқа орналастырды, ал Гүлжанның өзі аудандық мұражайда жұмыс істейді. – Тәубе дейміз. Үкімет тарапынан әлеуметтік қолдау бар. Жеті балама атаулы әлеуметтік көмек аламын. Тұрмысымыз жақсарып келеді.
Өз басым жатыпішер тоғышарлыққа қарсымын. Егіз балам жас болғанына қарамастан жұмысқа шықтым. Болашақта күйеуім екеуіміз жеке кәсіп құруды жоспарлап жүрміз. Оған елімізде барлық жағдай жасалған, түрлі тиімді бағдарламалар бар,- дейді «Алтын алқа» иегері.
Бүгінде аудан бойынша 2439 отбасы, яғни 12575 адам атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Ауданда 2686 көпбалалы отбасы бар, соның ішінде 311 ана «Алтын алқа» иегері. Осының біразы баспанаға зәру. Аудан басшылығы өткен жылдан бері әр ауылдық округте екі-үш баспана жергілікті меценаттар есебінен, ал қалғанын аудандық бюджет есебінен салуды жоспарлаған. Өткен жылдан бері аудандағы белгілі кәсіпкер Ж.Оразғалиев деген азаматтың бастамасымен «Біз біргеміз» деген қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, екі отбасына асар арқылы тегін баспана салып берген. Осы жылдың соңына дейін тағы екі отбасына тегін пәтер сыйлаймыз деп отыр.
***
Жас кәсіпкер Жандос Оразғалиев өткен жылы Тарбағатай ауданының Қарғыба ауылында алғаш рет ата дәстүр бойынша «Асар» жасап, қолында жарымжан баласы бар, баспанасыз отырған жанұяға бас-аяғы үш айда баспана тұрғызып берді.
Осыдан соң жас кәсіпкер кембағал мұқтаж жандарға, тұрмысы төмен отбасыларына арнап «Біз біргеміз» қайырымдылық қорын құрды. Аз уақыттың ішінде қор Ақсуат ауылының тумасы, төрт баланың анасы, мүгедек бала бағып отырған Жұпар Макупова мен осы ауылдың тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі екі баласы бар Жаннұр Байоралованың әрқайсысына үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыстады. Ауданымызда құрылған алғашқы қайырымдылық қорының алғашқы игі шарасына аудан жұртшылығы көптеп жиналып, сүрінгенге сүйеу болған қайырымды жандар мен қор құрылтайшыларына дән ризашылықтарын білдірді, ауылдың абыз ақсақалдары баталарын берді.
– Азғана уақытта қасыма ауданның ізгі, мейрімді жандарын жинадым. Игі бастаманы ауданның барлық тұрғыны қолдап, қолдарындарында барын ортаға салды, кейбіреуі малдарын да берді. Бұл ауылымыздың ауызбіршілігін көрсетеді. Осындай бірліктің арқасында жетім-жесірлерге қолдау көрсетіп келеміз, сондықтан біз біргеміз, – дейді «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Ж.Оразғалиев.
Игі іс-шара барысында қор төрағасы Жандос Оразғалиев қорға екі млн. қаржы құйған белгілі меценат Дулат Тастекеев пен бір млн. қаржы құйған Жайна Жакулинаға аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіріп, сый-сияпат жасалды. Қайырымдылық қоры мұнымен тоқтап қалмайтын көрінеді. Қор алдағы уақытта мүгедек балалардың ем-домына, шетте емделуіне көмек көрсетуді де көздеп отыр.
Жыл басынан бері Тарбағатай ауданында мемлекет тарапынан тұрмысы төмен тоғыз жанұяға баспана берілді. Жалпы алғанда, Тарбағатай ауданында 1500 адам үй кезегінде тұрғанын ескерсек, әрине, бұл – көлге құйған тамшыдай ғана. Осы орайда ауданның меценат азаматтары да әлеуметтік қолдауды қолға алып келе жатқаны қуантады.
Кәдірбек КӘКІМҰЛЫ
Тарбағатай ауданы.