Алты жүз орындық қазақ мектебінің құрылысы аяқталуға жақын

Глубокое ауданының әкімі Арман Бекбосынов Өскемендегі ақпараттық орталықта брифинг өткізіп, БАҚ өкілдеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндап, алда атқарылар шаруалар жайында әңгімеледі.
Аудан әкімінің айтуынша, ауданда бірінші жартыжылдықта көңіл көншітерліктей жұмыстар атқарылған. Әсіресе аудан тұрғындарының орташа айлық жалақысының өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға артқандығын ерекше атап өтуге болады.
– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аудан кәсіпорындарында еңбек ететін тұрғындардың орташа айлық жалақысы 105326 теңгені құрап отыр. Өңірдің тоғыз ірі кәсіпорындарында жыл басынан бері ай сайын орташа еңбекақының мониторингі жасалып отырды. Сараптама нәтижесінде кәсіпорындарда орташа айлық жалақының өсу қарқыны 3,9-20 пайызды құрағандығы мәлім болды, – дейді аудан әкімі.
Арман Бекбосыновтың айтуынша, әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жыл басынан бері 560 жұмыссыз тұрақты жұмысқа тұруға өтініш білдірген, олардың 354-і жұмыспен қамтылған. Үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегіндегі мәліметтер бойынша, аудан аумағында ресми түрде 229 жұмыссыз тіркеліп отыр. Биылғы жылдың сегіз айында өнеркәсіп орындары 17,5 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға төмен болып шықты. Осы жаз аудан диқандары үшін аса табысты болмады. Қуаңшылық пен егіннің айтарлықтай мөлшерін жайпап өткен бұршақ салдарынан олар қамбаларын астыққа толтыра алмаған. 7,7 мың гектар бидай, күнбағыс және жүгері бұршақтың кесірінен жарамсыз болып қалған.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 156 млн. теңгенің екі жобасы мақұлданған. Айта кетерлігі, аудан тұрғындарын мемлекеттік бағдарлама негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі оңды шешімін табуда. Мәселен, Глубокое кентінде 2014 жылы құрылысы басталған 100 пәтерлік көпқабатты үй ағымдағы жылдың желтоқсан айында қолдануға берілмек. Сонымен қатар, тағы бір 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Уварово ауылында 300 орынға лайықталып салынған мектеп құрылысы аяқталып, биыл жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашты. Аудан орталығында 600 орындық О.Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің құрылысы аяқталуға жақын.
Шағын несиелеу ауылдық жерде кәсіпкерлік бастамаларға негіз болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында осы жылы бұл мақсатта 162,5 млн. теңге қаражат бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Брифинг барысында «Cocos-kz» ЖШС ғаламтор агенттігінің директоры Денис Соколов Глубокое ауданы әкімінің ресми сайтымен таныстырып, ондағы тың өзгерістерді тілге тиек етті. Сайтта «Әкімге сауал қой» парақшасының ашылуы тұрғындардың аудан басшына тікелей сұрақ қоюына мүмкіндік туғызбақ.
Гүлнәр Мусина