Қоғам

Алты жасар балаға арақ ішкізген кім?

Алты жасар балаға арақ ішкізген кім?


«Шығыс Қазақстан облысында алты жасар бала наркодиспансерде есепте тұр» деген ақпаратты республикалық сайттардың бірінен көріп, айран-асыр болғанымыз рас. Мәселенің анық-қанығын білу үшін тізгін ұшымен аталған орталыққа жеттік. Сайып келгенде, жағдайдың мүлдем басқаша екеніне көз жеткіздік.

Біріншіден, «аты шулы» алты жасар бала наркологиялық диспансерде осыдан үш жыл бұрын емделіп шығыпты. Әуелі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген баланың жағдайы туралы орталыққа полиция қызметкерлері хабар берген көрінеді. Тексеру барысында оның ішімдік ішкені нақтыланған. Бұл жағдайдың бұрын да әлденеше рет қайталанғанын әңгіме барысында кейіпкердің өзі де растаған екен.

Екіншіден, балақайдың маскүнемдікке салынған дәнемесі жоқ. Балалар дәрігері Манап Қалиевтің айтуынша, алкоголизм диагнозы қойылғанмен, бала ащы суға тәуелділікке ұрынбаған. Бұл бар болғаны ата-ананың салғырттығынан туындаған келеңсіздік көрінеді.

– Баланы ата-анасының келісімі бойынша бақылауда ұстадық. Ол ешқандай да емдік шараларға мұқтаж емес еді. Сол себепті стационарда алып қалудың қажеті болмады. Алайда заңға сәйкес амбулаториялық бақылауды жыл бойында тоқтатпадық. Ай сайын үйіне барып, жағдайын біліп отырдық. Психолог маманымыз да үздіксіз жұмыс істеді. Ал жыл өткенде баланың жағдайы жақсы деп танылғандықтан, «тәуекел тобынан» босатылды, – дейді Манап Қалиев.
Осындай оқиғаның облыста екінші рет қайталанып отырғанын айта кету керек. Бұған дейін Риддер қаласында ащы суға масайған жеті жасар бүлдіршін ауруханаға жеткізілген болатын. Тексеру барысында қан сараптамасынан алкоголь мөлшері табылғанын жергілікті дәрігерлер растады. Кейін бұл жайға үйдегі үлкендердің қатысы бары анықталған.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, облыста осыған ұқсас жағдайда орталыққа келіп түсетін жеткіншектер саны азаймай тұр. Соңғы бес-алты жылда бұл көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемегені қынжылтады.

– Бастапқыда орталыққа тек ішімдік пен шылымға әуес жасөспірімдер қаралуға келетін. Бертін келе мектеп оқушыларының арасында насыбайға әуестік пен токсикомания белең ала бастады. Онымен де күресіп жатырмыз. Есірткілік заттарға ұрынғандар да болды. Қазіргі уақытта парагенератор деген шықты. Оны көбісі «электронды шылым» дейді. Бірақ ол – көзалдау. Шындығында, ол қалтадағы калян. Құрамында наша қоспалары бар. Осылардың бәрі жасөспірімдердің денсаулығына зиянын тигізіп жатқанын қайтерсіз, – дейді дәрігер.

Маман зиянды әдеттерге үйірсоқтардың дені – 13 пен 16 жас аралығындағы жеткіншектер екенін атап өтті. Олардың басым бөлігі толымсыз отбасылардан шығады екен.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button