Қоғам

Алты үй орталық жылу жемісіне қосылады

Алты үй орталық жылу жемісіне қосылады


70 жыл бойы пешпен жылытылып келген Аблакет кентіндегі тұрғын үйлер орталық желіге қосылатын болды.

Көнекөздердің айтуынша, мұндағы жылусыз отырған алты үйдің ең көне дегендері 1947 жылы салынған екен. Содан бері тұрғындары қосқабатты үйдегі пәтерін пеш жағып, жылытып келген. 2011 жылы Аблакет кентінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жағыртылған кезде де аталмыш алты үй назардан тыс қалған. «Көппен көрген ұлы той» деп, «көштің жүре түзелеріне» сеніп келген халықтан сонда ғана маза қашқан екен. Содан бері осы үйлердегі 48 пәтердің мұңын арқалаған бастамашыл топтың ашпаған есігі, тоздырмаған табалдырығы жоқ. Көршілерінің құқығын қорғап жүрген белсенді зейнеткер Нина Щука қалалық әкімдіктен мардымды жауап болмаған соң облыс әкіміне арыз жолдағанын айтады. Облыс әкімі Даниал Ахметов сол хаттың негізінде халықпен кездесті.

-71 жыл бұрын салынса да, бұл үйлерге жылу мен ыстық су тартылмаған. О баста Аблакет ауданындағы көптеген үйдің жағдайы осындай еді. Кейін бәріне біртіндеп инженерлік инфрақұрылым тартылды. 2011 жылы кенттің коммуналдық шаруашылығы түгелдей жаңғыртылғанда біз тағы ескерусіз қалдық. Қыста ауданы 32 шаршы метр пәтердің өзін жылытуға 4 тоннадан астам көмір жағамыз. Ал электр пеш орнатқандар жарыққа айына 50 мың теңге төлейді. Бұған дейін бір рет осы мәселені шешу үшін қаржы бөлінген, оның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Биыл қайта бөлінгенін естіген соң, сол келеңсіздік қайталанбас үшін облыс әкіміне арыз жолдадық. Оның үстіне біздің үйлер ешбір мекеменің балансына алынбаған, – дейді Нина Щука.

Үйлердің ешбір баланста болмауы қала әкімдігіне шағым айта барған тұрғындар үшін ең үлкен тосқауыл болған көрінеді. Іргедегі қазандыққа қолы жетпей жүруінің себебі де осы көрінеді. Аймақ басшысы Бұл үйлерге тартылатын жылу құбырын «Өскемен жылу желілері» АҚ балансына алуды тапсырды. Ол үшін әуелі 192 метр құбыр тарту қажет. Ал үйлердің ішіне құбырды тұрғындар өз қаражаттарына жүргізеді. Мұндай ұсыныс көмір мен тамызық қамдаудың азабы өткен тұрғындарға майдай жақты.

-Мамыр айында қала әкімдігі құбыр тарту жұмыстарын жобалауға конкурс жариялаған болатын. Ертең конкурстың нәтижесі анық болады. Шілде айында барлық құжаттары мақұлдаудан өтіп, тамызда құрылыс басталады. Қыркүйекте үйдің іргесіне дейін құбыр тартылады. Оны күтіп отырмай, өздеріңіз үй ішіндегі желіні тартып қоюларыңыз қажет. 192 метр құбыр жүргізу үшін 20 млн. теңгеден астам қаржы керек деген есеп бар. Ол сома қала бюджетінен бөлінеді,- деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі аталмыш аудандағы №13 мектептің жағдайымен де танысты. Сыртқы сәулеті мектептен гөрі музейге ұқсайтын білім ошағының іші де жылмақтай екенін көрген Даниал Ахметов «Менің мектебім» акциясы аясында атқарылған шаруаларды тексерді. Робот техникасы сыныбы мен физика кабинетінің оқу жылына қазірдің өзіне дайын екеніне көз жеткізген облыс әкімі мектептің шатыры мен терезесін жаңартып, аулаға қоршау жүргізуге қаржы бөлінетінін атады.

-Мектептің ҰБТ көрсеткіші облыстық көрсеткіштен 2 балға төмен екен. Директор ұжыммен бірге осы олқылықты биыл жою керек. Жөндеуге 50 млн. теңге қажет деп отыр. Оны нақтылайтын боламыз, – деді облыс басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button