Алты мыңнан астам көшет отырғызбақ
Облыс орталығының тұрғындары тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсене кірісті. Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов өзі бастап сенбілікке қатысты, 19-шы ықшамауданда көшет отырғызды.
Сәуір айы келісімен санитарлық тазалық бойынша екіайлық басталды. Алғашқы сенбілікке шаһардағы 27 ірі кәсіпорынның, 12 жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің, 14 қалалық бөлімнің, департаменттер мен басқармалардың өкілдері, студенттер қатысты.
Барлығы алты мың адам мен 100 техника жұмылдырылған сенбілікте қаладағы саябақтар, демалыс орындары мен аулалар тазартылып, 500-ден астам көшет егілді. Шамамен 400 текше метр қоқыс шығарылды. 19-шы ықшамаудандағы №46 мектептің жанына жүзге жуық ағаш шыбықтары отырғызылды. Сол сияқты Карл Маркс көшесінің бойымен де көшеттер сап түзеді.
– Екіайлық аясында қаламызда алты мыңнан астам жас шыбық отырғызу жоспарда бар. Бүгінгі сенбілікке тұрғындар белсенді қатысуда. Адамдардың барлығы түсіністікпен қарап, өздері тұратын мекенді тазалап, көріктендіруге атсалысып жатыр, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Ысқақов.
Шығыс-Ақпарат