Қоғам

Алты мың көшет екті

Өткен сенбіде ел аумағында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен бір мезетте бастау алған республикалық ағаш отырғызу акциясына өскемендіктер де  ұйымшылдықпен қатысты.

Акцияға облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков қатысты. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар өкілдері, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, депутаттар, спортшылар, блогерлер, қоғам өкілдері, студенттер және қала тұрғындары да көшет егуге ұйымшылдықпен шықты.

Шырша, сібір шыршасы, қайың, самырсын көшеттері Өскеменнің жаңа 19-тұрғын ауданындағы Ілияс Есенберлин даңғылының бойына қаз-қатар егілді. Көшеттер облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 мемлекеттік мекемедегі тұқымбақтардан әкелінген.

– Аталған акцияны ағымдағы жылдың көктемінде бастағанбыз. Облыс бойынша содан бері 132 800 түп көшет егілді. Облыстағы барлық мектептерде экологиялық сағаттар өткіздік. Мектеп оқушылары төрт мыңға тарта ағаш екті.  Ал бүгін алты мың көшет егеміз. Мына 19-тұрғын аудандағы Есенберлин даңғылының бойына 1100 ағаш отырғызамыз. Оның ішінде 400 қылқан жапырақты шырша, самырсын көшеттері бар. Бұдан басқа, қайың, қарағаш, шетен, тағы басқалары бар. Әр сенбі сайын қалалар мен аудандарда сенбілікпен қатар көгалдандыру жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Жыл соңына дейін 150 мың түпке дейін жеткізбекпіз, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.

Өз кезегінде егілген көшеттердің қурап қалмауы үшін ары қарай күтіп- ұстау, уақытында суару жұмыстарын қалалық ТҮКШ бөлімі және сол аудандағы тұрғындардың өздері жауапкершілікке алмақ.

– Бұл шыршалар өскен кезде көшені де көркейтеді әрі экологияны да жақсартады. Ары қарайғы күтіп-ұстау жұмыстарына осы даңғыл бойындағы тұрғындар да атсалысқаны жөн, – дейді «Экосервис-С» ЖШС директоры Ерік Сандыбаев.

Атап өтерлігі, акция абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша жүргізіліп жатқан қалалық сенбілікпен қатар ұйымдастырылды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button