Руханият

Алты арыс елдің Алтайда – адалбақаны

Алты арыс елдің Алтайда – адалбақаны

Алтайдың абыз жыршысы

Жазушының алаң дертті азабы,
Уайымы мен үмітінің базары,
Ғұн тілінде жамырайды ғарышта
Ауылдастың озаны мен азаны…

Бұдырайған екі шеке би ағам,
Қырағы көз қалт жібермес қиядан
Алтай таудың аманатын орындап,
Топыраққа жапырақ боп құлаған…

Сүрлеу-соқпақ қарашада із қалған,
Жалт еткенде қайран қоңыр күз жалған,
От орнынан не қалды деп сұрар ма
Оралханың тосып тұрып Сізді алдан?

Қанып іштің Ақсу текті – қайнардан,
Сағынышың кіндігінен байланған.
Топқайыңнан торқа киген, абызым,
Сөз- суреті бүршік атып, ой жарған.

Сере қардың сөгілгендей көбесі,
Алтын күрек лебізіңді төгесің.
Жұмбағы көп қара сөздің бұрқағы
Жолын тапсын ғасырларға келесі.

Замананы жырла дейсің…

Ұят болды домбырадан,
Ұят болды қаламнан,
Екі сөйлеп екіленген
Ұяламын қоғамнан.

Алла – көкте,
Ақша – жерде,
Екі жаққа қаранған,
Атты кісі адасады
Айды жапқан бораннан…
Жауығады діннің өзі
Сақал-шашын өсірген.
Хиджап киіп кедей қызы
Болашағы кесілген.

Ата тегі ақша қардан
Ар ойламай пайда ойлап,
Жем іздеген Жемқор бәңгі
Несі кетті бай-байлап?!

Өресі – тау, өрісі – қоршау,
Өкпесі өшкен тұмшалап,
Дөй тілдердің көлеңкесі –
Қазақ тілі – шисабақ!..

Сан соқтырар соғыстардың
Жаңа түрі жаралып,
Халық тағы қайғы кешті
Ұшқан құсы жоғалып…

Тұлпар кеткен тақымында,
Жорту үшін туылған,
Қазақ қырық шақырымда
Қара жолда қырылған?!

Абайламай шоқ басқанға
Әуесі – жау, жолы – жау,
Бар қазақтан бір қазақты
Бөле көрме, Тәңір-ау!

*** *** ***
Жоқ қой енді таңды күткен бір адам,
Бала да жоқ өксіп оған жылаған.
Көлеңкесі көкте күнге жұтылып,
Топыраққа жапырақ боп құлаған.

Жоқ қой енді түнді күткен бір адам,
Ой бағбаны, қиялдан бақ құраған,
Кебенектің қыспағына шыдаған,
Кебін киіп, арылды ма күнәдан?!

Жерге қайтып келмейді енді бір адам,
Алласынан аманшылық сұраған.
Қайда кетті Сана салтанатымен
Қақ жарылып бөлінгенде тірі адам?!

Кетті солай қайырылмай жарықтық,
Бір жақсылық көре алмады қарық қып,
Күн дидарлы, ай келбетті сол бір жан,
Шын бақытын күте алмады байып қып…

Жұртта
Иен қалған, ойхой, Берел жазығы,
Ай астында ақ мұнарға батады,
Айдарлы ұлдың ат байлаған қазығы,
Құлап бір күн қабырғаңа батады.

Тілсіз қалған иен таудың етегі,
Жұлдыз қонып, мөлдір шыққа толады.
Көшкен елмен кетіп жердің кетеуі,
Қаңбағы ұшып, қаңырағандай болады.

Туған жердің түтіні де көгілдір,
Тік шалқиды елдігімнің туындай.
Алып ұшам көру үшін соны бір
Енесінен айырылған құлындай.

Жым-жырт ауыл. Көкек даусы сиреген
«Шағыл» тауға шықпайды енді көп бала,
Мыңғырған мал жоқ, шаруашылық күйреген,
Клуб жабық, ойын – сауық тоқтаған.

Есесіне салып ұрып жетеді,
Жарқабақтан өксік үнді өзенім
Өгіз аяң, өндімейтін тепеңі
Елі азайған жер қайғысын сеземін…

Шалғын иіс қара жолдар шырқырап,
Кіндігімнен тым алысқа ап қашады,
Тағы бір түп жусан иісі бұрқырап,
Тағы бір жан бауырына басады…

Далалық Сөздің жұпары

Арғымақ өлең жебелеп,
Кәусарын қырдың жұтады,
Есінде әннің әуелеп,
Далалық Сөздің жұпары…

Ақберен жырым аңқылдап,
Сазымен Сырдың жарыстың,
Қанатында қаздың қаңқылдап,
Созыла түскен Дауыстым.

Толғаудың тоқсан иірім,
Алтайға жеткен бір демі.
Домбыра басқан күйігін,
Сазінген деп те біл мені…

Азуын Айға білеген,
Бір Елдің бетке тұтары.
Өртеген кезде бір өлең,
Дем салған сөздің жұпары…

*** *** ***
Биік едім адамның адамымен,
Тынып едім жан күлсе пәк арымен.
Қарлы шыңдар қабағы жазылмайтын,
Сұлу едім ауылда ай жанарымен…

Мен осылай болар ма ем күй таңдасам,
Жартыкүндік жем үшін жыртыңдасам.
Кешір мені, туған жер, көктей алмай,
Зар биікте қап қойған ұлпаң болсам…

*** *** ***
Жылғалармен сылдыр – сылдыр су ақты,
(Адамдар да өзгермеген сияқты).
Жүрек суып, Мұз дәуірі басталған,
Зәрі қатты заман мені жылатты…

Бір көргенде жымиысып күлетін,
Таныстардың көп көремін суретін.
Қазақ қайда? Өз ішінде өлген бе,
Кебініне жасырып ап Күн бетін?!

Уақыт тапшы… Дархан көңіл тарылды,
Қанағатсыз … пұл соңынан сабылды.
Қараңғыда қыбыр – қыбыр қарманып,
Асау жүрек тұлпар күнін сағынды.

Арзан күлкі, арзан ақыл, арзан сөз,
Ғұламалар неге сиреп қалған тез?!
Күн шуағым сөніп бара жатқандай,
Сезімнен от шығарамын, ойдан көз.

Тірлік үшін қапылады қаймана,
Бөтен сөзбен жамырайды айнала.
Менің зарым – уақыт шерін тарқатар,
Сарыарқаның самалы ғой жай ғана…

Күнге шабуыл

Күнді сауа бастаған жаңа ғасыр,
Дір-дір етіп бір үрей санада тұр.
Бір бұзылған ниеті кер заманда,
Нұр бұзылмай тұрмайды, қара да тұр…

Әй, нұрды ұрлаған адамзат әсте оңбайды,
Көрмей тұрмын «Күн жеуден» асқан қайғы
Алланың сақалына жармасқан күн,
Адамның ала көңілі «аспандайды».

Арыла алмай сан дерттің солығынан,
Жұмыр бастың онсыз да жолы бұраң.
Жерде тұрып сұм жүрек сескенеді,
Күнге тартқан «Шыңғысхан жорығынан»…

Келсе келсін дедің бе, Заманақыр?
Күнсіз күнің «ғұламам», қара бақыр,
Бар жылуын шөкімдеп алған сайын,
Жан жылуың азайып бара жатыр…

*** *** ***
Тыржалаңаш… сүйінген,
Қызыл тонын киінген,
Қаршығадай түйіліп,
Аққу мойны иілген
Заманыма таңданам.

Ақыл сұрап өзгеден,
Шетел қалмай кезбеген,
Ойсыз құлақ, көз неден
Көр болғанын сезбеген,
Амалыма шамданам…

Топырақпын, кеппеймін,
Жапырақпын – шеттеймін,
Қақырап та кетпеймін,
Шебер Құдай қолында,
Құмыра боп жан бағам…

Көп тіл оқып көктейтін,
Жарқылдайтын, өтпейтін,
Беліне шоқпар қыстырып,
Енесін ұрып ептейтін,
Ғұмыры ғасыл күйбеңге,
жиырма төрт сағаты жетпейтін,
Арсы-гүрсі айналам…

Біздің жақта
Күмбірлер саған қарағай,
жалбырап қайың,
Жер осы – жалы төгілген,
Арғымақтайын.
Бабамнан қалған – бәдәуи,
атамнан – аңыз,
Шаншылып туған шыңдарға,
Айды мақтайын.
Қарағай – ауыл, бұл жерде,
Қайыңды да ауыл,
Аршалы белде соқпайды
арынды дауыл.
Аспаннан Кәусар құлаған,
Арасан жаққа,
Марал қамалған бір қара,
ала шарбаққа.
Тұманнан шидем қабаттап,
Шұбарағашы,
Келеді қайтып түркінің
көне баласы.
Көкбөрі шулап жатқандай
майдалап тасын,
Қиқулап жетті өзендер
қайдан ап басын?..
Бұрқырап бұла бұлақтан
Берелдің белі,
Айғайтас жақтан білінер
Өрелдің демі.
Өзіңнен – өзің шығасың
Еңбектеп төрге,
Қайта бір келіп тынасың
көрмекке Көлге.
Хор қызы сәулет беретін
Таңбалы тасы,
Ақындары көп өлкенің
арналы басы…
Құс тінді құмыр қазақтың
жәудір мекені,
Өлеңмен қойған Өрнек деп,
жердің бекемі.
Топқайың тағы шығады
алдыңнан көркем,
Айыртау бейне көрінген
айдыннан желкен.
Жамбылың осы – жаңаша,
Ақмарал – ауыл,
Бұғының қанын күнгейге
қақтаған ауыл.
Тоқырау жылдар ел іші
тарыққан кезде
Жоқшылық дәмін толайым
татпаған ауыл.
Көкірегін таудың қақ жарып,
Ақсу ағады,
Самырсын самсып өспеген
тапшы жағаны…
Ақ сырма толқын көбігі
қозыдай маңырап,
Көгеннен өзен көргенің
жоқ шығар әлі…
Шыңғыстай мынау – Шешені
төгілген судай,
Көсіліп жеткен кермеге
Дарабоз шыңдай…
Ауғаны елдің аулаққа
Алаңдатады,
Алты арыс елдің Алтайда –
Адалбақаны.
Мекенін тапқан таулардың
жазықтығынан
О, менің қайсар Қарағай,
нәзік Шұғылам!
*** *** ***

…Қоңыр салқын үнімен селеулердің
Сабыр сақтап даламда кемелдендім.
Сыбызғы үнді сазынан өлеңі ескен
Менің жаным сарайы шеберлердің…

Тасты жарып шыққанда таудан шынар,
Ғажабынан тірліктің арман туар.
Күлімдесе кеудемде Күн суреті
Бабам менің қанымен салған шығар…

Бейкүнә шықтың көзі ақық жасты,
Жалт еткен ғұмырымен бақұлдасты.
Дірілдеп сағағында қайран өмір
Қызыл гүл қара жермен жақындасты.

Көлдердің мөлт еткенде қарашығы,
Жайраған жасыл белдің жарасымы,
Жалғыздың жанына жара салған шығар,
Шатырлап найзағайдың тау асуы…

Алтайда жүз жыл бағып Ай қабағын,
Суреткер бола алмасам таң қаламын.
Бұтағын қарағайдың шайқап өскен,
Кербұғым, Кәусар текті Кермаралым.

Жұтынып жұпар шашса өрден шынар,
Көрем деп көздің нұры көрден тұрар.
Қарығып көркемдіктің құдіретінен
Қамығып талай шебер өлген шығар?..

Үш кісі

Күннің көзі тұрса да нұр себелеп,
Бір кісі бар көрсетпейтін өң-бетін.
Көз қарығып жарықтан тұрса да ерек,
Өлгенінше өзгертпейтін келбетін.

Жоғалады барлық шуақ текке өліп,
Ағын сулар бетпақ шөлде малтыға,
Сол бір кісі тұрар өлі беттеніп,
Күңгірт жүзін ұят оты шарпымай…

Селт етпейді оның кебін суреті,
Жылымайды қара жартас күйінде.
Жетпей қалған мейірімнің құдіреті,
Тістеледі менің өткір тілімде.

Екіншісі… қол созады сәулеге,
Шөлі қанбай зәмзәм суын сіміре.
Сосын тағы жарқырайды сәндене,
Нұр сіміріп және өзі төгіле.

Арай сіңіп жайнап кетер сол кісі,
Табиғаттан алынатын бар күші.
Жер шарының секілденіп күн беті,
Сонда оның келер жақсы болғысы.

Өздігінен жана алмайтын жалындап,
Қараңғыда қабырғасы сөгіле.
Күлкісінде кісінейді қайың-бақ,
Қара қайғы қарманады шегіне.

Үшіншісі… Өз-өзінен елжіреп,
Көңіл түбі көрінеді айнадай,
Көк әлемді көркемдеген кең жүрек-
Қара жермен сырласатын Толғанай.

Маңайына гүл шашады уыстап,
Рахым нұры күлімсірер өңдене.
Атой салып, мыңды бастар ту ұстап,
Даналықтан зар шегеді Кермене…

Күтпейді ол балдырдың да жылуын,
Өз отынан өртенеді өзегі.
Күллі әлемдік мейіріммен тыныстап,
Толқып аққан өмірінің өзені.

Бақытжан Раисова

Осы айдарда

Back to top button