СпортТОП

Алты әлем чемпионын тәрбиелеген ауыл бапкері

Соңғы жылдары Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында спорт түрлерін дамытуға, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен қол күресінің орны бөлек. Қазіргі уақытта қол күресі – ауыл жастары үшін ең қолжетімді спорт түрінің бірі. Бүгінде Тұғылдың құрыш білекті, бармағынан күш саулаған жігіттері шашасына шаң жұқтырмай, түрлі бәсекелерде топ жарып келеді. Бұл ретте, Айдын Егінбаевтың еңбегі ерен екенін айту керек.

Армрестлингтен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауданымыздағы қол күресі спортының негізін қалаушы Айдын Егінбаев туралы жазу көптен бері ойымызда жүрген. Ол – Тарбағатай ауданы, Құйған ауылының тумасы. Аудан спортының дамуына табан ет, маңдай терімен үлес қосқан азамат. 1999 жылдан бері қол күресінен шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ол осы уақыт аралығында алты бірдей Әлем чемпионын даярлаған.

Иә, ауыл-аймақта батыр бабаларымыздай алыптарға тартып туған, қайсарлығы қанында қайнаған жас өрендер аз емес. Ал оларды баптап, бағыт-бағдар беріп, жарысқа қосатын Айдын сынды білікті бапкерлердің ауылдағы спорттың жандануына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз екені айпасақ та түсінікті.

Адам бойындағы асыл, айнымас қасиеттердің бірі – намыс. Жүрегіңді найзадай түйрейтін, сүрініп кетсең тік тұруға ұмтылдыратын, еңсең түссе есіңді жидыратын, үнемі қамшылап отыратын да осы намыс атты тылсым құдірет емес пе?!. Осындай намыстың қайрағында қайралған, әр әрекетін ардың өлшеміне салып, қай қадамын шәкіртінің жеңісіне салмақтайтын ұстаз-жаттықтырушылардың бірі – осы Тұғылдың Айдыны.

Бір байқағанымыз, аса салмақты көрінетін ұстаздың шәкірттері де ішкі тәртіп пен этика талаптарын қатаң сақтай біледі екен. Олардың отаншылдығы, намысқойлығы, сонымен бірге еңбекқорлығы сүйсінтпей қоймайды.

Айдын биыл 47 жаста екен. Қазағымыздан сөз қалған ба, халқымызда «Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да, төбел туады» деген сөз бар. Осы ретте, ауданымыздағы еркін күрес мектебінің негізін қалаушылардың бірі болған, қазақ күресінен еліміздің спорт шебері, облыстың түйе балуаны атанған Тарбағатай спортындағы құрметті есімдердің бірі Әмір Егінбаевтай саңлақтың баға жетпес тәлімін айтпай кетуге де болмас.

Айдын Егінбаев – өз ісінің нағыз шебері, жиырма жылдан астам уақыт бойы жастарға қол күресінің қыр-сырын үйретіп келе жатқан білікті маман.

– Қол күресінде жетістікке жетемін десең, бойыңда екі нәрсе – техника мен қара күшті қатар ұштастыра білу керек. Спортшының шапшаңдығы, қолының ұзындығы, бұлшық еттің нығыздығы мен білектің төзімділігі – осының бәрі бәсекеге түсушінің артықшылығы бола алады. Сондықтан да шәкірттерімді іріктеуде осы факторларды назарға алуға тырысамын, – дейді тәжірибелі жаттықтырушының өзі.

Қазірде Тұғылдағы спорт мектебінде қол күресімен жүзге жуық бала тұрақты айналысады екен. Ауылдағы спорт жанашырларының өз күшімен жергілікті әкімдіктің жанынан ашқан спорт залына кіргенімізде олардың бұл іске шынымен де жан-тәнімен берілгенін байқадық. Кішкентай ғана залда ине шаншар орын жоқ, іші балаға лық толған. Бүгінде жеткіншектер аумағы аядай залда қол күресі, гір спорты, және күреспен айналысады екен.

Бапкерлер болса, 10 жыл бойы көрінген жерді паналап, ақырында әзер қол жеткізген осы залдың өзіне шүкір деп отыр.

Рас, бүгінде аядай ғана зал қол күресінің қайнаған ошағына айналған. Бұл клубқа балалар 6-7 жастан қабылданатын көрінеді. Олардың ішінен оза шапқандары республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып, бақ сынап жатады.

Осы ретте, білікті бапкер шәкірттерінің жетістіктері туралы да аз-кем сөз қозғағанымыз жөн болар. Солардың бірі – 2008 жылы Канадада өткен жастар арасындағы Әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған Назерке Егінбаева. Сондай-ақ Әлемнің бес дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлижан Мұратов та – Айдынның төл шәкірті.

Дүние жүзін мойындатқан Әлижанның ең бірінші жаттықтырушысы болған Айдын Егінбаевтың бапкерлік шеберлігі туралы кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еліміздің қол күресі және гір спорты федерациясының президенті Марат Асайынов:

– Елімізде Әлижан Мұратовтай саңлақты тәрбиелеген Айдын секілді бапкер сирек. 2019 жылы Румынияда өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 55 мемлекеттің ішінен екінші орынға ие бола білді. Осындай ірі әлемдік додада ел абыройын асқақтатуға орасан зор үлес қосқан Айдын Егінбаев – сіздердің аудандарыңыздың ғана емес, тұтас Қазақстанның маңдайына біткен мақтанышы, ел спортындағы ірі есімдердің бірі. Алыстағы ауылда, қажетті спорт жарақтарының жоқтығына қарамастан, кеудесінде намысы бар жастарды соңынан ертіп, талай чемпионды тәрбиелеп өсірген біртуар азамат, – деп баға берген болатын.

2014-2020 жылдар бедерінде бапкердің үш бірдей шәкірті Әлем чемпионы атағына қол жеткізген-ді. Халықаралық аренада намысты қолдан бермеген спортшылар арасында Бауыржан Әбүйіров, Евгения Гунько, Балжан Зеренханова, Ақмарал Советханова, Айғаным Кәкенова, Жұлдыз Жайлаубаева, Назерке Тоқанова, Айжан Жотабекова, Қайрат Кәрменов сынды мықтылар бар.

Біздің білуімізше, Айдын Егінбаев – мықты спортшы, білікті бапкер ғана емес, рухани жағынан да бай адам. Ол туған жерінің гүлденуіне, Тұғыл ауылының елге үлгі боларлықтай бой түзеуіне бағытталған көптеген игілікті іс-шараның басы-қасында жүреді.

Спортшының балалары да әке жолын қуып, спортқа ден қойған. Жоғарыда айтқан, Назерке Егінбаева да – дәл осы Айдынның перзенті. Ал ұлдарына келер болсақ, Әмірі еркін күреспен, Әбдірасылы олимпиадалық спорт түріне жататын керлингпен шұғылданады екен. Ағасы Тимур – волейболшы. Біз сөзбен айтқанда, бәрі – Айдынның өзі сияқты спорт төңірегіндегі адамдар.

Шәкен Көпшікбаева

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button