Қоғам

Алтайын жырға қосқан Ақтан ақын

Алтайды өлеңіне өрнек етпеген ақын, қаламына арқау етпеген жазушы кемде-кем шығар. Өйткені Алтай өріліп тұрған өлең, суретпен салынған шығарма. Дәл осындай өлкеде дүниеге келіп, шығармашылығы тамаша табиғатпен үйлесім тапқан ақынның бірі  – Ақтан Нұрбаев.

Өлең өрнегіне үңіле білген адам Алтай мен Ақтан ақынды егіз ұғым ретінде көре алар еді. Себебі ақынның сүбелі жырларының ішіндегі сүйектілері Алтайға арналған. Ақын:

«Ақ иық асқар таулар тізбектеліп,

Тұрады-ау төбесіне мұз бөктеріп,

…Па, шіркін, Алтай неткен сұлу едің,

Талай жан тамашалар іздеп келіп» деп жырлайды.

Осы бір орамды шумақтан-ақ ақынның шығармашылық қуатын, өлең өрнегіндегі ғұмырнамасының қалай өткенін аңғаруға болатындай. Иә, ақын ауылының құшағында жүрсе де Алтайын аңсап, сағынған. Сол бір сағынышты туған жұрты айтты, біз деректі фильмнен көрдік. Ақын шығармашылығына арналған деректі фильм «Юбилейный» кинотеатрында көрсетілді. Бұл туындының мақсаты – поэзия әлеміндегі шоқтығы биік, талантты ақын Ақтан Нұрбаевтың өмірі мен шығармашылығын Республика жұртшылығына кеңінен таныстыру, сегіз қырлы, бір сырлы, ақындық пен кісіліктің, адамгершіліктің тізгінін қатар ұстаған тұлғалы азаматты насихаттау. Осы орайда ақынның жыр жинақтарын шығаруда үнемі демеушілік етіп келе жатқан ұл-қыздары бұл жолы да биіктен көрініп, деректі фильмнің жарық көруіне қаржылай қолдау білдірді.

Мұнда жиналған жұрттың қарасынан-ақ ақынның аты ұмытылмасын аңғаруға болатындай. Сөз қадірін білетін жандардың барлығы да ақынды сағынышпен еске алуда. Деректі фильмнің көрсетіліміне келген Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, қаламгер Әлібек Қаңтарбаев ақын шығармашылығын тілге тиек етті.

– Ақтан – ақын. Ақын боп дүниеге келіп, сауда саласында қызмет істеп, ақын болып фәни есігін жапқан адам. Жалпы, Ақтан көкемнің поэзиясы мынасы лирика, сонау бір азаматтық әуендері, көңіл-күй ұшқындары, ал анау бірі сағыныш саздары, мына бірі пессимистік деп жіліктеуге көп көне бермейді. Сонысы да дұрыс шығар деп ойлайсың. Неге дейсіз бе? Шынайы ақын шабыты ерік күшін, мұқым болмысын бұзып-жарып, көкірегін тепкілеген, жыр тасқыны сел болып ақтарылған аламан сәтте саналы әрекеттерге бара алмайды. Лақылдап құйылады, сарқырап төгіледі. Шабыт – санаға бағынбайды. Міне, мен Ақтан аға шығармашылығынан осы бір қос жанарды қарықтыратын найзағай көріністі жиі байқаймын, – дейді Әлібек Қаңтарбаев.

Ақынның шығармашылық ғұмырнамасы Алтайға деген сағыныш сазына оранып, өлең өрнегіне із қалдырыпты. Ақиық ақынның Алтайдың сұлу табиғатымен үндесіп жатқан сыршыл өлеңдері шығысқазақстандықтардың ғана емес бүкіл қазақ елінің мәңгі жасайтын әдеби мұрасы болып саналады. Ақынды еске алған жұртының естеліктерінен де осы сарын байқалды.

– Қазақтың ақиығы Ақтанның көзін көріп, сөзін естіген жұрт осында жиналып отыр. Ақтан ағамыздың қазақ поэзиясында алар орны ерекше. Өйткені Ақтан ақынның өлеңдері тылсым табиғат, сылдыраған бұлақ, сыңсыған ақ қайың мен суылдаған қарағайдың үні. Ақынның жырындағы осы құдірет маған бұл фильмді жасауыма түрткі болды. Ал әуелгіде досым Дидахмет Әшімханұлынан Ақтан ақын жайлы естіген едім. Ақынның елін көрдім, жырын оқыдым. Содан кейін осындай туынды дүниеге келді. Фильмді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, қабырғалы қаламгерлер Әлібек Асқаров, Әлібек Қаңтарбаев қатарлы жерлестеріміздің пікірі толықтырды. Десе де осы фильмде «Ақтан жырға қосқан Алтайдың сұлулығын бере алдым ба?» деген сұрақ бар ішімде. Осы бір рухани азғындаған заманда әке шығармашылығын іздеген ұрпақтарына, ақынын іздеген еліне ризамын, – деді фильм режиссері Доқтырхан Нұрлыбек.

Өнердің бағасы, өмірдің өрнегі, сағыныштың сазына оранған деректі фильмді жұрт үнсіз отырып тамашалады. Осылайша, ойдан-қырдан жиналған жұрт Ақтан ақынның шығармашылық ғұмырнамасына саяхат жасап, ақынын еске алып қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button