Қоғам

Алтайым – азаттықтың ақ бесігі

Алтайым – азаттықтың ақ бесігі


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Өскеменде осындай тақырыпта облыстық ақындар айтысы мен жыр мүшәйрасы өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы селбесіп өткізген жыр жәрмеңкесіне өңірдегі өлеңге әуес ақындардың дені қатысты. Облыстық деңгейде әртүрлі мүшәйралар өтіп келе жатқанымен, Өскеменде кілең мықтылар қатысқан ақындар айтысы өтпегелі қашан?! Тіпті, кейбір ақындардың түрін ұмыта бастапты жұрт. Кезінде айтыс алаңында жасындай жарқылдаған Серікхан Жақиянов, республикалық айтыстың 22 дүркін жеңімпазы атанған Абаш Кәкенов, «айтыстың ақ бораны» немесе «солақай сері» аталып кеткен әріптесіміз, облыстық «Дидар» газетінің шолушысы Серік Құсанбаев, өз дәуірінде көрерменді көркем тілімен тамсантқан семейлік Серік Молдабеков, халықты асқақ әнімен, әдемі әзілімен баураған Нұртай Тілеужанұлы, Жүрсіннің жүйріктерінің ортасында жүріп сан мәрте топ жарған, соңғы жылдары айтыстан алыстаңқырап кеткен Аслан Ғафуров сынды ақындардың бұл айтыс арқылы ел алдына қайта шығуы өңір руханиятының тың серпілісі секілді көрінді көзімізге.

– Жазушылар одағының мақсат-мұраты жергілікті жердегі рухани құндылықты жинау, соның қоламтасын қағыстыру, өнерлі жастарды табу екені белгілі. Бұл шара Жазушылар одағының өңірдегі филиалының қолға алған алғашқы жұмыстарының бірі. Болашақта ақындардың мерейтойын өткізу, кітаптарын шығару сынды жұмыстарды қолға аламыз. Жергілікті жердегі ақын-жазушылармен бірге бұл бастаманы аудандарда жалғастыру да ойымызда бар, – деді Әлібек Қаңтарбаев.

Жыр сүлейлерінің сөз барымтасы мен мүшәйрасына Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Әлібек Қаңтарбаев бас қазы болып қызмет етсе, ардагер айтыскер Дәмеш Омарғалиева, газетіміздің Күршім ауданындағы меншікті тілшісі, ақын Хасен Зәкәрия, семейлік ақын Қайрат Сабырбай, ғалым Айжан Қартаева қосымша төрелік етті.

Айтысты Нұртай Тілеужанұлы мен өскемендік Гүлнұр Зұлқаршын бастады. «91 жылы қазақ Тәуелсіздік алғанда көшті бастап келіп едім, енді айтысты бастап отырмын» деп ой өрбіткен Нұртайға қарсыласы көш жайындағы көшелі ойын айтты. Бүгінде Ұлан ауданында халық қалаулыларының бірі болып жұмыс істеп жүрген Нұртайға «Нұраға көшті тоқтатпаңыз» деген «өтінішін» айтты. Сыйластықты ту еткен бұл жұптан аға мен қарындастың әдемі айтысы шықты. Ағасы қарындасқа жолын беріп, екінші кезеңге Гүлнұр өтті. Айтпақшы, бұл айтыстың тағы бір ерекшелігі – ақындар ұпай санымен емес, қарсыласын жеңу арқылы ғана ақтық сайысқа жолдама алды.

Айтыстың ақ бораны қайта соқты

Екінші жұп болып әріптестері «айтыстың қара қасқасы» атап кеткен Серікхан Жақиянов пен аягөздік жас пері Нұржан Қайратұлы шықты. Халық Секеңнің «Пой, пойын» сағыныпты. Дайындалу дегенді білмейтін ақпа ақынға Нұржан «Совет заманының сарқыны, келінімен жағаласып бала тапқан ене құсап, жастардың ортасында неғып жүрсің» деп тиісті. Айтатын жөні бар. Өйткені екеуі балдыз бен жезде болып айтысқан. Жас жүйріктің бабына разы болған тарлан жарыс жолынан өз ықтиярымен шықты. «Болайын биікке өрлер баспалдағың» деп жырлаған Секеңнің бұл мәрттігіне қазылар да, халық та қосылды.

Үшінші жұп болып сөз таразысына зайсандық Ардабек Ақбаба мен семейлік Манарбек Сатыбалды тартылды. Халықты шоу жасап баурағысы келген семейлік ақынның дегені болмады. Әр сөзінен қалт жібермей ұстаған қарсыласы Манарбектің адымын аштырмады. Ардабек бабында жүр екен. Қазылар да ең жоғарғы балмен екінші кезеңге өткізді.

Төртінші жұп төрге шыққанда халық бір шулап барып тына қалды. Шулағаны айтыстың қос алыбына деген қошеметі болса, тына қалғаны отыз жыл бойы жыр байрағын желбіреткен екеуіне деген құрметі болатын. Бұл ел ықыласына ертеден бөленген Абаш Кәкенов пен Серік Құсанбаевтың жұбы еді. Нағашы, жиен болып сөз қағыстырған қос жүйрік баяғыдағы бабында екенін бірден аңғартты. Сұлу да салиқалы жырмен көрерменнің көңілін тапқан Секең сол мысқылына басты. Жуықта ғана мерейтойын өткізген нағашысына:

– …Сен енді мұрт өсіріп, сақал жібер,
Қысқасы, алпысыңда ақылды бол, – деп соқтықты. «Ақыл сақалмен өлшенбейді» деп құтылған Абекең абайсызда сөзден сүрінді. Қарсыласына тілек айтып отырған ол аңғармай «анаңның жатқан жері..» деп айтып қалды. Қылт еткенді құтқармайтын қырағы Серік әрине жіберген жоқ.

– Тоқсанда төрде отырған анашымды,

Абашжан сен өлтіріп тастадың ғой, – деп салды. Әбекең жалтарды, бірақ «айтылған сөз атылған оқ» қой, Секең қара үзіп кетті.
Бесінші жұпта Семейдің қос Серігі бір-біріне серік болды. Жеребе тартылғанда Серік Қуанған мен Серік Молдабеков жұптасыпты. Екеуі әдептен озбай, бір-бірінің жағасына қол созбай шәкірт пен ұстаз болып сыйласып, көркем айтыстың көрінісін жасап шықты.
Қазылар алқасы Тәуелсіздік тойы туралы:

–Айтыс жасап жатырмыз аламан ғып,
Айтылып азаттықтың тұғырлы әні.
Әр күні қазағымның думан болса,
Бақытың осы емес пе ғұмырдағы.
Енді бізді сақтасын қу заманнан,
Түлкінің құйрығындай құбылмалы.
Еншалла биіктерге қанат қақсын,
Қыраның қырағы көз тұғырдағы.
Ортасы қазағымның думан болса,
Арқасы азаттықтың мұның бәрі, – деп жырлаған Қуанғанұлына жеңісті ұстатты.

Ақырғы жұп болып Аслан Ғафуров пен ұландық Жанат Расылхан сахнаға көтерілді. «Болмаса зал жартысы толар еді, бұл Жанат ертіп келсе бар баласын» деп сөз бастаған Аслан қарсыласынан айтыстағы айла-шарғысы әлдеқайда жоғары екенін аңғартты. Халық Асланды, Аслан айтысты сағыныпты. Әзімбектің әуенімен құйқылжыта шапқан тарлан мәреге ентікпей жетті. Қарсыласына ала келген шапанын жауып, аттандырып салды.

Елдің мұңын, жердің құнын жырлады

Сонымен екінші айналымға өткен алты ақын үш жұп болып елдің алдына қайта келді. Қазылар алқасы бірінші айналымда жүйріктігін көрсеткен Серік Қуанған мен Ардабек Ақбабаны жұптапты. Бір-бірінің осал тұсын аңдып, өрелі ой айтуға құлшынған қос жас пері алғашқы айналымдағы шабыстарынан сәл баяулау көрінді көзімізге. Қазылардың бағасы да солай болды. Ұпай санымен Ардабек жеңді. Тап бермеде тауып айтатын шешендігін бағалаған қазылар Ардабекке осы айтыстың үшінші орнына тігілген жүлдені табыстады. Бұдан кейін Аслан мен Гүлнұр шықты. Қайын мен жеңгенің арасындағы әдемі әзілді айтысқа әкелген Аслан «Найман, найман» деп отырған жеңгесін атаңның атын айттың деп сөзден ұстады. Бірінші орынға тігілген 300 мың теңгені ұтқан Аслан мәрттік жасап, жүлдесін эпилепсия ауруына ұшырап, емделуге қаржысы жетіспей жатқан Илья есімді өскемендік өспірімге атады. Бұл айтысқа Серік Құсанбаев пен Нұржан Қайратұлы нүкте қойды. Халықтың айызын қандыратын ащы шумақтар да осы жұпта айтылды. Жалпы, оқушы кезінде жарқ етіп көрініп, айтыс әлемінен біраз уақыт алыстап кеткен Нұржан ақын осы айтыстың жаңалығы болып, екінші орынның жүлдесін қанжығаға байлады. Ал бабы мен бағы қатар шапқан әріптесіміз Серік Құсанбаев айтыстың бас жүлдесіне тігілген жарты миллион теңгені еншіледі. Бұл күні Секең елдің мұңын, жердің құнын жанарына жас алып отырып жырлады. Уақыт керуені алдаспан ақынның өткір жүзін ешқашан тоттандыра алмайтынын дәлелдеді. Арқасы қозған ақынды қазылар арқан керіп әрең тоқтатты.

Әр жұп ақындар айтысының ортасында екі жазба ақынның өлеңі көрермен назарына ұсынылып отырды. Қазылар алқасының айтуына қарағанда мүшәйраға қырық ақын қатысқан. Олар ақылдаса келе, он ақынды іріктеп алған екен. Міне, сол ондықтың өлеңіне баға қою қазылар алқасына оңай тимегені белгілі. Бас жүлдеге тігілген 100 мың теңгені семейлік Қуаныш Еркінұлы алды. Бірінші орын өскемендік Қызырбек Дүргінбайұлының еншісінде. Екінші орынға семейлік Гүлім Жакина лайық деп танылса, үшінші орынға Бауыржан Игілік табан тіреді. Бұдан бөлек өскемендік Дәулетберді Жекей, Алтынғадыс Күнтуған, Данагүл Исағұлқызы, Жеңіс Оразайұлы, семейлік Сәтжан Кәріпбаев, аягөздік Қазыбек Байжұманов сынды ақындар ынталандыру сыйлығына ие болды.

Өскемендегі Металлургтер мәдениет үйінде өткен бұл жыр жәрмеңкесінің «бір кем дүниесі» көрермен өте аз жиналды. Бұл туралы ақындар да әзіл-шыны аралас жырларына қосып жатты. Қорыта айтқанда, айтыс пен мүшәйраның көрермені аз болғанымен көрерменге бергені аз болған жоқ.

Алтайым – азаттықтың ақ бесігі

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button