Қоғам

Алтайға Күннің өзі ғашық

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Дала дидары» облыстық өнер фестивалі аясында Шығыс Қазақстан Өнер музейінде Алтай ауданының  суретшілері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ашылды.

 

Сіз Алтай өңірінің әдемі табиғатын тамашалап көріп пе едіңіз?  Биік тау, буырқанған Бұқтырманың ағыны, қарағайлы орман бірден өзіне баурап, елітіп әкетері сөзсіз. Алтын сәулелі күннің өзі Алтай өңіріне ғашық. Міне,  осынау көрсең көзің сүйсінетін көрікті өңірдің келбеті Алтай ауданының кәсіби және әуесқой қылқалам шеберлерінің туындыларында көрініс тапқан. Алтай өңірі кенге ғана емес,  талантты, өнерлі адамдарға да өте бай. Көрмеге қойылған картиналардан олардың туған жерінің әр тасын, әр биігін кенеп бетіне ерекше бір сүйіспеншілікпен түсіргенін байқайсыз. Мысалы, Шамиль Почтарев Алтай қаласының ландшафты пейзажын дәстүрлі кенеп, акриль техникасында бейнелесе, Парыгино ауылының Мәдениет үйі бейнелеу студиясының жетекшісі Николай Никшин туған өлке табиғатының сұлулығын майлы бояумен өрнектеген.  Ал суретші Светлана Филонова өзінің майлы бояумен салған картиналарында қайың қабығын пайдаланады екен.   Бейнелеу және декоративті-қолданбалы өнердің  басын біріктіріп, жұмыс істейтін Светлананың картиналарынан ерекше бір ізденістің ізін көргендей боласыз.

Көрмеге сондай-ақ Жаңа Бұқтырма кентінің көркем еңбек пәнінің оқытушысы Василий Заичкиннің фанерден жасаған гүл салатын құмыра, қорап, шам секілді бұйымдары қойылыпты. Зубовка орта мектебінің оқытушысы Виктор Карпенконың да ағаштан жасалған бұйымдары  көңіл аударарлық. Сонымен бірге Алтай қаласындағы №9 орта мектебінің технология пәнінің оқытушысы Аслан Қадырхановтың қазақы нақыштағы зергерлік бұйымдары да ерекше талғаммен жасалғаны көзге ұрып тұр.

-Бүгін «Дала дидары» облыстық фестивалі аясында дарынды   жерлестерімізді таныстырғанымызға қуаныштымыз. Алтай ауданының басты байлығы –  адамдары. Біздің халық шеберлерінің әрбір туындысын   әдемілік, даналық әлемінің ашылуы деп бағалаған орынды. Шеберлеріміздің әрбір туындысы көрмені тамашалаушылардың  шығармашылық қабілетін ғана дамытып қоймайды, табиғатты сүюді, үйреншікті заттардың әдемілігін байқауды үйретеді. Мен осынау көрмені ұйымдастырып, біздің шеберлердің өнерін барша өнерсүйер қауымға паш етуге мүмкіндік бергені үшін музей басшылығына зор алғысымды айтамын, – дейді Алтай ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Еркежан Алтынғажықызы.

Алтай ауданы шеберлерінің  көрмесін мамырдың 25-іне дейін тамашалуға болады.

Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button