ТОП

Алтайға ғашық суретші

Жақында ауданда өткен мәдени  іс-шаралардың бірінде алматылық қылқалам шебері Ербол Хамировпен танысудың сәті түсті бізге.  Ербол Шалымбетұлы  зайыбы  Мәулиә  Әжиқановамен туған өлкемізде демалып жүргендеріне  екі ай болған  екен.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ербол Хамиров Жамбыл облысының тумасы. Алматыдағы Гоголь атындағы сурет училищесін, Темірбек Жүргенев атындағы көркемөнер академиясын аяқтаған.  Сақа суретші өзін тәуелсіз суретшілер қатарына қосады.  Ол  – кескіндемеші. Ербол ағамыздың айтуынша,  пейзаж салу оның ең басты әрі сүйікті тақырыбы, туған жердің ертегідей ғажап табиғаты, халқымыздың  әдет-ғұрыптары  мен  тұрмыс-салтын бейнелеу оған  рухани күш беріп, шығармашылығына қанат бітіреді.

Суретші бүгінде отбасымен еліміздің оңтүстік астанасы  Алматыда тұрады.

–Біз Катонқарағайда екі ай демалдық. Осындағы  Аққайнар ауылдық округіне қарасты Вера Климова дейтін кәсіпкердің демалыс үйлеріне  тоқтадық. Ол бізге Қараайрыққа баруға кеңес берді, сол жердегі демалыс үйін берді, – дейді Ербол Хамиров.

Отанасы  Мәулиә  Ахметқызы   Аққайнардың тумасы. Алматыға қоныс аударғанға дейін Ербол Шалымбетұлы отбасымен  Ақмола облысының Аршалы ауданында тұрыпты.  Онда зайыбы «Аршалы айнасы» атты аудандық газетте  бас редактор болып жұмыс істеген екен.

Мәулиә апаймыз Алматыға көшкен соң, отағасын Катонқарағай жерін  тамашалауға  кеңес бергенін айтады. Суретші отбасымен өткен жылы да ауданымызға келіп қайтыпты.

–Ондағы ойымыз күз кезіндегі Алтайдың табиғатын көру еді. Сол кезде Вера Павловна бізге: «Сендер Алтайға ғашық боласыңдар»  дегені есімде.   Айтқаны айдай  келді.

Бұдан кейін жарымыз екеуіміз әйгілі  Мұзтаудың етегіне сапар шегіп қайттық.   Мұзтау еліміздің  киелі 100 орындарының тізіміне қосылған. Оған барған да, бармаған да арман ғой. Ол арманымызды арқалап Мұзтауға жеттік.

Мен атқа мініп көрмеген адаммын.  Ал мұндағы табиғаттың шынайы сұлулығын көру үшін жеті сағат бойы ат үстінде жүруге тура келді.  Мұзтау – қасиетті тау. Ол кез келгенге  құшағын жая бермейді. Оның мұзарт шыңдарын үнемі бұлт басып тұрады екен. Біз барған күні Мұзтаудың шыңы   шайдай ашылды.

Діттеген жерімізге жетер-жетпес жолда тоқтап, демалып  алдық. Ат үстінде жүріп әбден шаршап қалдым. Бірақ Мұзтауға жеткен кезде шаршағанымыз  лезде басылды. Міне, керемет!  Сөйтіп, қасиетті мекенге  жеткен соң, құрал-саймандарымды алып, Мұзтаудың табиғатын бейнелеу үшін сай-саланы араладым.  Зайыбым Кіндіктасқа серуен құрып қайтты. Мұзтау мені Катонқарағай өлкесіне  шексіз ғашық еткізді, – дейді  Ербол Хамиров.

Ербол Шалымбетұлы – еліміздегі танымал суретшілердің бірі. Сөзіміздің растығын дәлелдеу үшін мына бір мәліметті айтып өтейік. Жақында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайлау алдындағы науқаны аясында Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде белгілі қазақстандық және америкалық суретшілердің “Мәңгілік дала дауысы” көрмесінің ресми ашылуы  өтіпті. Көрмеде Қазақстанның белгілі кескіндеме және мүсін шеберлерінің туындылары, оның ішінде Ербол Хамировтың да үздік  жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.

Ербол Хамировтың картиналары әлемнің көптеген елдерінде танымал. Суретші өз өнерін жас ұрпаққа шеберлік сабақтары, топтық және жеке көрмелерді ұйымдастыру арқылы үйретіп келеді. Өнер адамының “Ақдала” деп аталатын картиналарының бірі Вера Климованың қонақ үйінің төрінен орын алыпты.

 

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button