Шығыстан шығатын бренд өнімдердің бірі – бал екені бәрімізге белгілі. Бүгінде бұл өнімді өндіріп отырған шаруашылықтар өңірімізде аз емес. Солардың бірі – облыс орталығының іргесінде орналасқан «Пасека» шаруа қожалығы. Бұл жолы омарта өнімдерінің бірнеше түрін өндіруде ел аумағында ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге танымал шаруашылықтың басшысы Валерий Қасымбаевпен әңгімелесудің сәті түсті.
Тіршілігі қайнаған ірі өндіріс орталығының іргесіндегі «Пасека» шаруашылығының орналасқан жері де ерекше. Шаруашылық қаланың қауырт тіршілігінен қол созым жерде орналасқанымен, Ертіс жағасындағы көк майсаның нәрін алуға өте қолайлы. Жан-жағын орманды алқап пен саяжайлар қоршаған өзіндік бір оазис.
Қақпа алдында бізді омарташылар әулетінің үшінші буыны болып келетін Алексей Қасымбаев қарсы алды. Кіреберістен-ақ бал аралары гуілдеген ұялардан бал шайқап жүрген қос омарташыны көзіміз шалды. Ара ұшып келсе қолымызды сермеп, қашпауға кеңес берген Алексей бұл жердің күнделікті тыныс-тіршілігін сездіргендей.
– Қолдарыңызды сермеп, араны ызаландырмаңыздар. Оның үстіне күннің райы жақсы болғандықтан, араның көңіл-күйі де жақсы, сол себепті олар сіздерді шақпайды, – деп ол жымиып қойды. – Ауа райы ашық болғандықтан олар қазір бал жинауда. Сондықтан олардың басқаға көңіл аударатын уақыттары жоқ.
Алғашқылардың бірі болды
Посткеңестік әлемде алғашқылардың бірі болып карантиндік қыспағы көп көрші Қытайға сапалы бал өнімдерін шығаруды бастаған Валерий Қасымбаевтың шаруашылығы бүгінде асыл тұқымды бал араларын шетелдерге экспорттауды бастап кеткен екен. Мұның бір дәлелі – Моңғолияға жіберілетін омарта ұялары. Бірнеше жыл бойы қатарынан моңғолиялық омарташылармен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасқан әріптестер биыл да бұл істі одан әрі жалғастырған.
Маусым айының соңына қарай бал шайқау жұмыстарының басталатынын алға тартқан Алексей Моңғолияға жіберілетін ара ұяларының біздің өлке үшін кеш болғанымен, климаттық жағынан айырмашылығы бар үстірт жақ үшін дер уақыт екенін айтады.
– Осыған орай, біз оларға сегіз рамкадан тұратын ұяларды жібереміз. Бұл – барған кезде бал аралардың бірден бал жинауға кірісіп кетуі үшін істелген шаралар. Моңғолияға ара ұяларын жіберіп келе жатқанымызға жеті жылдың жүзі болды. Ол елдің омарташылар қауымдастығының өкілдері келіп, біздің омартамызбен танысып кеткен. Кейін әкеміз Валерий Қасымбаев та Ұланбатыр қаласында болып қайтты, – дейді Алексей Қасымбаев.
Әлемді жайлаған коронавирустық пандемия шаруашылықтың жұмысына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Былтырғы жылғы карантиндік шектеулердің салдарынан Моңғолияға ара ұялары жіберілмей қалған. Дей тұрғанмен, былтырғы жылдың есесін биыл қайтаруды ойлаған омарташылар жыл басынан бері шетелге жолданатын бал ара ұяларының осымен екінші кезегін дайындауды бастап кеткен.
Әріптестер қатары артып келеді
Әулеттің үлкені Валерий Қасымбаевтың пікірінше, шаруашылық қандай жағдайға қарамастан жұмысын тоқтатпауы керек. Міне, еңбек етуге деген осындай құлшыныстың арқасында өткен жылы «Пасека» омарта шаруашылығы еліміздегі ең үлкен марапаттың бірі – «Алтын сапа» мемлекеттік сыйлығына қол жеткізді.
– Моңғолиялық әріптестер бастапқыда өздері бізге келіп әкететін, – дейді Валерий Қасымбаев. – Пандемиядан соң өзімізге жіберуге тура келуде. Бірінші кезекте 900 омартаны көлікпен жолдадық. Қазіргі уақытта олар толықтай кедендік тексеруден өтіп, моңғолиялық омарташыларға жеткізілді. Араларымыз енді бал жинау жұмыстарына кірісіп кеткен де болар. Оларда Енисейдің жоғарғы ағысында орналасқан Хупсугул көлінің маңайы омарта шаруашылығын дамытуға өте қолайлы жер. Міне, біздің бал араларымыз нақты сол аймаққа жеткізіледі.
Бұл бағытты дамыту Моңғолияда мемлекеттік деңгейде қолға алынғанын айтқан ол ел билігі әр омарташыға 10 бал ара ұясын беріп, бал шайқайтын кешендермен қамтамасыз етуді шешкенін тілге тиек етті. Бұл жұмыс жыл өткен сайын жолға қойылып келеді. Яғни арадағы әріптестік алдағы жылдары одан әрі кеңейе түспек.
– Бірнеше мың шақырымды артқа тастап барып, бірден бал жинауға кірісетін бал араларын өсіріп шығару бірінші кезекте біздің мамандардың кәсіби шеберлігі деп ойлаймын. Осы себепті біздің мамандарымыздан тәлім алуды ойлайтын моңғолиялық әріптестердің қатары жыл санап артып келеді, – деді Валерий Қасымбаев.
Тәжірибе мен теория ұштасқан
Жалпы, Шығыс Қазақстан еліміздегі омарта шаруашылығының отаны десе де болады. Олай деуге себеп –омарташылардың республикалық станциясының 1959 жылы Өскеменде ашылуы. Мұнда тәжірибелі мамандармен қатар, осы саланы ғылыми негіздеген зерттеушілер де топтасты. Осылайша, 70 жылдық тарихы бар бренд бүгінде жан-жақты қолдаудың арқасында осындай деңгейге жетті. Валерий Қасымбаев ел Үкіметінің бал ара ұялары мен асылдандыруға қатысты берілетін түрлі субсидиялардың қазірде омарташыларға қомақты қолдау болып отырғанын айтты.
– Тәжірибе мен ғылымды ұштастыру арқылы біз балдың бірнеше түрін дайындаймыз, – деді ол. – Бүгінде біздің өнім Қытай Халық Республикасына, АҚШ-тың Бруклин қаласына, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Кипрге, Польшаға ірі көлемде экспортталады. Польшамен кері байланыс орнату арқылы, олардың бал қаптайтын және тағы басқа заманауи құрылғыларын Қазақстан аумағында сататын дистрибьюторына айналдық.
Мұндағы бал құятын цехта өнімнің бір емес, бірнеше түрі дайындалады. Әрине, Шығыста адамдарды бал ассортиментімен қызықтыру өте қиын. Өйткені өңір тұрғындары үшін бұл үйреншікті жағдай. Десек те, «Пасека» омарта шаруашылығының өзге тұрмақ, өз тұрғындарымызды да таңғалдыратын бір ерекше әдісі бар. Ол – арнайы аппаратта дайындалатын бал-кремі. Дәмі әрі түсі ерекше мұндай бал елімізде әлі кең тарала қоймаған бірегей өнім. Демек мұнда дайындалатын бал-кремінің алдағы уақытта шаруашылықтың тағы бір брендіне айналары сөзсіз
«Пасека» омарта шаруашылығы соңғы уақытта апитерапия әдісін де қолға ала бастады. Яғни бал ара өнімдері мен уы түрлі буын және арқа ауруларын емдеп-жазуға қолданылуда. Бұл үшін омарта шаруашылығының аумағында ағаш бөренелерден арнайы үй салынған. Ағаш пен балдың табиғи иісі тұнған бөлмеде бір ұйықтап тұрсаңыз тынысыңыз кеңіп, демікпеңіз кетеді. Ал ауырған жеріңізді араға шақтырсаңыз, бойыңыздағы дерттің уын араның уыты қайтарып жіберуі әбден мүмкін.
Жаңа кеңістікті бағындырмақ
Кезінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл кеңестік кеңістіктің бренді атанған Катонқарағай балын дайындау ісі бұл отбасына да жат іс емес. Өйткені Қасымбаевтар жанұясы Катонқарағайдан тамыр жайған әулеттің бірі.
– Менің өзім Катонқарағай ауданының бұрын Черновая, бүгінде Аққайнар аталатын ауылында туып-өстім, – деп Валерий Қасымбаев сөзін жалғастырды. – Соғыстан кейінгі жылдары анам Мәскеудегі Скрябин атындағы ветеринариялық академияны тәмамдады. Қызметтік бөлініс бойынша Катонқарағай ауданына келген соң әкем екеуі бұғы шаруашылығымен қатар, омарта шаруашылығын да алып жүрді. Осылайша, біздің қанымызға сіңген бұл мамандықты бүгінде менің ұлдарым мен қыздарым, күйеу балаларым мен келіндерім жалғастыруда.
Қай кәсіптің болмасын жақсы дамуында ұрпақтар сабақтастығының ерекше рөл атқаратынын айтқан ол әкеден қалған мұраға баласы өзіндік бір жаңашылдық қосатынын атап өтті. Осылайша, ұрпақтан-ұрпаққа өткен кәсіптің әр буын сайын сапасы артып, әкелетін пайдасы ұлғая түсетін көрінеді.
– Алтай тауларының баурайынан жиналған бал теңдесі жоқ бренд екенін айтудан шаршаған емеспін, – дейді Валерий Қасымбаев. – Егер барлығы жақсы болса, биыл күзге қарай біз өзіміздің экспорттық әлеуетімізді тағы бір елмен арттыруымыз әбден мүмкін. Елімізден Жапонияға аттанатын делегация құрамында ұлым Алексейді Күншығыс еліне жібермекпін. Сөйтіп, шығысқазақстандық омарташылар үшін тағы бір нарықтың көзі ашылуы ықтимал.
Олар саннан гөрі, сапаға көп көңіл бөлетін жапондықтар үшін Алтайдың балы таңсық ас екеніне сенімді. Ендеше, алдағы уақытта сакурасы гүлдейтін Күншығыс еліне көш бастауды көздеп отырған шаруашылықтың бұл ісіне сәттілік тілейік!
Азамат Темірбеков
Фотосуреттер Тілеубек Шаяхметтікі