Алтайдың Көкқасқасы Астанаға барады
Сәні мен салтанаты жарасқан қазақтың жанынан қыран құс, жүйрік ат, ұшқыр тазы табылса жарасып-ақ тұрады. Алайда осы бір сән-салтанатты болмысымыз жаһандық өркениетке жұтылып бара жатқаны анық. Десе де дәстүрлі үрдісті жалғап жүргендер де жоқ емес. Соның бірі – итбегілік өнермен айналысып, қазақы тазыны жанына серік еткендер.
Алтайдың қысы – қатты болғанымен аңшылар үшін сәтті мезгіл. Ақ қары аңның айлакерлігіне де мүмкіндік бермей аңшыны ізіне түсіреді. Сондықтан да болар шығысқазақстандықтар тазысын жанынан, қыран бүркітін қолынан тастаған жоқ. Соның бір дәлелі күні кеше Өскеменде өткен жарысқа итбегілер 35 тазы қосты. Шығысқазақстандық қазақы құмай тазылар бірінші рет шырға тартудан республикалық «Асыл қазына» федерациясының кубогына қатысу үшін облыстық деңгейде жарысқа түсті.
– Жарысқа 35 тазы қатысып, 1000 метр қашықтыққа жүгірді. Тазылар жеребе арқылы топ-топқа бөлінді. Үлкен иттер бес топқа, күшіктер бір топқа. Барлығы алты жүгіріс болды. Жарыс жақсы өтті. Дегенмен иттердің көбінің тәжірибесі аз, жүгірмей жатқандары да болды, – дейді жарысты ұйымдастырушы Мансұр Қанатбекұлы.
Облыстық деңгейде өткен жарыста отыздан озып шыққан тазы Астанада өтетін жарысқа бармақ. Бұл жолы бағы жанған Көкқасқа атты тазы 9 қазан күні Арқада өтетін тазылардың республикалық жарысында бақ сынайтын болды. Көкқасқаның иесі – әккі итбегі Мансұр Қанатбекұлы. Ол соңғы 6 жылда тазы баптау ісін жақсылап қолға алып, ит жүгіртіп жүрген жан. Қазіргі таңда итбегінің қолында алты бірдей алғыр тазы бар екен.
– Мен құмай тазыны 2016 жылдың күзінен бастап асырадым. Тазыны ағаларымның асырағанын көріп қызығушылығым оянды. Аңшылық, саятшылық қазақтың қанында бар дүние ғой. Жалпы тазының басты қасиеттерінің бірі ол өте текті, таза болып келеді. Таза дейтін себебім, бұлардың жаздыгүні асыр салып ойнайтыны бар. Жүгіріп ойнағанының өзі олардың спортшылар сынды жаттығу жасағаны. Сондайда үсті-басы шаң болады. Басқа иттерден ерекшелігі – бұдан соң ауыл маңындағы ағынды суға барып шомылып келеді. Одан кейін бірнеше сағат денесі кепкенше жерге жатпайды, – дейді Мансұр Қанатбекұлы.
Тазы жүгірту әуелде тұрмыстың қажеттілігі болса керек-ті. Кейін келе қазақтың бекзат өнеріне айналды. Тіпті сәні мен салтанатына айналды. Осы бір дәстүрлі үрдісті жалғаған бүгінгі таңдағы итбегілердің өнері мен еңбегі зор. Ал Алтайдан Астанаға жарысқа баратын Көкқасқаға сәттілік тілейміз.
Алтай Ғали-Асқар