Қоғам

Алтайдың ен байлығын елімен бөлісіп жүр

Алтайдың ен байлығын елімен бөлісіп жүр


Туған жерге кіндігімен байланған жандар болады. Кейде оларды «өз өлкесінің патриоты» деп әспеттеп жатамыз. Шын мәнінде, оларды тағдыр солай жаратса керек. Тіпті, алысқа шығандап ұшса, жазмыш құрығы қақпайлап әкеліп, туған жерге жүгіндіреді. Бүгінгі кейіпкеріміз Дариға Исабаева да – сондай жандардың бірі.

Қасаң қағидалардың қаймағын бұзған

Оны жұрт кәсіпкер ретінде біледі. Катонқарағай ауданындағы Мұзтаудан кейінгі биік шың – Бүркіттаудың баурайына құрған «Баян» атты пантымен емдеу орталығында тоғыз жыл қатарынан ем алып келе жатқан тұрақты қонақтары бар. Ал бұғы мүйізі мен тау шөптерінен өңделген табиғи дәрмектері «Баян» атты брендпен Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе қалаларының нарығын жаулап алған. Шағын зауытта дайындалатын 16 түрлі емдік қоспаның сегізі бүгінде алапат сұранысқа ие. Солардың көмегімен 18 жыл бала көтермей жүріп, ана атанғандар да бар. Анемия, миома, аденома, аллергия сияқты дерттерге дауа тапқандар да жетерлік. Жыл сайын мұнда 600-700 адам келеді. Өйткені, бір жолда 50 адам қабылдауға ғана мүмкіндік бар. Одан артса, сапа әлсірейді. Сондықтан емделушілер желтоқсаннан бастап кезекке тұруда.

Кәсіпкер туған өлкесі Алтай жайында сағаттап әңгімелеуге бар. Ол үшін Алтайдан асқан кие жоқ. Алтай – Аспан мен Жер-ананың ортасындағы энергетика дәлізі. Бұл жақта алған ем тәнмен бірге жанға да қонады. Алтайда тілеген арманыңыз міндетті түрде орындалады. Тек жаман ойдан аулақ болуыңыз қажет.
Алтай – көне

өркениеттердің медициналық мұражайы. Себебі, мұнда екі мың жылдан бері жалғасып келе жатқан мүйіз монша терапиясы сақталған. Алтай – ашық аспан астындағы табиғи дәріхана. Қойнауында 300-ден астам емдік шөп бар. Соның 26-сы Қызыл кітапқа енген. Алтай – кербез де киелі кербұғылардың ұйық мекені. Жаңағы аталған емдік шөптердің ең құнарлысын ғана талғап жегендіктен, бұғының мүйізінен алынатын панты өнімінде 15 түрлі макроэлемент, 20 түрлі микроэлемент бар. Адамның көзі, тілі, миы, жүрегі дұрыс жұмыс істеуі үшін 22 түрлі амин қышқылы керек болса, соның 18-і панты өнімінде тұнып тұр. Осы қасиеті үшін ол Алтайды кие тұтады.

Панты өнімін тек ер адамдар пайдалану керек деген қасаң қағиданың қаймағын Шығыста алғаш боп бұзған да осы Дариға Исабаева.

-Алғашқы жылдары орталыққа тек ер адамдар келетін. Оларға пантының жас пен жыныс талғамайтынын түсіндірдік. Кейін ерлер біртіндеп әйелдерін, аналарын әкеле бастады. Әсерін көрген соң көбі тұрақты қонағымызға айналды. Қазір ерлер мен әйелдер контингенті бір-біріне қарайлас, – дейді өзі.

Кәсіпкер ханымның қоғам арасындағы «пантымен емделу ауқаттылардың ғана қолы жететін рахат» деген стереотипті де бұзғысы келеді. Өйткені, бір реткі мүйіз бұлауы үш мың теңге тұрады. Бір аптада 42 мың теңге шығады. Ал пантаны шикізат күйінде сатса, әр келісіне 450 доллар алар еді. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, дәріханаға жүгіретін жерлестерін аяйды ол. Косметика нарығын шетелдің химиялық өнімдері жаулап алғанына да налиды. Өйткені, соның бәрін туған жердің нәрінен алуға болатынын өз басынан өткерген. Осынша ен байлықты бәрімен бөліскісі келетіні де сондықтан.

-Менің осынша ауыр жұмыстың ортасында болсам да, үнемі жадырап, жайнап жүргенім Алтай шөбі мен бұғы мүйізінің арқасы, – дейді кейіпкеріміз.

Бұғыдай ақылды аңды мен көрмедім

Оның кермаралдарға деген махаббаты бала кезде оянса керек. Әкесі Темірбек Ақсу ауылында бұғы шаруашылығын басқарған екен. Төр Алтайдың төсінде маралдың лағындай боп еркін өскен Дариғаның балаң да аңқау армандарының бәрі Алтаймен байланысты болыпты. Сол балаң армандарды кейін ересек Дариға ұмытқанымен, Алтай ұмытпаса керек. Кейіпкеріміз тағдырдың жазуымен 2006 жылы Астанадан туған өлкесіне оралып, анасы ашқан пансионатты пантымен емдеу орталығына айналдырады. Содан бері қыс айларында Астанада «Баян» брендінің нарық аясын кеңейтумен айналысса, жаз айларында Бүркіттаудың баурайында емдеу орталығының жұмысын басқарып келеді.

Ол кез келген қозықаның аяғы ақсап қалса, жаны мұрнының ұшына келетінін айтады. Өйткені, бұғы – өте есті, текті жануар. Жергілікті бұғышылар киелі жануарлардың маралтамырды қазып жегенде толық тарпып тастамай, тұқымдық жұрнақ қалдыратынын айтып тамсанады. Қызыл кітапқа еніп, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын іштей сезетіндей тіпті. Осыдан кейін Алтайдың еркелеріне елжіремей көріңіз.

-Жабайы бұғылар мүйізін өздігінен тастайды. Ал біздің бұғылар ол инстинктен баяғыда-ақ айырылған. Соның анығына жету үшін бірнеше бұғының мүйізін кеспей қоя бергенбіз, өлтіріп ала жаздадық. Мүйізі шор болып семіп, басына ауырлық түсіреді екен. Адамдардың бір қуысқа тықсырып, мүйізін аралап кесуі бұғыларға оңай тимейді. Айқай-шу, сұқ көздер, мүйізден аққан қан – олар үшін шок. Бірақ онсыз тағы болмайды. Ал мүйізі кесілгеннен кейін, бұғылардың бойын тіктеп, еңсесін көтеріп, серпіліп шыға келетінін көрсеңіз ғой, – дейді кәсіпкер.

Әйелге қажет ибаны шешенің тәрбиесінен сіңіріп, іскерге қажет шешімтал қасиетті әкеден қанмен жұқтырған Дариға жұмысшы таңдауда ең бірінші адамгершілігіне қарайтынын айтады.

-Менің осында массажшы болып жұмыс істеп келе жатқаныма жеті жыл толады. Әріптестерімнің бір-біріне деген сүйіспеншілігі, сыйластығы ерекше. Санасу деген жоқ, үлгермей жатқан адамға айтқызбай болысып тұрамыз. Соның бәрі басшының ұстанымына байланысты. Бұл кісі тапсырған жұмысты шабытпен орындаймыз. Өйткені, бізді өзімен тең дәрежеде қабылдайды. Осында жүргенімде астаналық бір ағамыз маған қолқа салды. Ол жақта өзінің 12 массажшысы бар екен. Солардың қатарына қосып, пәтер алып беретінін айтты. Бірақ мен Бүркіттаудың етегін, ондағы жайдары жүзді әріптестерімді қимадым. Оны түсіну үшін бізбен бірге бір апта өмір сүріп көруіңіз керек, – дейді Нұрәли Рахметолла.

Емдеу орталығы болғандықтан, мұнда дәрігер де жұмыс істейді. Талғат Ошаев келген адамдардың ауруын анықтап, ем тәсілін тағайындаса, Айгерім Садуова бастаған қыздар мүйіз моншаның бабын келтіреді.

-Қан қысымы бар адамдарға ыстық зиянды. Сондықтан оларды 37 градустан төмен температурада булаймыз. Мұнда олар Алтай шөптерінің қуатын бумен сіңіреді. Ал миома дертіне 50 пайыз су, елу пайыз сорпа құямыз. Балаларға сорпаның құрамы 20 пайыздан аспауы керек. Осы сияқты әр науқасқа ем әркелкі тағайындалады. Бір адамға 7 күннен артық ем қабылдауға болмайды. Өйткені, пантының қуаты күшті. Сол бір аптаның ішінде бір жылға жететін күш жинап қайтуға болады. Соның бәрін зерттеп жүріп, өзім де дәрігерге айналып кеттім, – дейді Дариға.

Оған салсаңыз, бүкіл Катонқарағайды бұғы шаруашылығымен-ақ асырауға болады. Керек десеңіз, медициналық туризмді дамыту арқылы сиреп қалған ауылдарды қайтадан адамға толтыруға болады. Тек бұған жеке инвестицияның қауқары жетпейді.

-Бұғыға ірі қарадан бөлек, жеке субсидия берілсе екен. Қазір сиырға бөлінген субсидияның сегіз пайызы ғана бұғы шаруашылығына тиеді. Ол бәрімізге жетпейді. Мысалы, біздің қожалық ешқандай субсидия алып көрген емес, – дейді Дариға.

Өйткені, субсидия марал саны мыңғырған шаруашылықтарға ғана қарастырылған.

Катонқарағайдың атын панты өнімдерімен таныту үшін «Шығыс Тур» деген серіктестік құрған кәсіпкер «Баян» брендімен шығатын төл өнімдерін еліміздің бес қаласында дистрибьютерлік орталықтар арқылы саудалап отыр. Ал Өскеменде жыл бойы қызмет көрсететін пантымен емдеу орталығы тағы бар. Бұл жерден күн сайын косметикалық маска мен массаж алушылар үзілген емес. Осының бәріне үлгеріп жүрген кейіпкеріміз қызы Аяға аналық мейірімін төгуді де ұмытпайтынын айтады.

-Мен қызыма ертегі айтпаймын. Ата-тегіміздің тарихын, өзімнің және ата-әжесінің бала күндерін әңгімелеймін. Жасы оннан асса да, «балалық жайында айтшы» деп өтініп тұрады, – дейді ол.

Оны жұрт кәсіпкер ретінде біледі. Ал әріптестерін тыңдасаң, Дариға Исабаева – 40 адамдық ұжымды қазақи ибасымен ұйытып, үйіріп отырған мейірімді ошақ иесі. Бәлкім, қазақ әйелінің бизнестегі бейнесі осындай-ақ болуы керек шығар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button