Қоғам

Алтайдың дәмін апарды

Қыркүйектің соңында Нұр-Сұлтан қаласында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Арқаға Алтайдан аттанған делегация құрамында катонқарағайлық шаруалар да болды.

Шығыстан жеткен аста-төк өнімді айтпағанда, Төр Алтайдың өзінен елордаға екі тонна жылқы еті, үш тонна бал, екі мың литр қымыз, 1 млн. теңгенің панты өнімдері және 300 келі балқарағай жаңғағы жеткізілді.

Жәрмеңкеде астаналықтар азық-түлікті нарықтағыдан 10% төмен бағаға сатып алды. Дәл осы кезде күн суытып, жаңбыр жауғанына қарамастан Алтайдың брендіне айналған балы мен пантысына асыққан жұрттың қарасы таңертеңнен кешке дейін үзілген жоқ.

Катонқарағай өңірінен жиналған әртүрлі сұрыптағы Алтай бал тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де кеңінен танымал әрі жоғары бағаланады. Мамандардың айтуынша, бұл жоғары сапалы табиғи бал түрлі гүлдердің шірнесінен алынады. Балдардың түсі әртүрлі: ашық қоңырдан сары түске дейін болады. Оған қоса шие, итмұрын, эспарцет сияқты түрлі емдік шөптердің нәрі бар балдың құрамында. Дәрігерлердің айтуынша, ара балы жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіру және түрлі аудың алдын алу үшін таптырмайтын ем.

Айта кетейік, қазіргі күні Катонқарағай ауданының омарта шаруашылықтарында 16 450 ара ұясы бар, оның ішінде 16-сы асыл тұқымды шаруашылық. Жыл сайын ауданда 350-400 тонна бал өндіріледі. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес омарташылар үшін 2018 жылы 15 млн. теңге субсидия төленді.

Негізінен омарта шаруашылығы ауданның Коробиха, Ақсу, Алтынбел, Ново-Поляковка, Үлкен Нарын, Аққайнар сынды ауылдық округтерінде жақсы дамыған.

Тұрсынқан  Базарбаев

Осы айдарда

Back to top button