Қоғам

Алтайдың ажарын айшықтады

Шығыс Қазақстан өнер музейі мен «Жаңғыру» суретшілер бірлестігі бірлесіп, Кенді Алтай өңірінің (Риддер қаласына барар жолдағы Глубокое ауданы, Зимовье ауылы) маңында «Дала дидары» атты біркүндік пленэр өткізді.

Бұған дейін де 2020 жылы құрылған “Жаңғыру” суретшілердің шығармашылық бірлестігі Шығыс Қазақстан өнер музейімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеген еді. Осы жылдың 4-наурызында музейдің екі залында Абайдың шығармашылығына арналған “Көзімнің қарасы” атты алғашқы ұжымдық көрмесі ашылды. Бұл реткі іс-шараны да бірлестік жетекшісі Құдаш Нұрсадықов пен бірлестік мүшелері ұсынып,  Өскемен қаласы мен облыс аудандарында басқа да пленэрлерді өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жолғы пленэр музей қызыметкерлері мен суретшілер арасында тәжірибе алмасу, суретшілердің шығармашылығын шыңдау, жұмыстың сапасын арттыру мақсатында қолға алынды.

Көптен күткен бұл шараның көркін Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Құдаш Нұрсадықов,  Ержан Тұрғанбаев, Гүлнар Бекбердинова   және Алматы қаласынан арнайы  келген Рада Бейсенова  қыздырса, өнер белесіне енді көтеріліп келе жатқан жас суретшілер,  Катонқарағай ауданынан келген Қуаныш Әділбек  және Есбол Нұрсадықов, Данияр Алдабергенов, Дәулет Тастемір, Айбек Самарханов Алтай ажарын айшықты туындыларға айналдырды. Сан пленэрді басынан өткізген кәсіпқой суретшілер іс-шара соңына дейін 2-3 этюдпен екпіндерін басса, көшке енді ғана ілескен жас суретшілер бір жұмысты місе тұтты.

Іс-шара барысында әдістемелік және практикалық мастер-кластар көрсетіліп, екі рет этюдке шығып (таңғы және кешкі) және “Дала төсінде” қорытынды көрмесі жасалып, жұмыстарды талқылап, аға буын өкілдері жастарға өз ұсыныстарын айтып, сәттілік тіледі. Пленэрге бірлестік құрамынан тоғыз суретші, музей тарапынан жеті қызыметкер қатысты. Бірлестік музей тарапымен бірлесіп,  қара күзге дейін тағы бірнеше пленэрге шығып, қорытынды ретінде «Дала дидары» атты көрме өткізуді көздеп отыр.

Есенбол Нақтыбай

Осы айдарда

Back to top button