Қоғам

«Алтайдың» аты шыға бастады

«Алтайдың» аты шыға бастады


«Алтаймен» аймақ спортының жаңа тынысы ашылды білем. Бұл атауды арқалаған волейбол, футбол және хоккей командалары қазір елішілік жарыстардың көрігін қыздырып, олжа салып жүр. Әлі ұмытқан жоқпыз, өткен жылы «Алтай» клубының кіндігі кесілгенде, өңір спортының төңірегінде жүрген кейбір мамандар мен біраз жанкүйерлер облыс басшылығының бастамасына күмән келтіріп, жаңашылдыққа жатырқай қараған. Бекер екен…
Ал енді осы сөзімізге дәлел келтірейік.

2016 жылдың наурыз айы. Өскеменде волейболдан ұлттық лигада өнер көрсететін әйелдер командалары арасында XXIV ел біріншілігі аяқталды. Финалда «Алтай» арулары талдықорғандық «Жетісудың» қыздарын жеңіп, алтын медаль мен Кубокты иеленді. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жеңімпаздарға бес миллион теңгенің сертификатын өз қолымен табыс еткен.

Дәл осындай жетістікке «Алтай» ерлер командасы да қол жеткізді. Ел чемпионы атанған волейболшы жігіттердің ұлттық лигадағы жеңісі команда ойыншыларына Қазақстан құрамасы атынан Азияның клубтық турниріне қатысуға мүмкіндік берген. Ол турнирде біздің спортшылар өз деңгейінде ойнап, төртінші орынды қанағат тұтты.

Жалпы, Өскемен мен Семейдің волейбол ұжымдарын «Алтайдың» қанатының астына біріктіру барлық жағынан тиімділігін көрсетті. Ең бірінші кезекте әрине, нәтиже. Қыздар да, ерлер де ішкі біріншілікте үздік ойын өткізді. Биылғы қазан айының соңында бұрымдыларымыз Суперкубокты төбелеріне көтерсе, жігіттеріміз облыс волейболының шежіресінде алғаш рет Қазақстан Кубогын жеңді. Тарихи жеңіс!

Экономикалық жағынан алсақ, мемлекет қаражатын 30 пайызға үнемдедік. Яғни, бұрын екі клубты асырау керек болса, енді біреуін ғана қаржыландырамыз. Есесіне, үнемделген ақшаға клубтың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, мықты мамандарды, бапкерлер мен ойыншыларды шекесінен шертіп жүріп таңдауға мүмкіндік туды.

«Алтай» волейболшыларына тиянақты жаттығу үшін облыс орталығындағы халықаралық талаптарға сай Жекпе-жек сарайы, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, денешынықтыру- сауықтыру кешені сияқты заманауи спорт нысандары берілді. Десек те, «Алтай» ерлер командасының бас бапкері Игорь Никольченко:

– Облысымызда тұрақты дайындалатын ойын түрлерінің сарайы салынса деген арманымыз бар. Әрине, заманауи спорттық кешендер жоқ емес қой өңірде. Алайда, волейбол, баскетбол, шағын футбол сияқты ойындар өткізілетін, спортшылар жаттығатын арнайы сарай салып берсе нұр үстіне нұр болар еді, – деген.

Маманның өтініші жерде қалған жоқ. Облыс басшылығының қолдауымен мұндай спорт кешенінің құрылысы 2017 жылы басталатын болды.
Әзірше, республикалық және облыстық турнирлер өткізілген кезде Өскемендегі Жекпе-жек сарайы спорттық ойын түрлеріне лайықталып уақытша жабдықталуда. Болашақта жаңа нысан салынса, міндетті түрде бұл Шығыс спортының ары қарай дамуына оң ықпалын тигізеді.

«Астана-Аренада» жолдама тағдыры шешіледі

Аймақ аяқдобының «аянышты халін» айтып құр сөзбен қазан қайнатқандардың ауызына құм құйылатын күн алыс емес бұйыртса. Қарашаның бесінде «Алтай» футбол командасы премьер лига жолдамасы үшін «Таразбен» таласады «Астана-Арена» стадионында. Қазақ футболын қаз бастырған өлкенің атынан сынға түсетін жерлестерімізге сәттілік тілейік. Егер біздің жігіттердің жолы болып, бағы жанса келесі маусымды премьер лигада өткіземіз. Жаңа клуб құрылғанда алдыға қойған басты мақсатымыз да осы еді ғой.

Естеріңізде болса, Өскеменнің «Восток» және Семейдің «Спартак» футбол клубтары кейінгі бірсыпыра жылдан бері премьер лига мен бірінші лиганың арасында доптай домалап, тұрақтай алмай келді. Иә, ел чемпионатын үш мәрте ұтқан семейлік «Елімайдың» ерлігінен кейін еңсеміз көтерілген емес. Ал «Востоктың» жетістіктерін өздеріңіз де білесіздер, жетістік деп ауыз толтырып айтуға болса, әрине, оны. Демек, бір облыста нәтижесіз екі команда ұстағанша, нәтижелі біреуіне күш салған тиімді. Елімізде қазір бірде-бір футбол клубы Еуропадағы сияқты бюджеттен бір тиын алмай өмір сүре алмайды. Барлығы мемлекеттің асырауында. Менеджментті дұрыс жолға қоя бастаған алматылық «Қайраттың» өзі ол деңгейге шыққан жоқ әлі. Сондықтан бір облыстың бюджетіне екі клубты ұстау қиындау. Қиындаудан бұрын мемлекеттің ақшасын желге шашу. Нәтиже жоқ, өйткені. Осындай түйткілдерді ескерген аймақ басшысы қос қаланың футболшыларын қосып, «Алтай» клубын құруға тапсырма берді былтыр. Мұны естіген кейбіреулер «Өңір футболын құртып жатыр!», «Тарихы бар клубтардың тамырына балта шапты!» деп шуласты. Бірақ «Алтайдың» қазіргі көрсеткіші бәрін су сепкендей басты. Ардагер ойыншы Андрей Карпович бастап, А.Шакин, А.Ерсәлімов, В.Котляр, Д.Колодин сынды шеберлер қостаған ұжым аттай қалап алдыртқан білікті бапкер Сергей Тимофеевтің жетекшілігімен биылғы маусымды екінші орында аяқтады. Бірінші орындағы қызылордалық Қайсар премьер лигаға еш кедергісіз шықса, біздікілер «Таразбен» жолдаманы сарапқа салады.

Айтпақшы, маусым барысында Қазақстан кәсіби футбол лигасы «Алтайдың» тоғыз ұпайын алып қойған. Себеп – бұрынғы «Восток» өзінің ойыншылары Джордже Мрджанин мен Саша Добричке жалақы бойынша қарыз болған. Жауапты орындар жаңадан құрылған «Алтай» клубын «Востоктың» барлық жағынан мұрагері санап, жауапқа тартқан. Шынтығында «Алтай» футбол клубы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заң жүзінде «Восток» ФК мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнының спорттық жағынан ғана ізбасары. Яғни, бірінші лигада облыс атынан ойнайтын команда ретінде. Сол себепті жауапкершілігі шектеулі серіктестік ешқашан мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның заңды мұрагері бола алмайды. Бұған қоса «Восток» құжат бетінде құрып кеткен жоқ. Ендеше оған қатысты қандай мәселе туындаса, алдымен клубтың заңды иесі – Өскемен қалалық әкімдігіне жүгінген дұрыс. Осындай бұлтартпас дәлелдерді алға тартып, сауатты жүргізген жұмыстардың арқасында «ұрланған» тоғыз ұпайды қайтарып алдық. Сөйтіп, облыс құрамасы бірінші лиганың турнир кестесінде екінші сатыға көтерілді. Ендігі күтетініміз – «Астана-Аренадан» жеңіс.

Күні ертең «Алтай» премьер лиганың көш басынан көрініп, бәріміз аузымыздың суы құрып теледидардан тамашалайтын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына шығып жатса жаман ба? Азулы еуропалық ұжымдар алыстан ат терлетіп келіп, Өскемен мен Семейдің жасыл алаңдарында доп теуіп жатса, одан артық не керек?..

Облыс әкімінің қолдауымен испандық «Реал Мадрид» футбол клубының тәжірибесі негізінде жаттығатын балғын аяқдопшыларымыз өсіп келеді. Қазірдің өзінде «Алтайдың» атын шығарып жүрген олар ертең-ақ отандық футболдың жарқын өкілдеріне айналатыны анық. Оған күмәніңіз болмасын.

«Алтайдың» аты шыға бастады

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button