Қоғам

Алтайдың асқақ жыршысы еді

Алтайдың асқақ жыршысы еді

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті жазушы, үлкен драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қара сөздің қас шебері Қалихан Ысқақ 79 жасында өмірден озды. Осынау қаза ең алдымен жазушының шығармаларын сүйіп оқитын мыңдаған оқырманның қабырғасын қайыстырып кетті.
Қалихан Ысқақ 1935 жылдың 14 наурызында Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Ол – Шығыстың алтын тәжі атанған төр Алтайдың өзінен түлеп ұшқан жазушы. Тарихта ықылым заманнан түркілердің алтын бесігі болып саналатын төр Алтайдың көз тұндырар сұлу табиғаты жазушы қиялына қанат бітіріп, қаламына қуат сыйлады. Қарап отырсаңыз, жазушы шығармашылығының алтын арқауы да – қасиетті де киелі Алтай. Қазақ прозасында Қалихан Ысқақ пен Алтай ажырамас егіз ұғымға айналғалы қашан. Қазақ жазушыларының арасында Алтайды ең алғаш суреттеп, жырлаған да Қалихан Ысқақ болатын. Сонау 1956 жылы жазған «Қоңыр күз еді» атты повесінен бастап-ақ, бүкіл саналы ғұмырында ол төр Алтайын қаламының қарымы жеткенше суреттеп өтті. Алтайдың тұмса табиғатын, шулаған қара орманы мен Бұқтырманың булыққан сарынын көркем прозада бірінші рет бейнелеген – Қалихан Ысқақ. Бунин, Пришвин стиліндегі жаңа прозаны алғаш қазақ әдебиетіне алып келген де осы Қалағаң еді. 1992 жылы \”Ақсу – жер жаннаты\” романы үшін жазушы тәуелсіз жас Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Ол – өнімді еңбек еткен жазушы. «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинақтары мен «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жәннаты» романдары, «Жарық дүние», «Қазақтар» пьесалар жинағы кезінде оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды. Қалихан Ысқақ – сонымен қатар, мықты драматург. Оның қаламынан туған дүниелердің бәрі қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алды.
Қалихан Ысқақ жыл сайын жаз шыға Алтайға жетуге асығатын еді. Туған жері Топқайыңдағы қарағайдан қиып салған үйінде жатып, алаңсыз шығармашылықпен айналысатын. Уақытының көбін Алтайдың тұмса табиғаты мен аузын ашса, адалдығы көрініп тұратын адамдарының арасында өткізгенді ұнататын. Қайда жүрсе де, Шығыста болып жатқан әрбір жаңалыққа елеңдеп, елегізіп отыратын. Тағдырға шара бар ма, ортамыз ойсырап қалды. Жазушының отбасына, туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
Қазақта «қайғы бөліссе азаяды» деген сөз бар. Бірақ қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл алты алашқа аты мәлім Қалихан Ысқақтай жазушының орнын ешқашан ешкім толтыра алмақ емес. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Ұлы Абай айтқандай, көрнекті жазушы, үлкен драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың екінші ғұмыры енді басталды. Артында қара ормандай оқырманы бар жазушы ешқашан өлмек емес. Қазақ барда, сүйікті жазушымыз Қалихан Ысқақ та мәңгі жасай береді. Алтайдың жыршысына айналған жазушының жарқын бейнесі әрқашан жүрегіміздің төрінде сақталады.

(Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көрнекті жазушы Қалихан Ысқақты соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиында сөйлеген сөзі. Топқайың ауылы, Катонқарағай ауданы)

Осы айдарда

Back to top button