Қоғам

«Алтайдың» арулары тарихи жеңіске қол жеткізді

«Алтайдың» арулары тарихи жеңіске қол жеткізді

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында волейболдан Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында ел чемпионатының үшінші туры өтті. Дүбірлі додада облыс намысын қорғаған «Алтай» қыздары бір турда төрт бірдей жеңіске қол жеткізіп, бұрын-соңды команда тарихында болмаған рекорд жасады.
Желтоқсанның 21-26 аралығында өткізілген ел біріншілігіне жарыс иелері мықты дайындықпен келгендігі алғашқы ойыннан-ақ байқалды. Жарыстың бірінші күні «Иртыш-Казхроммен» күш сынасқан біздің қыздар одан кейінгі кездесулерде «Жетісу» мен «Алматы» командаларын қапыда қалдырды. Алайда, кейінгі екі ойын жерлестеріміз үшін оңайға түспеді. Алдымен осы біріншіліктің аутсайдері атанған «Қарағанды» волейболшылары жарыс иелеріне мықты қарсылық көрсетті. Бес партияға созылған бұл матчта екі ұжымның кез келгені жеңімпаз болуы мүмкін еді. Алғашқы партияда 21:25 есебімен қонақтарға есе жіберіп алған «алтайлық» арулар екінші және үшінші партияны өз пайдаларына шешті. Дегенмен, қарағандылық бұрымдылар да жеңісті қолдан беріп қоймайтындықтарын аңғартты. Нәтижесінде төртінші партияда қонақтар мықтылықтарын дәлелдеп, жалпы есептегі таразы басын теңестірді. Сондықтан соңғы шешуші партияда қос команданың өкілдері бар күш-жігерлерін, шеберліктерін сала қимылдады. Алайда, жергілікті жанкүйерлер мен «Алтай» ерлер командасының қолдауынан жігерленген қыздарымыз бесінші партияны 15:7 есебімен түйіндеп, тиісті екі ұпайды қоржынға салды.
Есесіне, чемпионаттың үшінші турын қорытындылаған соңғы матч «Алтай» волейболшылары үшін сәтті болды. Осы ойынға дейін турнир кестесінде көш бастап тұрған «Астана» командасы шынымен де қаһарлы қарсылас саналған. Сонымен қоса, біздің қыздар бұған дейін әлі бір де бір рет елордалық бәсекелестерінен айласын асырып көрмеген. Статистиканың қонақтар пайдасына жазылғанына қарамастан Бурхан Қанболат шәкірттері айдарынан жел ескен «Астананы» айқын басымдықпен ұтып, айды аспанға шығарды. Ол аздай бір тур аясында төрт бірдей жеңісті тойлап, бұрын команда тарихында болмаған рекорд көрсетті. Ал біздің ұжымның сапында өнер көрсеткен Евгения Илина республикалық волейбол федерациясының шешімімен үздік ойыншы атанды.
Сонымен үшінші турдың ойындарынан соң «Алтай» командасы жалпы турнир кестесінде төртінші орынға нық табан тіреді. Үздік үштіктен оларды бар-жоғы бес ұпай айырмашылығы ғана бөліп тұр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button