Қоғам

«Алтайдың» арулары Азия чемпионатына қатысады

«Алтайдың» арулары Азия чемпионатына қатысады
«Алтай» – чемпион! Күні кеше ғана бұл атаққа волейболшы жігіттеріміз қол жеткізіп, қуанған едік. Енді мінеки олардың жеңісті жолын қыздарымыз жалғады. Ел біріншілігін екінші жыл қатарынан ұтқан «алтайлық» арулар алдағы жазда Өскеменде өтетін Азияның клубтық чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын болды.
Облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында аяқталған қыздар командалары арасындағы ұлттық лиганың соңғы тур ойындарында жерлестеріміз жүз пайыздық нәтиже көрсетті.
Рас, «Алтайдың» қыздары бірде-бір қарсыласына есе жібермей, бес кездесуде де сенімді түрде жеңіске жетті. Шымылдық ашар ойындарында түрік маманы Бурхан Жанболаттың шәкірттері «Қарағанды» волейболшыларымен кездесіп, қарсыластарын 3:0 (25:12, 25:18, 25:23) есебімен ойсырата ұтты. Бұдан кейін өскемендіктер басты қарсыласы саналатын павлодарлық «Ертіс-Қазхром» командасынан 3:1 (25:12, 25:18, 17:25, 25:22) есебімен басым түсті. Келесі кездесуінде жерлестеріміз турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан Талдықорғанның «Жетісуын» 3:0 (21:25, 25:18, 25:16, 25:16) есебімен жеңді. Бұл ойындарда әсіресе, «Алтайдың» кубалық легионері Юнеска Роблес Батиста мен Сана Анарқұлова ерекше көзге түскенін айта кеткен жөн. Мәселен, «Жетісумен» өткен кездесуде Юнеска мен Сана тиісінше 24 және 22 ұпайға ие болды.
«Алтайдың» арулары Азия чемпионатына қатысады
Негізі, «Жетісумен өткізген ойыннан кейін-ақ алтайлықтарға чемпионаттың бас жүлдесін тапсыра беруге де болар еді. Себебі, жерлестеріміз турнир кестесінде өкшесін басып келген негізгі қарсыластарын жеңіп, «интрига» атаулыны түбімен құртқан. Алайда, өскемендік ұжым Жекпе-жек сарайын лық толтырған жанкүйерлерін ренжіткісі келмеген болуы керек, әйтеуір соңғы екі кездесуде де қарсыластарын бас көтертпей жеңді. Бұл жолы «Алтай» ойыншылары «Алматы» мен «Астана» волейболшыларынан мықтылығын дәлелдеді. Бір айта кетерлігі, Бурхан Жанболаттың шәкірттері қарсыластарына бірде-бір партияны бермей, екі ойында да айқын басымдықпен жеңіске жетті («Алматыны» 3:0 (25:22, 25:18, 25:13), «Астананы» 3:0 (25:21, 25:13, 25:16) есебімен ұтты).
Осылайша, алтайлықтар қатарынан екінші жыл ел чемпионы атағына қол жеткізді. Негізі, құрылғанына санаулы жыл ғана болса да, «Алтай» волейбол клубы бүгінде ел біріншілігінің басты фаворитіне айналып үлгерді. Бұған облыс орталығында тамаша волейбол алаңы бар спорт кешенін салып берген аймақ басшылығы ерекше еңбек сіңіргенін де айтқан ләзім. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен құрылған өскемендік суперклубтың болашағы зор. Мұны клуб басшылығы да, команданың бапкерлер құрамы да сеніммен айтып отыр. Олардың сөзіне Қазақстан волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев та қосылды.
– Федерациямыз атынан «Алтай» волейбол клубын осынау жарқын жеңістерімен құттықтаймын. Осы орайда, мұндай ауқымды спорттық шараны өткізуге атсалысқан облыс басшылығына алғыс айтқым келеді. Үстіміздегі жылдың 25-31 маусым күндері Өскеменде қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты өтетінін білесіздер. Сол додаға қатысатын алтайлықтарға сәттілік тілеймін, – деді Е.Сырлыбаев.
Чемпионат қорытындысы бойынша әдеттегідей үздік ойыншылар мен жүлдегер командаларды марапаттау рәсімі өтті. Айта кетейік, жекелей марапатқа ие болғандардың ішінде «Алтайдың» төрт ойыншысы бар, олар: Юнеска Роблес Батиста – үздік шабуылшы, Кристина Аниконова – үздік тосқауыл қоюшы, Әлия Садықова – үздік либеро және Сана Анарқұлова – үздік ойыншы.
Осылайша, 25-ші рет ұйымдастырылған ел біріншілігі де мәресіне жетті. Чемпион атанған «Алтай» волейбол клубынан кейінгі екінші және үшінші орындарға «Ертіс-Қазхром» мен «Жетісу» командалары ие болды.

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button