«Алтайдың» қарсыластары туралы не білеміз?
Мамырдың 25-і күні Өскеменде басталатын волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатындағы «Алтайдың» топтық кезеңдегі қарсыластары белгілі болып қойды. Бүгін сол командалар туралы азды-кемді ақпарат бере кеткенді жөн көрдік.
«Дидардың» өткен сандарында жазғанымыздай, чемпионатқа жолдама алған сегіз команда екі топқа бөлініп өнер көрсетпек. Жеребе біздің аруларды А тобына түсірді. «Алтайдан» бөлек бұл топта Тайландтың «Супреме», Иранның «Сармайе Банк» және Қытайлық Тайбэйдің «Тайвань Пауэр» командалары ойнайтын болады.
Шыны керек, мақаланы жазу барысында қарсыластарымыз туралы көп ақпарат таба алмадық. Ал кейбір командалар жайындағы мәлімет тіптен жұтаң. Солай бола тұра, қолда бар деректерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Өткенде «Алтайдың» бас бапкері Ярослав Антоновпен сұхбаттасқанымызда, ресейлік бапкер қарсыластарды мықты және әлсіз деп жіктеуге болмайтынын, дегенмен, Тайланд чемпионатының өкілі «Супреме» командасынан қауіптенетінін айтып қалған еді.
Жалпы, Азия чемпионаты туралы сөз қозғалғанда, Тай елі волейболшыларының жетістіктері туралы айтпау әбестік болады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1999 жылдан бері ұйымдастырылып келетін құрлықтық додада аталмыш елдің ала доп шеберлері төрт мәрте жеңіске жеткен, бұл көрсеткіш бойынша тайландтық командалар қазір екінші орында тұр (алда қытайлықтар ғана – жеті жеңіс). Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, қазақстандық клубтар бұл бәйгенің бас жүлдесіне екі рет қол жеткізген (екеуі де алматылық «Рахаттың» еншісінде).
«Супреме» қыздар волейбол клубы 2009 жылы Тай елінің Чонбури қаласында құрылған. Жергілікті жаттықтырушы Натапхон Срисамутнак баптайтын ұжым соңғы елішілік чемпионаттың жеңімпазы атанған. Команда негізінен тайландтық волейболшылармен жасақталған, сонымен қатар, «Супреме» құрамында АҚШ пен Сенегал ойыншылары да бар. «Қызғылт дельфиндер» деген лақап атқа ие ұжымның үздік ойыншысы деп бірнеше халықаралық жарыстың чемпионы атанған, 10-шы нөмірде өнер көрсететін команда капитаны Вилаван Апиньяпонгты айтуға болады.
Сонымен қатар, «Алтай» аруларына қарсылас атанатын өзге екі команданы да есептен шығаруға болмайды.
Мамандар ирандық «Сармайе банк» командасын да назардан тыс қалдырмау керектігін айтады. 2016 жылы құрыла салып ел чемпионы атанған тегерандық ұжым демеушілердің тарапынан құйылған мол инвестиция арқасында енді құрлықтық бас жүлдеге де ауыз салып отыр. Командада Иран ұлттық құрамысының бірнеше белді мүшесі бар. Митра Шабаниан баптайтын ұжым алдағы Азия чемпионатында жарыс фавориттеріне тегеурінді қарсылық көрсетуге әзір.
Өскеменде Қытайлық Тайбэй атынан сынға түсетін «Тайвань Пауэр» командасы да қара жаяу еместігін соңғы жарыстарда айқын аңғартты. Елішілік біріншіліктерде үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп, чемпиондыққа таласатын Яо Чен-Шан бапкердің командасы Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтетін біріншілік барысында да білгенінен жаңылмай, өзіне тән шапшаң, жанкешті ойын өрнегін көрсетуге ниетті.
Нұржан Кенжеұлы