Қоғам

Алтайдай жер қайда?!

Көркем табиғат, тәкаппар таулар, өрекпіген өзендер, терең тарих, құпиялы қазына, әсерлі әңгіме, астарлы аңыз… Бәрі-бәрін алтын Алтайдың қойнауынан таба аласыз. Бұл –   өзге түгіл, өзіміздің таңдайды қақтыратын құдіретті өлке. Алайда барды бағалап, басқаға таныта алып жатырмыз ба?! Бізді ойландыратын басты сұрақ осы.

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Төр Алтайды туризмнің төріне айналдыру біз үшін басты мақсат. Тәңір өзі тарту еткен тамаша табиғаттан туризмді дамытудың тетігін тапсақ, көркем даланың өзгеден еш кем-кетігі жоқ. Алайда сұлулығын сұқты көзден сақтап, аяулы өлкені аялай білуіміз керек екенін естен шығармаған абзал. Осы мақсатта Катонқарағай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Толықпаевтар әулеті және өзге де кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен түркінің түп қазығы, адамзаттың алтын бесігінде «Алтайдай жер қайда?!» атты халықаралық айтыс өтті. Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген танымал айтыскерлер жыр додасында бақ сынап, Алтайдың сұлулығын сүбелі сөзбен, өткір тілмен жырлады. Аламан айтысқа Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Аспанбек Шұғатаев және өзге де өнерімен жұртқа таныс 16 ақын қатысты. Жыр додасына Ұлықбек Есдәулетов, Кәмел Жүністегі, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек, Серік Құсанбаев қатарлы сөз зергерлері қазылық етіп, айтыстың тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ұстады.

– Бұл айтысты Алтайдың атымтай жомарт азаматтары ұйымдастырып, қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Басты мақсатымыз – осындай табиғаты бай, сұлу өлкені өзге жұртқа таныстыру, Катонқарағай жері туризмнің төрі екенін таныту. Әр елден келген жыр жүйріктері бүгін осыны тілге тиек етері сөзсіз, – деді жыр сайысы басталар тұста жүргізуші Жүрсін Ерман.

Ақындар Алтайды жырлады

Алтай – жырлап бітпес мәңгілік тақырып. Бұл даланы жырлауға қаламның сиясы жеткенмен, қаламгерлердің ғұмыры жетпеген. Ал айтыскерлер өлшеулі уақытта ғасырлар қойнауындағы терең тарихтың қалқып қаймағын, сүбелі даланың сұлулығын ғана тілге тиек етті. Тереңнен толғау үшін ұзақ уақыт керек шығар дестік.

Жыр додасын Шығыс Қазақстан облысының ақыны Серік Қуанған мен Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Еркебұлан Қайназаров бастады. Кесек сөйлеп, кесімді ой айтып жүрген ақын Серік Қуанған жырын нөсерлете келе: «Тәңір өзі тартуға беріп тұрған, табиғат құшағына енгенсіңдер, ұлылықты ұқтырған елденсіңдер, жұмыр жердің бетінде бар болса егер, жұмақта өмір сүрген сендерсіңдер» деп бір қайырды. Иә, расымен де, жұтынып тұрған жұмақ мекен, құтты өлкені көрем деушілердің саны жыл сайын көбейіп келеді. Ал әсем әуенімен көрерменді сазына бөлеп жүрген Еркебұлан Қайназаров: «Өр Алтай, жеттік міне, төр деп сені, Бармысың халық үшін қызмет қылған, Әбдікәрім болыстың елдестері, шалғайда отырса да Оралханның, өз отын өшірмеген жерлестері», – деп ұлылар мекенін ұмыт қалдырмай отырған жұртқа отты жырымен рух беріп, көңілдерін бір серпілтіп тастады. Қалаға қарай көшкен жұртқа қарап елеңдеп отырған елдің көңілі орнығып, туған топырағының қасиеті мен қадірін сезіне түскендей болды.

Ал екінші жұп болып Абай облысының ақыны Рүстем Қайыртайұлы мен Шұғайып Сезімхан сахна төріне көтерілді. Тілінен бал тамыза жырлайтын Рүстем Қайыртайұлы: «Алланың нұры түскен Алтай елі, белгілі дүниеге байтақ атың, мұртын көкке, таяғын жерге шаншып, қарттарынан бекзаттық байқалатын, құйқалы топырағын қысып қалсаң, саусағыңнан сорғалап май таматын, шипалы қайнарынан ішіп қансаң, ақ сүттей удың бетін тойтаратын, балдақ ұстап жеткендер балын жесе, су төгілмес жорғадай тайпалатын…» деп Алтайдың талай-талай қасиетін жырға қосты. Иә, Алтайдың табиғаты жанға шипа, дертке дауа екені дүйім елге мәлім. Оны осылай сұлу сөзбен әспеттеп жеткізудің әсері тіптен бөлек болатынан естіп, құлақ құрышы қанды. Бүгінде брендке айналған балы, шипалы арасаны, шалқыған шаруашылығы Алтайдың атын асқақтатып тұрғаны ақиқат екенін екі ақын екпіндете жырлады. Шешен тілді Шұғайып Сезімханұлы: «Алтайым шекараның шебінде тұр, кірпік ілмей күзетіп ел күзетін, Түркінің тал бесігі Катоныма, кез келді аудан атын бергізетін, халық көшіп қаңырап жатыр екен, кез емес ғой керуен кері жүретін… қаракөз қандастарға толтырайық, ел болып өр Алтайдың бергі бетін, елдің жетім болғаны жеткілікті, біз енді жасамайық жерді жетім», – деп көптің көкейіндегі түйткіл мен іштегі шерін жырмен жеткізді. Бүгінгі таңда «шекаралық аудан мәселесі» деген тақырып күн тәртібінен түспей келе жатқаны ақиқат. Төріңде отың жағулы, малың бағулы болмаса, туризмнің түтіні тік ұшпасы анық. Қос ақынға баға берер сәтте Жүрсін Ерман көпшіліктің қатарында отырған депутат Ерлан Сайыровқа ақындар тілге тиек еткен тақырыпты назарға алсаңыздар деген өтінішін айтты.

Ал ақындардың тағы бір жұбы болып Зайсанның жас бөрісі Ардабек Ақбаба мен моңғолиялық Серуен Әзімұлы шықты. Екі ақын егесе де, теңесе де жырлады. Десе де Алтайды жырлаудан Ардабектің асып түскенін халық төрешілерден бұрын байқады. Ардабек Ақбаба: «Алтайдың тауы да алтын, тасы да алтын, аңыз қылған көзімен көрген баба, Береліңнен табылды алтын адам, ашылып алтын қосып көмген мола, Оралхан, Қалихандай қаламгерлер, байлық ғой бауырыңнан терген жаңа, қойнауың қазынаға бай болған соң, алтын тау деп бабалар берген баға, әркім басып жүргенмен қара жерді, алтын басып жүргендер сендер ғана», – деп көңілі бай жұрттың жері де бай екенін екпіндете жырлап, ел қошеметіне бөленді.

Ақындардың легі осылай жалғасып жатты. Алтайды жырлауда қай ақынның да жағы талар емес, таңға дейін жіберсе де тізгін тартар емес. Өлшеулі уақыт өлеңші жұрттың тағы да айтса екен деген үміттерін үзіп жатты. Бір байқағанымыз, Оралхан мен Алтай егіз ұғымға айналып кеткендей көрінді. Алтайды жырлаған қай ақын болмасын жырының соңына Оралханның ойымен нүкте қойып жатты. Оралханның ой арқалаған қаламының сиясы текке төгілмеген көрінеді. Ол Алтайын алты алашқа танытыпты. Ал біз Алтайдың құдіретіне бас игенімізбен, қадіріне жете алмай келе жатқандаймыз. «Жүрген соң баурайында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, жергілікті жұрт өздерінің қандай жерде тұрып жатқандарын ақындар төгілте жырлағанда барып сезінгендей болды. Айқайлары Алтай шыңымен жаңғырығып, ұзақ-ұзақ шапалақ соғып жатты.

Алтайдың асқақ даласын тақырыпқа арқау еткен алғашқы  халықаралық айтыстың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрап, бас жүлдеге 5 миллион теңге тігілді. Түркі жұртының түп қазығы Алтайға жиналған жыр жүйріктер екі айналым жасап, өзара мықтыны анықтады. Ұтқыр тіл, ұтымды ойымен оза шапқан зайсандық ақын Ардабек Ақбаба айтыстың бас жүлдесін жеңіп алып, 5 миллион теңгені қанжығасына байлады. Осылайша, халықаралық айтыста жаңа есім жұртқа танылып, мықтылардың қатарын толықтырды. Ал екі миллион теңгелік бірінші орынның сыйлығы қызылордалық ақын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бір миллион теңгеден жүлде тігілген екі екінші орынды Рүстем Қайыртайұлы мен Еркебұлан Қайназаров еншіледі. Айтыстың үшінші орнын өзбекстандық Талғат Орынбеков пен алматылық Хазірет Бердіхан жеңіп алып, 500 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындардың да қоржыны бос қайтқан жоқ. Осылайша, асқақ Алтай айтыс өнерін көгіне бір көтеріп, көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады.

– Айтысқа, жыр сайысына жиналған жұртқа рахмет. Басты мақсатымыз – өнерімізді, өлкемізді өзгеге таныту. Алтайдың бай даласын, тарихын жырға қосып, туристердің назарын аудару. Осындай жыр додасы елімізде көп болсын, – деді айтыстың қаржылық демеушілерінің бірі Серік Толықпаев.

Елдің рухани шөлін қандырған шара этникалық әуендер фестивалімен жалғасты. Жалынды жыр, әуезді әуенмен тербелген жұрт Balkaragai Tunes этнофестиваліне қарай бетбұрды.

Осы айдарда

Back to top button