Басты

Алтайдағы аулалар қайта жөнделеді

Келесі жылы Алтай қаласындағы аулаларға спорт алаңқайларын салуға 100 млн. теңге бөлінеді. Бұл жөнінде осы ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

Аймақ басшысы әткеншектер, сырғанақтар мен көше спортымен айналысуды мақсат еткендерге арналған түрлі спорттық құрылғылар орнатылған балалардың ойын және спорт алаңқайларын аралап шықты. Барлық спорт алаңдарында балаларды жарақат алудан қорғайтын арнайы төсемелер төселген. Күннің суығына қарамастан алаңқайларға жиналатын балалар мен жастардың қарасы көп екенін айтқан қала тұрғындары облыс әкіміне алғыстарын білдірді.

– Ауданымызды абаттандыруға күш салып жатқаныңызға  алғыс білдіреміз. Қаламыз кішкентай болса да, тарихы тым тереңнен басталады. Ендігі арманымыз – қаламыздағы тұрғындардың көшіп кетпеуі. Әсіресе, мұнда жастардың қалғанын қалаймыз. Балаларымызға, жастарымызға арнап осындай игі істердің атқарылып жатқанына көңіліміз қуанады. Алдағы уақытта ауламызды жасыл желекке көмкеруді де ойластырып отырмыз, – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Асубаева.

Бүгінгі таңда Алтай қаласында  балалардың үш ойын алаңы қайта жөндеуден өтіп, көше спортымен айналысамын деушілерге арнап жаңадан 12 «street workout» алаңқайы орнатылған. Келесі жылдан бастап мұндай алаңқайлар саны одан әрі көбейе түспек.

– Біз сіздердің қалаларыңыздың келбетін өзгертеміз. Осындай спорт алаңдары мен аулалардың санын әлі де көбейтеміз. Сондықтан келесі жылы спорттық және ойын алаңдарының санын көбейтуга 100 млн. теңге бөлетін боламыз. Сол себепті бұл жұмысқа жергілікті кәсіпкерлерді жұмылдырыңыздар. Бұдан бөлек, қалада қысқы спорттық кешен бар, ал алдағы жылы Алтайға ірі спорт кешенін салуды да қарастырамыз, – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ балалардың ойын алаңқайларында орнатылған кейбір құрылғылардың сапасына байланысты сын айтқан аймақ басшысы әлі де жетілдіре түсетін жайлардың жоқ еместігін тілге тиек етті. Мұның алғашқы тәжірибе екенін алға тартқан аудан басшысы Нұржан Тоқсейітов алдағы уақытта ыңғайсыз темір сырғанақтарды пластмассадан жасалған сырғанақтарға ауыстыруға уәде етті.

– Қаладағы осындай іспен айналысатын барлық кәсіпкерлерді жинаңыздар. Мұндай құрылғыларды жасауда тұрған қиындық жоқ деп ойлаймын. Сапалы жасауға тырысыңыздар. Алдағы уақытта аулаларға сапасыз жасалған құрылғыларды орнатудан аулақ болыңыздар, – деді облыс әкімі. 

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button