Қоғам

Алтайда сабаншы фототұзаққа түсті

Алтайда сабаншы фототұзаққа түсті

Алтайдың мәңгі қар басқан құзар шыңдарында сабаншы мекендейді. Таяуда Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан фототұзақтарды тексеру барысында өте сирек кездесетін сабаншының фототұзаққа ілінгені белгілі болды.
Дүниежүзінің және еліміздің «Қызыл кітабына» енген сабаншыны «манул мысығы» деп те атайды. Ұлттық табиғи парктің жануарларды қорғау және өндіру бөлімінің бастығы Ерік Қасымовтың айтуынша, Алтайда сабаншының мекендейтінін фототұзақ арқылы анықтау еліміздегі айтулы ғылыми жаңалық болып отыр. Себебі, осы уақытқа дейін аталған аң ешқандай фототұзаққа ілінбеген екен. Яғни, бұл сурет сабаншының табиғи парк аумағында мекендейтініне бұлтартпас дәлел бола алады. Алтай орманының Сарыбет учаскесіне қойылған құрылғыға сабаншының дене бітімі анық түсірілген. Биологиялық анықтамасына келер болсақ, жыртқыштар отрядының мысық тұқымдастарына жататын аң латынша – Otocolobus manul, моңғолша мануул деп аталады. Дене тұрқы 52-65 сантиметрді құраса, салмағы 4-5 еліге тең. Үй мысығына ұқсас жыртқыштың үлпілдек жүні ашық сұр, қоңырқай түсті болып келеді. Арқа жонында көлденеңінен жіңішке алты-жеті қара жолағы бар. Құйрығы келте болғандықтан, арқасындағы жолақтары анық көрінеді. Құлақ қалқандары кішкентай, самайында сақалы бар. Інін жартас арасына, кейде ірі бос апандарға салатын манул ақпан-наурыз айларында мауығып, сәуір-мамыр айларында күшіктейді. Жемін ымыртта, түнде аулайды.
Сабаншы далалы жазықта, жоталы, жартасты жерлерде, сондай-ақ, теңіз деңгейінен 1000 метрлік биіктіктерде кездесуі мүмкін. Қысқы уақытта қардың қалыңдығы 20-30 сантиметрге жететін аймақтарда жүреді. Жалпы, жасырын өмір сүретін аң болғандықтан, сабаншы туралы толық ақпарат аз кездеседі. Үстірт, Мұғалжар жоталарында, Қаратау, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Оңтүстік Алтайда тараған. Ресейдің Алтай, Тыва, Краснодар өлкелерінде мекендейді. Аңшылық пен апандарын бүлдіру, өрт апаттарынан саны азайып кеткен аң өте сирек кездеседі.
Сондай-ақ бұл жолы фототұзаққа қар барысының екінші мәрте түскені белгілі болды. Парк аумағындағы аң-құстарды анықтауда аға ғылыми қызметкер А.Челышев, саяткер-биолог А.Мүбәрәков, Аршаты орманшылығының инспекторлары Н.Бәдисолтанов пен М.Омаровтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Катонқарағай ұлттық табиғи паркінде фототұзақ құрылған уақыттан бері Алтайды мекендейтін марал, қасқыр, күдір, қоян, аю, сілеусін, құны, түлкі, суыр, ұлар және қар барысы сияқты жабайы аң-құстардың суреттері алынды.

Думан Нұрланұлы

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button