ҚоғамТОП

Алтайда қоқыс жинаудың қанатқақты жобасы жүзеге асырылады

Кейінгі уақытта Алтай қаласының тұрғындары тарапынан қоқыс шығару қызметінің сапасына қатысты көп сын айтылып жүр. Бұған қоқыс төгетін контейнерлер мен оны тасымалдайтын техниканың ескіруі сияқты факторлар да әсер етуде.

Ал жергілікті билік аталған мәселені шешудің бірнеше жолы бар екенін айтады.

Жалпы, Алтай қаласы контейнерлік қоқыс жинау әдісіне 2007 жылы көшкен. Сол кезде коммуналдық шаруашылықтың көпсалалы кәсіпорны контейнерлік алаңдар мен контейнерлер қорын дайындаған болатын. Сол сияқты «Казцинк» ЖШС-нің қолдауымен қоқыс таситын екі көлік сатып алынған. Тағы бір көлік – ГАЗ-52 машинасы қоқыс тасу мақсатына бейімделіп қайта жасалған-ды.

Содан бері контейнерлер де, өзге жабдықтар да жаңартылмаған. Кәсіпорын жекешелендірілгеннен кейін, яғни 2017 жылы жаңа меншік иесі «Зырян-Тәртіп» ЖШС қосымша 100 контейнер сатып алған. Қазір қалада 264 контейнер бар болса, оның 60 пайызы пайдалануға жарамсыз.

Сондай-ақ шаһардағы қоқыс таситын көліктер де әбден ескірген. Осыны ескерген жергілікті атқарушы билік мәселені шешуге бағытталған бірқатар іс-шара қабылдап отыр.

Біріншіден, қоқысты бөлек жинауға мән берілуде. Бұл – қалдықтарды сұрыптап, тиімді пайдаланудың бірінші кезеңі. Аталған бағыттағы іс-шаралар аясында жер-жерде контейнерлер орнатылып, қалдықтарды бөлек жинау жөнінде тұрғындармен түсіндіру жұмысы жүргізілмек. Қазіргі уақытта 90 контейнер сатып алуға және 17 қоқыс алаңын ретке келтіруге қатысты мемлекеттік сатып алулар ұйымдастырылған. Аудандық мәслихаттың шешімімен қосымша 100 контейнер сатып алуға тағы 6 миллион теңге бөлінген.

Екінші кезектегі мәселе – техниканы жаңарту. Бұған дейін 45,5 миллион теңгеге қоқыс таситын көлік сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алулар жарияланған болатын. Оның қорытындылары 25 маусымда шығады. Техниканы жеткізу мерзімі екі айға дейін созылуы мүмкін.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1-санаттағы нысандарына арналған экологиялық рұқсатнаманы қайта ресімдеу үшін объект операторы қалдықтарды басқарудың 2024-2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу мақсатында жобалаушы ұйыммен келісімшарт жасасты. Аталған бағдарлама әзірленгеннен кейін облыстық экология департаментіне өтініш пен талап етілетін құжаттар жіберілетін болады. Осылайша экологиялық рұқсат 10 жұмыс күні ішінде алынады, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Бұл – облыс басшылығының тікелей бақылауындағы мәселе. Жуықта Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев құзырлы органдарға қалыптасқан жағдайды реттеу жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Алтайдағы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі еліміздің экология министрі Ерлан Нысанбаевтың Алтай ауданы тұрғындарымен болған кездесуінде де көтерілген. Нәтижесінде қоқысты жинау және кәдеге жарату жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Жобаға «Жасыл Даму» қоры арқылы несие қаражаты берілетін болады.

Осы айдарда

Back to top button