«Алтайға» бір жеңіс жете ме?

«Алтай» кезекті жеңісіне қол жеткізді. Футболдан екінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 27-ші турында Көкшетауда жергілікті «Оқжетпестің» жастар құрамымен кездескен шығысқазақстандық клуб 4:0 есебімен ірі жеңісін тойлады.
Ойындағы есепті матчтың 35-ші минутында Дәурен Қайқыбасов ашты. Жалпы, Дәурен үшін биылғы біріншілік өте сәтті өтуде деуге болады. Қарсыластар қақпасын 18 мәрте дәл көздеген «Алтайдың» жартылай қорғаушысы әзірге чемпионаттың мергендер көшін бастап келеді. Сондай-ақ, бұл күні көкшетаулық команданың қақпасына Арман Нүсіп (дубль) пен Бауыржан Тәңірберген гол соқты.
Осы жеңісінен кейін жерлестеріміз турнирлік кестедегі көшбасшылық позициясын одан сайын нығайта түсті. Біріншілік аясында 27 кездесу өткізген алтайлықтар оның 20-сында жеңіске жеткен. Тағы төрт ойын тең аяқталса, қалғандарында «Алтайдың» қарсыластары жеңімпаз атанған. Бұл ретте, биылғы чемпионаттың аяқталуына үш-ақ тур қалғанын айта кеткен жөн. Әзірге қоржындарында 64 ұпайы бар Сергей Тимофеевтің жігіттері екінші орында келетін алматылық «Қайраттың» жастар командасынан жеті ұпайға озып тұр. Яғни, бірінші лига командалары арасындағы чемпионатқа жолдама алу үшін жерлестерімізге енді бір рет жеңіске жетсе жеткілікті.
Осы тұста, команданы бірінші лигаға өткізбес бұрын оның қаржылық жағдайы мұқият тексерілетінін де айта кеткен абзал. Яғни, «Алтай» спорттық жағынан осал болмаса да, егер қалтасы көтермесе, бірінші лигаға жіберілмей қоюы да әбден мүмкін.
Келесі турда «Алтай» өз алаңында «Тараздың» жастар құрамын қабылдайды. Аталмыш ойын 14 қазан күні Семейдегі «Спартак» стадионында өтеді.
Нұржан Кенжеұлы