Алтайға ат арытып мажар келді

Өр Алтайға Астанадан атпен шыққан қос мажар келіп кетті. Беталыстары Моңғолия көрінеді.
Қарсы алушы топ оларды Күршім мен Катонқарағай аудандарының шекарасында күтіп тұрған. Сонадайдан сар желдіріп қос атты көрінді. Атқа отырыстары қазаққа ұқсамағанмен, тақымдары тастай. Біреуі үстіне қазақтікіне ұқсас ұлттық киім киіпті. Былтыр Астанадағы ЭКСПО қалашығына атпен кірген Иштван Бенце есімді ағайын осы. Бұл жолы да өзімен бірге Шемиз Фаркош дейтін досын ерте келіпті. Оның да ұлты мажар. Иштван орыс тілін жақсы меңгерген болып шықты. Қазақ пен мажардың тегі бір екенін, өздерінің кезінде Алтайдан батысқа көшкен қыпшақтардың бір тармағы екенін майын тамыза әңгімелеп тұр. Қаны бір, ділі ұқсас бауырлас екі ұлттың бөгде тілмен түсінісіп тұрғаны сырт көзге ерсілеу көрінеді екен. Осы қынжылысымызды байқады ма, Шемиз Фаркош та әңгімеге араласты. Оның қазақшасы досына қарағанда көшілгері сияқты. Шашу шашылып, қымыз ұсынылғанда қазақшалап алғыс айтқаны жаттанды сөздер емес екеніне сонда барып көзіміз жетті.

Орысша-қазақша аралас айтылған әңгімеден Иштванның негізгі мамандығы тіс дәрігері екенін ұқтық. Жақ сүйектеріне ота жасайтын да қабілеті бар көрінеді. 54 жастағы үш баланың әкесі жаз шыға көшпенділердің рухын іздеп, әлемді шарлауды әдетке айналдырған. 43 жастағы Шемиз Фаркош екеуін табыстырып жүрген сол баба тарихқа деген іңкәрлік. Әйтпесе, Шемиздің кәсібі мүлде басқа. Этнограф әрі суретші Шемизге Иштван досымен бірге өткізген салт атты сапарлар шығармашылық шабыт сыйлайтын көрінеді.
– Қазақ даласына табаным тигенде өз үйімде жүргендей күй кешемін. Өйткені, қазақтар да мажарлар сияқты ақжарқын, қонақжай. Батыстағы бірден-бір туысқандарыңыз бізбіз, – дейді Иштван Бенце.
Атты жиһанкездер Қазақстанға ең алғаш 2009 жылы келіпті. «Алтын адамнан Атиллаға дейін» деп ат қойған экспедициялары 6500 шақырымға созылыпты. Оның барлығын қос мажар атпен жүріп өткен. 2012 жылы Будапешт пен Астананың арасындағы 6000 шақырым соқпақты атпен жалғаса, өткен жылы ЭКСПО көрмесінен шыға сап, Каспий дариясына дейін 2500 шақырымды ат үстінде өткізген.
Ұшақ, автокөлік, отарба сияқты көліктің озық үлгілері тұрғанда бұл екі мажар неге тақымдарын қажап жүр деген сауал туындауы мүмкін. Еуропаның бір қуысында қысыла-қымтырыла өмір сүріп жатқан қыпшақ ұрпақтары бір кездегі дәуірлі жылдарды, қонақжай тұрмысты аңсайтын сияқты. Жыл сайын қазақ даласын айналсоқтап жүруін «ат айналып қазығын табадының» мысалы деп түйдік.
Биылғы сапар 8 маусымда Ерейментаудан басталыпты. Ол жақтан Екібастұздың кенге толы қойнауын шарлап, Баянауыл арқылы Шығысқа жеткен екен. Айтуларына қарағанда, тоқтаған жердің бәрінде қарапайым ауыл тұрғындары алыстан ат арытып жеткен ағайындарды жылы қарсы алып, сыпайы жол сілтеп отырыпты.
– Шығыс Қазақстанда алғаш тоқтаған бекетіміз Алғабас дейтін ауылдық округ болды. Семейліктер бізді серідей күтіп, салға лайық құрметпен қарсы алды. Өзімізді көшпенді елдің рыцарьларындай сезіндік. Абай, Жарма, Күршім, Көкпекті аудандарында да өгейсіген кезіміз болған жоқ, – дейді Шемиз Фаркош.
Шығыстың бірде көл, бірде шөл, бірде тау, бірде бау болып келетін салқар жазирасын түгелдей атпен кезу бұлар үшін қиынға соққан сыңайлы. Жолдың
қиын бөліктерін көлікпен еңсергендерін жасырмай айтты.

– Бабаларымыз Алтайдан Альпіге дейін атпен жеткенін білеміз ғой. Сол жолды кері жүріп өткіміз келген. Қыпшақтар бүгінгі Еуропадағы ұрпақтарынан әлдеқайда төзімді болған сияқты. Мінген атымыз да үздіксіз жолға шыдамайтынын аңғардық. Сол үшін аттың белін демалтып, аялдап отыруға да тура келді, – дейді Иштван.
Будапешт қаласында Астана атты көше бар. Сол көшенің ең көрнекті жерінде Абайдың ескерткіші тұр. Бұл жолғы сапарында сол Абайдың әлеміне дендеп енгендеріне қуанышты мажарлар.
Өзінен 11 жас кіші болса да, Шемиз Иштванға ұстаз атанып үлгеріпті. Қазір ол досына қазақша үйретіп жүр.
«Қазақ пен мажар тілінде ұқсас сөздер көп екен. Сіздер «ана» десеңіздер, біз «аня» дейміз, сіздер «ата» десеңіздер, біз «атя» дейміз. Сондықтан тіл үйрену аса қиын емес сияқты», – дейді.
Алыстан шын мағынасында ат арытып келген меймандарға катонқарағайлықтар арнайы бағдарлама дайындап қойыпты. Өлкетану музейлерін аралап, мәдениет үйлерінде түрлі қойылымдарға көрермен болды. Екі-ақ адамға осынша құрмет көрсетілуін қанға тарту деп бағаладық. Әйтпесе, Өр Алтайға кімдер келіп, кімдер кетпей жатыр!
«Қазір Ұлы Жібек жолын экономикалық мақсатқа пайдаланғысы келетіндер пайда болды. Ал біз оны Еуразияның рухани қантамыры болған деп білеміз. Жібек жолын осы тұрғыда қайта жандандырғымыз келеді. Қазақта «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дейтін мәтел бар. Сол үшін екеулеп, әрі атпен шықтық». Иштванның әзілінде астар бар негізінде.

Саяхатшылардың ендігі нысаны – Берел қорымдары. Бұл жерде олар прототүркілердің рухына тағзым етіп, әрі қарай Ресей арқылы Моңғолияға аттанады. Шыңғысханның түп мекені Қарақорымда болып, Будапештке сол жақтан ұшақпен қайту жоспарланыпты.
Келесі жылы қос мажар Қытай, Корея және Жапония мемлекеттерінен көшпенділердің рухын іздемекші. Жергілікті жолсеріктермен бірге олар Берелге бет алды. Бір қолдарында тізгін, бір қолдарында бейнекамера. Жүрген-тұрғанын таспаға түсіру олардың ежелгі машығы болса керек. Кейін бұл сапар да бұрынғылары сияқты Еуропа қалаларындағы фотокөрмеге айналады.
Есжан Ботақара