Руханият

Алтай жұрты ардақты жазушысын еске алды

Алтай жұрты ардақты жазушысын еске алды

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, жерлесіміз Дидахмет Әшімханұлына арналған «Бүгінгі қазақ әдебиеті және Дидахмет Әшімханұлы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Шара барысында аталмыш білім ордасының №9 оқу ғимаратында Дидахмет Әшімханұлы атындағы баспасөз орталығы ашылды.
– Қарап отырсақ, Катонқарағай жерінен жезтаңдай әнші, дәулескер күйші шықты дегенді көп естімейміз, есесіне Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқар сынды керемет сөз зергерлерін дүниеге әкелген киелі алтын бесік. Жастарға үлгі-өнеге боларлық осындай шараны ұйымдастырып отырған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ұжымына, облыстық білім басқармасына үлкен рақмет. Өздеріңіз жақсы білетін Дидахмет Алтайдың мұңын мұңдап, әдебиеттің жоғын жоқтап жүретін абзал аға еді. Қаламының қарымды, толысқан шағында өмірден ерте қайтса да, қазақ әдебиетіне көп дүние қалдыра алды. Дидағаң сондай үлкен жұмыстарды тындырып жүрсе де ағаға деген ілтипаты мен ініге деген ізетінен айырылмайтын жібек мінезді жан еді. Қалың елі, қазағы барда ол кісі мәңгі өлмейді, бүгінгі шара Дидахмет Әшімханұлының екінші өмірінің басталғанын дәлелдеп отыр, – деді Жақсылық Омар.
Конференцияға Астанадан арнайы келген Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин жазушының елден ерекше тұстарын тілге тиек етсе, Түркістан қаласынан келген Дидағаңның сырлас-досы, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Түркология» ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Еркөбек «Ұлттық рух жаршысы» атты баяндама жасап, жан досы туралы құнды естеліктер айтқанда өзінің де, тыңдарманның да жанарына еріксіз жас үйірілді. Шәкерім атындағы СМУ-дың қазақ тілі және әдебиет кафедрасының доценті Айман Ақтанова «Дидахмет Әшімханұлы – қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі» атты баяндама жасап, қаламгердің шығармаларына кеңінен тоқталып, талдау жасаса, жазушы Әлібек Қаңтарбаев бала күндерінен естелік айтты. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ тілі және әдебиет кафедрасының доценті Гаухар Рахымбаева «Дидахмет Әшімханұлы шығармаларының ұлттық идеясы» тақырыбында баяндама жасап, қаламгердің ең соңғы жазған «Жынды жел» атты шығармасының ерекшеліктеріне тоқталды. Жиын соңында бұл шараны дәстүрлі түрде өткізіп тұру қажеттілігі айтылды. Шара студенттердің дайындаған жазушыны еске алуға арналған әдеби-сазды кешімен түйінделді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button