Қоғам

«Алтай» жартылай финалда

«Алтай» жартылай финалда


Өскеменнің «Алтайы» Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтіп жатқан клубтар арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Волейболшы қыздарымыз кеше өткен ширекфиналдық кездесуде Корей Халық Демократиялық Республикасының «25-ші сәуір» командасынан басым түсті. Бес партияға созылған бұл матчтың алғашқы кезеңі алтайлықтардың пайдасына аяқталды, есеп 25:22. Алайда, бұдан кейінгі екі партияда солтүстіккореялық волейболшылардың мерейі үстем болды. Екінші кезеңде 15:25 есебімен ұтылған жерлестеріміз үшінші партияда да қарсыласына бірнеше доп айырмашылығымен жол беріп қойды, 19:25. Дәл осындай сын сағатында өскемендік ұжымның беткеұстар ойыншылары Сана Анарқұлова, Ольга Дробышевская мен Кристина Аниконованың шеберліктері байқалады. Бұл жолы да солай болды. Аталған үштік командаластарына күш-жігер беріп, жеңіске жетеледі. Нәтижесінде төртінші партияны өз пайдасына аяқтаған (27:25) Юрий Панченко шәкірттері матчтағы есепті теңестірді. Соңғы кезеңде де «Алтай» волейболшылары қателікке бой алдырмады. 15:12. Қорытынды есеп 3:2.
Осы жеңісінің арқасында өскемендік команда кезекті рет құрлықтық доданың жартылай финалына шықты. Еске салайық, бұған дейін «Алтай» волейболшылары үш жыл қатарынан Азия чемпионатының үздік төрттігін түйіндеген болатын. Енді Қазақстан чемпионы Өскеменде өткен соңғы екі Азия біріншілігінің триумфаторы тайландтық «Суприммен» кездесіп, финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Айта кетейік, чемпионаттың жартылайфиналдық ойындары бүгін өтеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button