Қоғам

«Алтай» волейбол клубы құрылды

«Алтай» волейбол клубы құрылды

Шығыстың намысын енді байрақты бәсекелерде жаңа атауды еншілеген «Алтай» волейбол клубы қорғайтын болады. Бұл туралы Өскеменде өткен клубты таныстыру рәсімінде айтылды.
Түсіндіре кетейік, «Алтайдың» құрамы негізінен бұрынғы облыс құрамасы «Шығыс-СвинецСтрой» ұжымының өкілдерінен жасақталған. Сонымен қатар жаңа команда Семей, Орал, Алматы, Астананың волейболшыларымен, Ресей және Украинаның легионерлерімен күшейтілген.
– Биылдан бастап біз ел біріншілігінде және кубогінде «Алтай» деген атпен өнер көрсетеміз. Мақсатымыз – үздік үштіктен көріну. Команда жаңадан құрылғанмен, онда ойнайтын спортшылардың тәжірибесі мол, шеберліктері жоғары. Қыздар командасы осы жылы бірінші рет ұлттық лигаға қатысқалы отыр. Өйткені, олар былтыр жоғарғы лигада бірінші орын алған. Команда негізін өзіміздің өңірдің волейболшылары құрайды, сол секілді біржылдық келісімшартпен шетелдік ойыншыларды тарттық, – дейді «Алтай» волейбол клубының директоры Досжан Уалханов.
Иә, өткен маусымда білікті бапкер Олег Сычевтан тәлім алатын қыздар командасы тамаша жетістікке қол жеткізді. Еліміздің А жоғары лигасында қарсылас шақ келтірмеген жерлестеріміз үздік нәтиженің арқасында биылдан бастап ұлттық лигада жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Соған сәйкес команданың қатары да мықтылармен толығыпты. Айталық, Ресейден Евгения Ильина, Дарья Нестеренко, «Астана» клубынан Кристина Трубина сынды шебер ойыншылар шақыртылған екен. Алдағы маусымға тас-түйін дайын тұрған аруларымыздың ендігі мақсаты – еліміздің үздіктері қатысатын лигада алдыңғы бестіктен көріну.
«Алтай» ерлер командасында да өзгерістер жетерлік. Ең бірінші кезекте ұжымның бас бапкері жаңадан тағайындалды. Бұл жауапты қызмет Оралдың «Конденсат-Жайықмұнай» клубын биік белестерге шығарған Игорь Никольченкоға жүктелсе, команданың капитандық міндеті украиналық легионер, спорт шебері Сергей Гуменюкке тапсырылды. Айта кетейік, Гуменюк бұған дейін Киевтің «Локомотив», Одессаның «Дорожник» секілді белді ұжымдарында ойнап, Украинаның VIII дүркін чемпионы атанған. Өз елінің кубогін бес мәрте жеңіп алған тәжірибелі волейболшы.
Сондай-ақ, «Алтайдың» айбынын асыратын легионерлер қатарында атанның белін қайыстырар атақ-дәрежелері бар украиналық Василий Тупчийді, ресейлік Юрий Зенко мен Василий Донецті атап өтуге болады.
Жаңа ұжымды жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таныстыру барысында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов «Алтай» атауына қатысты пікірін білдірді.
– Меніңше, клубтың атауы өте орынды қойылды. Алтай бұл біздің Шығыстың ғана емес, бүкіл еліміздің брэнді. Болашақта жаңа клуб республикада, сондай-ақ, халықаралық аренада танымал болады деп сенеміз. Алға қойып отырған мақсатымыз да жоғары. Ұлттық лига мен Қазақстан кубогінде жүлделі орындарды иелену, – деп түсіндірді Елдос Чикенов.
Алайда басқарма басшысы журналистер тарапынан қойылған команданың бюджеті, қаржыландыру, демеушілер тарту туралы сауалдарға нақты жауап бере алмады. Оның айтуынша, қаржылық мәселелер жыл соңына дейін бір шешімін таппақ. Әзірге мәселенің басы ашық күйінде қалып тұр. Ал жаңа ойын маусымы болса көп ұзамай жалауын желбіретпек.
– Қазір алдын ала келісілген бір демеушімен келіссөздер жүріп жатыр. Осы жылдың соңына дейін клубтың бюджеті мен демеушісі анықталады, – деп түсіндірді өңіріміздің бас спортшысы.
Жиында «Алтай» клубының ерлер және қыздар командаларының жейделері мен эмблемалары, ойыншылардың толық құрамы таныстырылды. Төменде бапкерлер мен ойыншылардың аты-жөндері, былтырғы маусымда ойнаған (жаттықтырған) командасының атауы көрсетілген.
«Алтай» ерлер командасының құрамы:
Бас бапкер – Игорь Никольченко («Конденсат-Жайықмұнай»)
Гуменюк Сергей – байланыстырушы (спорт шебері, Украина, «Гомель»)
Қуаныш Семейханов – либеро (қорғаушы) («Шығыс-СвинецСтрой»)
Әсет Базарқұлов – орталық шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Дамир Акимов – орталық шабуылдаушы («Семей»)
Юрий Зинько – шабуылдаушы (Украина, «Тюмень»)
Василий Донец – шабуылдаушы («Алматы»)
Василий Тупчий – диагональды ойыншы (Украина, «Конденсат-Жайықмұнай»)
Ермек Мертаев – диагональды ойыншы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Денис Чагодаев – орталық шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Еркін Нұрмұқашев – либеро (қорғаушы) («Шығыс-СвинецСтрой»)
Жансерік Жұмағалиев – шабуылдаушы («Шығыс-СвнецСтрой»)
Александр Жуков – байланыстырушы («Шығыс-СвинецСтрой»)


«Алтай» әйелдер командасының құрамы:

Бас бапкер – Олег Сычёв («Шығыс-СвинецСтрой»)
Кристина Аниконова – орталық шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Елена Малахова – либеро (қорғаушы) («Шығыс-СвинецСтрой»)
Кристина Трубина – орталық шабуылдаушы («Астана»)
Дарья Нестеренко – байланыстырушы (Ресей, «Алтай», Барнаул)
Екатерина Сахарова – шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Диана Бортникова – шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Евгения Ильина – шабуылдаушы (Ресей)
Сабина Ойратқызы – шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Мөлдір Жақсыбаева – шабуылдаушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Елизавета Мейстер – байланыстырушы («Шығыс-СвинецСтрой»)
Светлана Кимасова – диагональді ойыншы («Шығыс-СвинецСтрой»)

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button