Қоғам

«Алтай» тұңғыш рет ел чемпионы атанды

«Алтай» тұңғыш рет ел чемпионы атанды

Өскемендік «Алтай» волейбол клубы өзінің тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атағына қол жеткізді. Облыс орталығында алты күн бойы жалғасқан Ұлттық лига ерлер командалары арасындағы Геннадий Гончаровты еске алуға арналған Қазақстан чемпионатының төртінші ортақ айналым ойындары барысында қарсыластарынан оқ бойы алда болған жерлестеріміз үздік ойын өрнегін көрсетті. Ала допты алақандарында ойнатқан саңлақтарымыздың жеңісті матчтарын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ арнайы келіп тамашалады.
Естеріңізге салайық, «Алтай» клубы өткен жылы Өскемен мен Семей волейбол командаларын біріктіруден құрылған болатын. Шыны керек, бастапқыда спорт шенеуніктерінің мұндай қадамына күдіктене қарағандар көп болған еді. Алайда, іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Бар болғаны бір жылдың ішінде жаңа команда тамаша нәтижеге қол жеткізіп, ел чемпионы атанды. Енді өскемендік команда Азияның клубтық чемпионатында Қазақ елінің намысын қорғайтын болады.
Тағы бір айта кетер жайт, жеңімпаз команданың оннан астам ойыншысы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативтерін орындады. Өз кезегінде жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалмай, алдағы уақытта «Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері» атағына ұсынылмақ.
«Алтай» клубының бас бапкері Игорь Никольченко айтып өткендей, жеңіске жеткен ойыншылар қазірдің өзінде жаттығуларын үзбей, алдағы байрақты бәсекелерге қызу дайындалуда.
– Екі клубты қосудан біз мемлекеттен бөлінетін қаржыны үнемдеп қана қоймай, мықты ойыншыларды бір командаға біріктірдік. Осылайша, отандық қана емес, шетелдік азулы қарсыластарға да төтеп беруге қауқары жететін команда жасақтадық. Бұл жеңіс – Шығыс Қазақстан волейболының тарихында болмаған үлкен жетістік. Жалпы, алдағы уақытта «Алтай» футбол клубының жұмысын да дәл осындай жүйе бойынша жүргізбекшіміз. Келер маусымда спортшыларымыз бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетеді деп үміттенеміз, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов.
«Алтай» клубы ағымдағы жылдың тамыз айында Мяньмада өтетін волейболдан Азияның клубтық чемпионатына жолдама алып отыр. Аталған чемпионатқа 16 елдің командалары қатысады. Өскемендік клубтың бас бапкері Игорь Никольченконың пікірінше, бұл додада жерлестеріміз кем дегенде үздік сегіздіктің қатарына кіруі тиіс.
Ал енді жарыстың өзіне келетін болсақ, ерлер арасындағы турнирге сегіз команда қатысқан-ды. Атап айтқанда, «Алматы» (Алматы), «Атырау» (Атырау), «Тараз» (Тараз), «Динамо-Қазығұрт» (Шымкент), «ТНК-Қазхром» (Хромтау), «Павлодар» (Павлодар), «Есіл-СК» (Петропавл) және «Алтай» (Өскемен) волейбол клубтары өзара сынға түскен. Өскемендегі соңғы тур ойындары алдында топ бастап келе жатқан біздің волейболшылардың негізгі қарсыластары ретінде «Алматы» мен «Павлодар» командалары саналған еді. Нәтижесінде жүлделі орындарды осы үштік өзара сарапқа салды. Чемпионат қорытындысы бойынша топ жарған «Алтай» командасы 64 ұпай жинаса, алматылықтар 58 ұпаймен екінші сатыға тұрақтады. Ал үздік үштікті қоржынына 53 ұпай салған «Павлодар» волейболшылары түйіндеді.
Біріншіліктің үздік ойыншылары құрамасына өскемендік команданың үш волейболшысы – Әсет Базарқұлов, Василий Тупчий және Юрий Зинько кіргенін айта кеткен жөн. Облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен еліміздің волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев қатысып, спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, алдағы дүбірлі додаларда сәттілік тіледі.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button