СпортТОП

«Алтай Торпедо» плей-офқа өте ала ма?

Ал "Торпедо" күні бұрын чемпион атануы мүмкін

«Торпедо» ел біріншілігіндегі қарсыластарынан ұзай түсті. Қазір көш басындағы өскемендік ұжым екінші орындағы «Сарыарқадан» 20 ұпайға алда тұр. Бұлай жалғаса беретін болса, Олег Болякин жаттықтыратын команда күні бұрын тұрақты чемпионат жеңімпазы атанып қоюы ғажап емес.

Әрине, бұл тек тұрақты чемпионат екенін, алда командаларды тосынсыйға толы плей-офф кезеңі күтіп тұрғанын ұмытпау керек. Қалай дегенде де, «Торпедоның» қазіргі аяқ алысы жаман емес. Бүгінге дейін ел біріншілігі аясында 39 кездесу өткізіп үлгерген өскемендік команда бұл ойындарда қарсыластар қақпасынан 133 рет саңылау тапқан. Осы ретте, «торпедолықтардың» қорғаныста да сауатты ойнай бастағаны қуантады. Ел чемпионаты басталғалы бері өз қақпасына 51 шайба жіберген жерлестеріміз қазір ең қорғанысы мығым команда атанып отыр.

Елішілік жарыстың соңғы екі турында өз айдынында Петропавлдың «Құлагерін» қабылдаған «Торпедо» қос кездесуде де жеңіске жетіп, кезекті ұпайларына қол жеткізді. Қарсыластар арасындағы бірінші матчта 2:0 есебі тіркелді. Бұл жолы өскемендік команда сапында қазақстандық шабуылшылар Дмитрий Гренц пен Артем Лихотников көзге түскенін айту керек.

Есесіне, қарымта ойын мүлдем өзгеше сарында өрбіді. Аталмыш матчта «Торпедо» ойыншылары екі мәрте ұтылып жатып есепті теңестіре білді. Бұл шайбаларды қорғаушы Дмитрий Стулов пен шабуылшы Александр Дзедаев соқты. Ал матчтың негізгі уақытының аяқталуына шамамен алты минут қалғанда Александр Угольниковтың соққысы нысанаға дөп тиді. Есеп – 3:2, «Торпедо» пайдасына. Бұл нәтиже ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

Осылайша, қоржынындағы ұпайлар санын 96-ға дейін жеткізген өскемендік ұжым алдағы екі матчтан кейін 100 ұпайлық белесті бағындыруы мүмкін. Ол үшін жерлестеріміз өз айдынында соңғы жылдары басты қарсыласына айналып үлгерген Қарағандының «Сарыарқасын» тізе бүктіруі қажет.

Газет беттеліп жатқанда «Торпедо» «Сарыарқамен» алғашқы кездесуін өткізіп, қонақтардан 4:2 есебімен басым түсті.

Өкінішке қарай, «торпедолықтардың» жеңісті жолын «Алтай Торпедо» хоккейшілері жалғастыра алмауда. Өскеменнің екінші командасы былтырғы ел кубогы үшін жарыста топ жарып, талайды таңғалдырғаны есімізде. Сол кезде хоккей мамандары негізінен жас ойыншылардан құралған бұл ұжымның болашағы зор екенін айтып, «Алтай Торпедоны» биылғы ел біріншілігінде жүлделі орындарға таласатын командаға балаған еді. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Әзірге жеңісінен жеңілісі көп жерлестеріміз турнир кестесінің төменгі жағында, небары 11-ші орында орналасуда. 40 ойыннан кейін 41 ұпай жинаған Досжан Есіркенов шәкірттері мына түрімен плей-офф кезеңінен де тыс қалуы мүмкін. Олай дейтініміз, қазір доданың келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік беретін сегізінші орындағы «Алматының» қоржынында 47 ұпай бар. Бір айта кетерлігі, «Алматы» «Алтай Торпедоға» қарағанда алты ойын кем өткізген.

Соңғы екі турда «Ақтөбемен» шеберлік байқасқан жерлестеріміз алғашқы ойында овертаймда 5:4 есебімен жеңіске жетсе, қарымта кездесуде қарсыластарына 0:4 есебімен жол беруге мәжбүр болды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button