Қоғам

«Алтай» телеарнасының жаңа жобасы

«Алтай» телеарнасының жаңа жобасы


Облыстық «Алтай» телеарнасы биылғы Жастар жылында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілер арасында «Жас маман» атты байқауды қолға алды.

Осыған орай департаментте өткен арнайы брифингте департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы мен облыстық телеарна директоры Аида Жабағиева жаңа жобаның негізгі мақсатын журналистермен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас маман» жобасына өңірдегі мемлекеттік қызмет органдарында жұмыс істеп жүрген, жасы жиырма тоғызға дейінгі 20 мемлекеттік қызметші алдын ала таңдалып алынған. Олар 12 ақпан мен 12 наурыз аралығында бір ай бойы облыстық телеарнаның oskementv.kz сайтында өз мүмкіндіктерін, жетістіктерін көрсетіп, сайысқа түспек. Жас мамандарға облыс тұрғындары аталған сайтта тегін түрде дауыс беріп, болашақ жеңімпазды анықтауға үлес қоспақ. Жеңімпаздар 13 наурыз күні арнайы ұйымдастырылатын шарада салтанатты түрде марапатталатын болады.

– Облыстық телеарнаның қызметкерлерінен осындай ұсыныс түскенде, бірден қолдадық. Алдымен облыс аумағында түрлі мемлекеттік органдарда қызмет істеп жүрген талантты жастар арасында іріктеу жасадық. Олардың ішінен 20 адамды арнайы таңдап алдық. Бұлардың он екісі жергілікті атқарушы органдарда істейтіндер болса, сегізі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдарындағы мемқызметшілер. Атап өтерлігі, жиырманың екеуі ауылдық округ әкімі болып қызмет етеді, – деді брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.

Департамент басшысының мәліметінше, қазіргі таңда өңірде мемлекеттік қызметте 1693 жас қызмет етуде. Бұл – барлық мемлекеттік қызметшілердің 23 пайызы. Ал аймақтағы басшылық құрамның бес пайызын тағы осы жастар құрайды. Облыста барлығы 243 ауылдық округ әкімдері болса, соның төртеуі жиырма тоғызға толмаған жастар екен. Бір сөзбен айтқанда, өңірде жастардың мемлекеттік қызметке келуіне толық жағдай туғызылып отыр. Мәселен, 2018 жылы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің лауазымдарына қатысқандардың елу пайызын да жастар құраған екен.

– Байқау 12 ақпанда ресми түрде басталды. Оған қатысып жатқан 20 жас қызметшінің суреттері мен олар туралы қысқаша нақты мәліметтер жарияланды. Байқау кезеңдерінде оларға өздерінің білімі мен біліктілігін таныстыруға, сол арқылы қызмет істейтін органының жұмысын көрсетуге мүмкіндік беріледі, түрлі бейне тұсаукесерлерін жасайды. Кез келген тұрғын «Алтай» телеарнасының жоғарыдағы сайтына кіріп, дауысын бере алады. Бір адам бір рет қана дауыс бере алмақ. Белсенді дауыс жинаған қызметкерлер студиядағы тікелей эфирлерге шақырылып, сұхбаттар жүргізіледі. Байқау барысында олар туралы толық ақпараттар беріледі. Сондай-ақ дауыс берудің барысын, әділ берілуін бастан-аяқ «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлері қадағалап, берілген дауыстарды тексеріп, нақты мониторинг жасап отырады. Сондықтан компьютерлік түрлі бағдарламаларды қолданып, көп дауыс жинау арқылы жеңіске жету мүмкіндігі мүлдем болмайды, – деді жиында «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының директоры Аида Жабағиева.

Байқауды ұйымдастырушылардың сөздеріне сенсек, дауыс беру алғашқы күннің өзінде қызу басталып, кей жас мамандар екі жүзге дейін дауыс жинаған екен. Атап өтерлігі, аталмыш байқау республика бойынша тек біздің облыста ғана қолға алынып отыр.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button