«Алтай» тағы да топ жарды

Талдықорғанда волейболдан ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Біріншіліктің финалдық сериясында үш ойынның қорытындысы бойынша жергілікті «Жетісуды» 2:1 есебімен тізе бүктірген Өскеменнің «Алтайы» кезекті рет ел чемпионы атанды.
Айта кетейік, Жетісу жеріндегі жарыстың шешуші кезеңі алдыңғы жылдардағы ел біріншіліктерімен салыстырғанда өзгеше форматта өтті. Ақтық кезеңге жолдама алған төрт ұжым бұрынғыдай бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша ойнамай, плей-офф ойындарында бақ сынасты. Демек, бұл жерде командалардың тұрақты чемпионатта жиған ұпайлары есепке алынбады. Ел чемпионы атануға төрт ұжымның да мүмкіндігі бар болатын. Алайда жарыстың осыған дейінгі кезеңдерінде озық ойын үлгісін көрсеткен алтайлықтар шешуші турда да шабысынан жаңылмады. Доп додасының қорытындысы бойынша Юрий Панченконың шәкірттері чемпионаттың күміс жүлдесіне ие болған талдықорғандық «Жетісудан» мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сөйте тұра, қарсыластар арасындағы серияның алғашқы кездесуі «Жетісудің» пайдасына аяқталды, есеп 3:1. Екінші күні «Алтай» талдықорғандықтардан дәл осындай есеппен есе қайтарды. Ал шешуші матчта қарсыластың адымын аштырмаған «алтайлық» арулар «жетісулықтарды» 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, осымен төртінші рет Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.
Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, чемпионаттың финалдық кезеңіне төрт команда шыққан болатын. Ел чемпионы «Алтай» алдымен жартылай финалда 3:0 есебімен «Алтай-2» командасынан басым түскен-ді. «Жетісу» болса, финалға берілетін екінші жолдама үшін Павлодардың «Ертіс-Қазхромымен» таласып, серияда 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, чемпионат қорытындысы бойынша «Алтай» – бірінші, «Жетісу» екінші орынға тұрақтаса, үздік үштікті қола жүлде үшін кездесуде «Алтай-2» командасынан айласын асырған «Ертіс-Қазхром» волейболшылары түйіндеді.
Енді ел чемпиондары сәл демалыстан кейін сәуірдің 27-сі мен мамырдың 5-і аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін клубтық Азия чемпионатына дайындықтарын бастайды. Естеріңізге салайық, 2017 және 2018 жылдары бұл дода Өскеменде өткен болатын.
Нұржан Кенжеұлы