Қоғам

«Алтай шыршасы» һәм Самарқанның көк тасы

Қолөнер

Табиғаттың тілін түсініп, қасиетін ұғу үшін Отаныңның әр түйір тасына дейін махаббатпен қарай білу керек.  «Мен мынау ыстық жүрегімменен қара тасты да сағынам, қаланып қалса тәртіппен!», – дейді Төлеген Айбергенов. Қазақ даласындағы таулардың  қойнауы қазына мен бағалы тастарға толы. Әр тасы тылсымға оранып, тарихпен көмкерілген. Осындай бағалы тастарды кәдеге жаратып кәдесый жасап жүрген шеберлердің бірі – Байболат Дәлентаев.

«Алтай шыршасы» деп отырғанымыз осы автордың айтулы туындыларының бірі. Туындыны жасаған тастың атауы жылантас деп алады екен. Қызық. Тастың атауына қатысты шығу тарихын қазбалап сұрап көрдік.

– Жылантас күн жылуын өзіне тез сіңіреді. Күннің жылып, көктемнің келгенін білдіретін тас деуге де болады. Күн жылуын бойына тез тартып алатындықтан жып-жылы болып тұрады екен де, оянған жылан жылжып келіп тас бетіне жатады. Сондықтан жылантас аталған. Түсі қара жасыл болғандықтан «Алтай шыршасы» деген туындыма осы тасты пайдалануды жөн көрдім. Екеуінің табиғаты да ұқсас. Осы тас та, шырша да көктемнің, жылылықтың символы іспетті. Бұлар жанға жылу сыйлайтын табиғат бөлшектері ғой, – деп түсіндірді Байболат шебер.

Алтай шыршасының ортасында шыр айналған жер шары іспетті шеңбер тұр. Шеңбер іші толған тағы да шырша. Жап-жасыл әлем.

Тағы бір көрмеде шебер жасаған Қазақстанның тас картасын көрген едік. Оның да өзіндік бай мазмұны, терең мәні бар болатын. Тас картада қазақтың әр облысы бөлек-бөлек тастардан құрастырылған. Сөйтсек шебер қазақ даласының табиғи байлығын көрсету мақсатында әр облыс бейнесін еліміздегі ең бағалы тастармен қалауды жөн көріпті. Тәуелсіздігіміздің іргесі тастай берік болсын дегені болса керек. Жалпы шебердің туындыларының көбі табиғатпен тамырлас екен. Көзімізге жылы ұшыраған тағы бір туынды «Күзгі пейзаж» деп аталады. Тасқа таңбаланған күрең күздің тіршілігі мәңгілік қалпын сақтап қалғандай. Автор әр кәдесыйына табиғат болмысы арқылы ой қосып, философиямен көмкеріп отыратындай көрінді. Күзіміз келген күні тарихымыз бен тағдырымыздың таста ғана таңбаланып қалатыны ақиқат.

Тасқа таңбаланса да арман-тілек арқалаған келесі туындысын «Жолың болсын жолаушы» деп атапты автор. Сыртқы келбеті байырғы жауырыншының басты құралы – жауырын. Алайда діңі сүйектен емес, тастан жасалғандықтан сөйлей қоймас деп ойладық. Өйткені кәдімгі жауырын арқылы көреген бабаларымыз жаудың бетін қайтарғаны туралы аңыз көп. Астын кертіп жолаушының жолын ашу символын көрсеткен. Ортасында күлдіреуіші күмбезді шаңырақ орнатылған. Шаңырағынан аттанған әр қазаққа жолы болсын дегені шығар. «Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады» деген осы. Тас қашаған шеберге талап қайдан келгенін де сұрап көрдік.

Көрме кезінде ғана іздейді

Бәрін басынан білу үшін шебердің алдымен балалық  шағына, одан кейін студенттік кезеңіне саяхат жасадық

– Мен 1955 жылы Ұлан ауданының Манат ауылында дүниеге келгенмін. Алайда ол ауылда көп тұрмай Асубұлақ кентіне көшіп бардық. Ол кезде кентте өндіріс ошағы, тіршілктің көзі бар. Осы кентте орта білім беретін екі мектеп бар болатын. Ел қатарлы сол мектептердің бірінде білім алдым. Сол заманда өндіріс қалдықтарын іске жарату керек деген Кеңес үкіметінің бастамасы көтерілді. Біз мектеп оқушылары әртүрлі тастардан түрлі-түрлі туындылар жасап үйрендік. Мысалы, Семейдегі ет комбинаты сүйектен әртүрлі кәдесыйға беретін көркем бұйымдар жасады. Осылайша алғаш рет мектепте өнердің өрісіне бет бұрдық. Менің бойымда аздаған талант да болды. Ол аталарымнан дарыған болса керек. Атамыз темірден түйін түйген ауылдың шебері болыпты,– деп өз балалық шағын шебер қысқа қайырды.

Талантымен танылған Байболат ағамыз Екатеринбургте оқыпты. Ондағы мақсат  Үкіметтің жобасын жүзеге асыратын маман болып шығу. Шығармашылыққа бір табан жақын, озық ойлы 11 бала 1972 жылы оқуға аттаныпты. Олар Екатеринбург қаласында түрлі-түсті металдардың сырын ұғып, тас өңдеу саласы бойынша білім алады. Білім алып біліктілігін арттыра жүріп Байболат Дәлентаев  бір топ шебермен бірге Мәскеуге барып көрмеге де қатысады. Қатысып ғана қайтпай, қоржындарына қола медаль салып қайтады. Осылайша ол тастың да табиғи байлық екенін тани білетін қарым мен қабілет жинап, 1975 жылы оқуын бітіріп қайтады. Алайда Кеңес үкіметінің кеңесіп пішкен тоны келте болып 1990 жылдары жүйе ыдырап, кент жабылып қалады. Шебердің одан кейінгі қилы-қилы тағдыры тіршіліктің шеңберінде шыр айналып, тұрмыспен кетеді.

Облыс орталығында әр салада жұмыс істеген. Қазіргі таңда өзінің кішігірім шеберханасында еңбек етеді, еңбек үшін емес-ау істеп үйренген қол ермек ететін сияқты. Өз білгенін басқаға үйреткісі келеді, алайда үйренем деген талапты жастар жоқ көрінеді.

– Өкінішке қарай ешбір шәкіртім жоқ. Бұл салаға жастар қызықпайтын сияқты. Қайбір жылы Құмаш Нұрғалиев атындағы колледждің 5-6 студенті практикадан өтуге келді. Екеуі қашып кетті. Қалғаны да онша қызығушылық таныта қоймады. Бойына сіңбеген өнер болғандықтан оларға да сөгіс жоқ. Жастардың қызығушылығын арттыру үшін бұл салаға мемлекеттік қолдау қажет. Бізді мәдениеттегілер тек  көрме кезінде ғана іздейді. Басқа уақытта ешкімге керек емес сияқты. Бұл туған жердің табиғатын керек қылмаумен бірдей. Жеріміздегі қазба байлығымызды, оның әр түйір тасыныың қасиетін танитын ұрпақ керек, – деп кейіді  Байболат Дәлентаев ағамыз.

Расында да жеріміз бай деп желпіне мақтанғанмен алтын сары болады дегеннен ары аспайтынымыз ақиқат. Әр тастың атауы, қасиеті мен киесі барын біле бермейміз.

Соғыс кезінде сердолик тасымен қан тоқтатқан

Күллі қазақ даласын айтпағанда Шығыстың Аягөз, Алтай, Риддер, Тарбағатай, Шар қатарлы өңірлерінде бағалы тастар  көп екен. Шеберден сұрап, интернетті игілікке жарата отырып  біраз тастың атауын білдік. Қызыл жалпақ минералдар, дала шпаттары, кәдімгі ақтас – кварц, жұқа жылтыр қара – биотит, миарол, топаз, сутас (берилла), жасыл ақық (аквамарин), морион, тау хрусталі, түтінтүстес кварц, морион, цитрин, қызғылт кварц, апатит, шақпақ тастар (мусковит, биотит), турмалин, эпидот, флюорит қатарлы табиғи тастар сирек болсын табылатын көрінеді. Ал олардың қасиеті мен пайдасын білу үшін бізге біраз білім керек екені түсінікті.

– Жалпы тастардың емдік қасиеті көп дейді. Соғыс кезінде сердолик деген тасты жараланған адамды емдеу үшін пайдаланыпты. Оны отқа қыздырып алып жаралы жерге басу арқылы қанды тоқтатқан. Өйткені сердолик тасының құрамында қанды тоқтататын қасиет бар көрінеді. Тағы бір білетінім жемсау (зоб) ауруымен ауыратын кейбір  адамдар кәріптас (янтарь) деген тастан жасалған алқаны үнемі тағып жүреді.  Ол ауруды асқындармайтын көрінеді. Ал тастардың киесі деген ұғымды жұлдызнамаға сенетін адамдар көбірек пайдаланды. Олар әртүрлі тастардан тұмар тағып, немес қалтасына салып алып жүреді, – дейді зергер.

Ерте ғасырлардан қалған ел ішінде ертегі мен аңыз көп. Осыдан мың жыл бұрын жазылған «Дәрілер қазынасында» көгілдір ақық (бирюзаның) қасиеті, адам ағзасына әсері егжей-тегжейлі сипатталады. Онда: «жүректі нығайтып, үрейді жояды, дұшпандарды жеңдіреді… Егер жаңа ай көргенде жанында көгілдір ақық болса, онда бұл туған айда бақыт пен игіліктің болатынын білдіреді», – деген дерек бар.

Байболат шеберден тастар туралы біраз құпияны сұрап білдік. Сөз басында айтылған «Алтай шыршасы» атты туынды туралы толғанғанда «Самарқанның көк тасы еріген күн» дейтін тіркес тілімізге орала берді. Жылантас, Шырша, Көк тас үшеуі де жылылықтың символы сияқты. Жылантас жылынар күн жақын. Ал аңызда айтылғандай расымен «Самарқанның көк тасы еріді ме екен»?!. Наурыз да кеп қалды.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button