Қоғам

«Алтай» үшін өткен маусым оңайға соқпады

«Алтай» үшін өткен маусым оңайға соқпады


«Алтай» волейбол клубы үшін өткен маусым оңайға соқпады. Бұған, біріншіден, қарсыластардың күшеюі себеп болса, екіншіден, қатысатын чемпионаттар санының көбейіп, қосымша жүктеменің артуы. Бұл жөнінде «Алтай» волейбол клубының директоры Досжан Уалханов айтып берді.
– Өткен маусымдағы жеңістеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– «Алтай» клубы үшін өткен маусым оңайға соқпағаны рас. Жыл өткен сайын біздің қарсыластарымыз күшейіп келе жатыр. Маусымның қиын болуының тағы бір себебі – осы жылы волейбол федерациясының плей-офф ойындарының Талдықорған қаласында өткізуі. Ал талдықорғандық «Жетісу» командасы –біздің басты қарсыласымыз. Дегенмен, ойын нәтижесі бойынша «Алтай» әйелдер командасы бірінші орынға табан тіреп, жетісулықтарды екінші орынға ығыстырды…

– Әлем және Азия чемпионаттары отандық клуб үшін қалай өтті?

– Өткен маусымда «Алтай-1» командасы әлемнің клубтық чемпионатына қатысты. Бұл дегеніміз – қосымша тағы бес ойын, яғни ойыншылар үшін әдеттегіден артық жүктеме. Әлем чемпионатында біздің команда бесінші орынды иеленді. Әлемде бесінші болудың өзі үлкен мәртебе деп санаймын. Бұдан бөлек, Қытайдың Тяньзинь қаласындағы клубтық Азия чемпионатында қыздарымыз бақ сынасты. Онда біз төртінші орынды иелендік. Жалпы, өткен маусымды қорытындылайтын болсам, біз әлемде бесінші, Азияда төртінші, Қазақстанда біріншіміз.

– «Алтай-2» командасы қазір қандай деңгейде?

– Осы жылы «Алтай-2» қыздар командасы ел чемпионатындағы плей-оффқа кірді. Ойын барысында Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл сияқты атақты әрі тәжірибелі командаларды артта қалдырдық. Жыл сайын біздің жас спортшыларымыз ойынның дейгейін көтеріп, оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
– Алдағы маусымға қандай жоспарыңыз бар?

– Алдағы маусымда бізде үш ішкі қазақстандық турнир бар: Қазақстан кубогы, Қазақстан суперкубогы және Қазақстан чемпионаты. Биылдан бастап волейбол федерациясы Қазақстан суперкубогының мәртебесін көтеріп, оны клубтық Азия чемпионатына іріктейтін турнир етіп бекітті. Уақыт аз, маусым басталысымен бірден ойындарға кірісу қажет. Команда алдына қойылған міндеттердің бірі – Қазақстан кубогы иегері титулын сақтап қалу. Келесі міндет – клубтық Азия чемпионатына жолдама алу үшін Қазақстанның суперкубогында жеңіске жету. Өткен жылы жеңіс «Жетісу» командасына бұйырып, біз екінші орынды иеленген болатынбыз.

– Командалар құрамында өзгерістер орын ала ма?

«Алтай» үшін өткен маусым оңайға соқпады

– Екінші команда туралы айтар болсам, осы маусымда «Алтай-3» командасының кейбір ойыншыларын «Алтай-2» қыздар командасына ауыстырып, команда құрамын жасартамыз. Бізде «Алтай-3» жасөспірім қыздар командасымен Шуто Коичи есімді білікті бапкер жұмыс істейді. Ол «Алтай -2» командасына ауысатын бірқатар ойыншыларды дайындап қойды. Жас спортшылардың әзірге тәжірибелері аз, сол үшін жаңа маусымдағы ересек командада олардың басты мақсаты – барынша тәжірибе жинақтау. Бұл олардың әрі қарай дамуы үшін өте қажет. Біздің клубта кәсіби волейболшыларды даярлауда сатылы жүйе қолданылады, яғни ойыншылар төменнен жоғарыға қарай көтерілуі тиіс.

– «Алтай» волейбол клубы деп айтқанда, ерлер командасының бар екенін білмейтіндер кездесіп жатады. Ерлер командасы жайлы не айтасыз?
– Ерлер командасы екі дүркін Қазақстан кубогының, Қазақстан суперкубогының иегері және Қазақстан чемпионы болып табылады. Клуб өткен маусымда команда құрамын жасарту туралы шешім қабылдаған болатын. Командаға өзіміздегі жастарды тарттық. Оларға өз күштерімен суперлигада ойнап, тәжірибе жинауға мүмкіндік бердік. Иә, әзірге ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже жоқ, бірақ солай болатынын болжағанбыз. Нәтиже болмады деп, бастаған істі жарты жолда қалдырмаймыз. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырамыз. Алдағы уақытта еңбегіміз ақталып, жігіттер жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген ойдамыз. Сондықтан олар Қазақстан ұлттық лигасында, еліміздің чемпионатында ойнауды жалғастырады.

– Клубқа басқа жақтан тартатын қандайда бір ойыншыларыңыз бар ма?

– Трансферлік саясатта көпке жария бола бермейтін құпиялар болады. Жалпы, біздегі әйелдер командасында екі жылдай айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Тек легионерлер ауысқаны болмаса, бапкерді де ауыстырмадық. Бірақ осы маусымда клубқа қандай да бір реформалар қажет деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, жаңарту қажет. Шілде айының соңына қарай кімдермен қош айтысқанымызды және кімдермен құрам толығатынын айтатын боламыз.

– Жалпы, Қазақтандағы волейбол туралы сіздің пікіріңіз қандай? Ұлттық чемпионат қандай деңгейде? Еліміздегі волейболдың болашағы қандай?

– Қазақстандағы волейбол туралы жалпы ойым, әрине, жағымды позицияда. Еліміздегі спорт түрлерінің ішінде волейбол саласында белгілі бір қиындықтардың бар екені рас, бірақ соған қарамастан, даму бар. Қараңызшы, қазір қаншама команда балалар лигасына қатысып жатыр. Бұл – біздің болашағымыз. Көптеген командалар ресми турнирлер мен чемпионаттарға қатысуда. Соның ішінде жас ерекшелігі бойынша біздің құрама командалар (U-17, U-19, U-23), бірінші құрама, екінші құрама – барлығы халықаралық турнирлер мен Азия чемпионаттарына қатысуда. Уақыт көшінен қалмай еліміз дамып келеді, елімізбен бірге волейбол да дамып келеді. Волейбол бұқаралық спорт түріне айналып, танымалдылығы артуда. Даму процесі бар, бұл – қуанатын жайт. Қазақстандық волейбол федерациясы мен жергілікті жерлердегі клубтардың жұмысы дұрыс бағытта қолға алынған деп ойлаймын. Клубтар арасында бәсекелестік бар. Болуы да заңды. Шет жақтан бақылаушы ретінде кей жерде білім жетіспей жатқандығын байқаймын. Бапкерлерге шет елдерге барып тәжірибе жинау және менеджмент, маркетинг мамандарының да көмегіне жүгіну қажет деп ойлаймын. Елімізде волейболды дамытуда көп жұмыс атқарылуда және осы салаға тікелей қатысы бар біздерді әлі талай игі істер күтіп тұр.

Сұқбаттасқан – Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button