«Алтай» өрлеп келеді
Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатында өнер көрсететін «Алтай» екі ойында төрт ұпайға ие болып, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды.
Алдымен сырт алаңда ақтаулық «Каспиймен» кездескен жерлестеріміз қарсыласын 0:4 есебімен талқандады. Бұл біздің команданың биылғы маусымдағы екінші ірі жеңісі болғанын айта кеткен жөн. Естеріңізге салайық, чемпионаттың бесінші турында алтайлықтар өз алаңында Қызылорданың «Байқоңырын» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын.
Ал «Каспиймен» өткен кездесудегі бірінші голды 21-ші минутта шабуылшы Дәурен Қайқыбасов соқса, жеті минуттан кейін тәжірибелі жартылай қорғаушы Алексей Шакин есепті еселеді. «Алтай» футболшылары екінші таймда да қарқындарын бәсеңдетпей, қарсылас қақпасынан тағы екі мәрте саңылау тапты. Көзге түскен – Арман Нүсіп пен Жандос Сұлтан.
Бұдан кейінгі кездесуін жерлестеріміз 8 мамыр, сейсенбі күні өз алаңында «Тараз» футболшыларына қарсы өткізген болатын. Турнир кестесінде үзеңгі қағыстырып келе жатқан қарсыластар бұл матчта аса сақ қимылдады. Нәтижесінде ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Бір қызығы, аталған кездесуді тараздық команда тоғыз ойыншымен аяқтауға мәжбүр болған-ды.
Осы екі матчтан кейін 13 ұпай жинаған алтайлықтар жарыс кестесінде бір сатыға жоғарылап, үшінші орынға жайғасты. Бүгін жерлестеріміз қонақта «Екібастұз» футболшыларымен шеберлік байқасатын болады.
Нұржан Кенжеұлы