«Алтай өрнектерінің» айтары көп
Менің қолыма таяуда ғана тиген «Алтай өрнектері» деген үш жүз беттік қомақты кітап Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бес-алты жылдан бері шығарып келе жатқан «Абай әлемі» кітаптар топтамасының ауқымында былтыр жарық көріпті. Авторы – Тоқтар Мағзұмов. «Жұлдыз» журналына шыққан бірен-саран дүниелерін көргенім болмаса, бұл жазушыны білмейді екенмін. Дегенмен, бірімен-бірі қойындасып жатқан Алтай мен Тарбағатайды тел еміп өскен менің көзіме кітап атауы тым ыстық ұшырады.
Кейінірек анықтап білдім – Тоқтар Мағзұмов Жазушылар одағының мүшесі екен. Бірнеше кітабы жарық көріпті. Олардың бәріне жуығы – Алтай өңірінің тарихы мен табиғатын, Қотанқарағай ауданының ерекшеліктерін тілге тиек ете отырып, кейіпкерлер мүсіндеген көркем шығармалар.
«Алтай өрнектеріне» негізінен естелік-эсселер мен «Дүзбенбек дарасы» деген тарихи хикаят және Алтайдағы жер атаулары туралы ел ішіндегі аңыздар енгізілген.
Естелік-эсселер – «Райыстан Оралханға дейін», «Бәрі де майдан үшін», «Жылымық жылдар» және «Ұйқым келмейді».
«Дүзбенбек дарасы» – жетпіс екі беттік хикаят болса, аңыздар саны – отыз бір.
Осы бір тұста айта кетпесіме болмас, Тоқтар Мағзұмовтың тек көркем шығарма жазумен айналысып жүрген жазушы емес, ел мен жер тарихына жан-тәнімен үңіліп, зерттей қарайтын қаламгер екенін де бек түсіндік. Жер атаулары туралы аңыздардың тақырыбына қарап отырып-ақ Алтайды білетін немесе білгісі келетіндер іздегенін тауып ала қояды. Сондықтан сол атауларды тізіп өтсек те, түк артықтығы бола қоймас.
Міне, қарайық! «Атбайлар тас діңгек», «Тас мүсін әйел», «Аруақтар әлеміндегі әлдебір әйелдер бейнесі», «Құбыжық тауы», «Бүркіт қазынасы», «Ақтасты тауы хикаясы», «Жеті иректі Ертіске бағынған тау сағасы», «Ғибадатхана тауы», «Алыстағы қазына алауы», «Мамонт құпиясы», «Жыланды мекен», «Жоғалған алтын күйме», «Қарақшы құлаған құз», «Киелі шахта», «Аруақтар әлеміндегі ақ боз атты ару», «Қатерлі өткел», «Қансу», «Талдыбұлақ», «Толыбай сазы», «Алтыбас», «Тастағы тұлпардың ізі», «Тасшоқыдағы жылан соқпағы», «Қарашоқтағы қазына», «Қоңқай асуы», «Падике». Осы аңыздардан кейін «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Аса қайғылы Хасан», «Ыдырыс», «Сабыр хан», «Суырға айналған адам», «Ала қанат сауысқан» деп аталатын ғибрат үшін жазылған аңыздар да бар.
Жазушы бұл аңыздардың көпшілігін жалаң түрде баяндай салмай, тарихи және ғылыми негіздемелер арқылы жазған екен. Бұл дүниелер сонысымен де құнды. Сірә, туған жерді сүйіп қана қоймай, соны зерттеп, зерделеудің де, жұртшылыққа жария етудің де бір үлгісі осы болса керек.
Сөз басында «Алтай өрнектері» деп аталатын бұл кітаптың өз көңілімді бірден тартқаны туралы айтып кеттім. Оның себебі – Өр Алтайда жаныммен жақсы көргенім ғана емес, тым жас кезімде өзіме жазушылық сырларын аз да болса жеткізіп, ақылдарын айтқан аяулы да ардақты ағам Оралхан Бөкейге байланысты естелік-эсселердің болғаны да шығар. Кітаптың алғашқы беттерін аша салысымен-ақ көзіме түскен «Райыстан Оралханға дейін» деген тақырыптың өзі іздегенімді тапқандай қуантты, өйткені Оралхан Бөкеевтің ата-бабаларын біле бермеймін ғой.
Естелік-эссе 1993 жылдың Алтайдағы қысқы айлары өте қатал болғанын, бірақ көктемнің ерте келгенін көркем тілмен келістіре баяндай келіп: «Сол жылы емес пе еді?! Иә, сол жылы экватор белдеуінің Тянь-Шань баурайындағы Дели қаласында да күн қызуы көлеңкеде елу бір градусқа жеткені… Нағашым Оралхан Үнді жеріне іссапармен барып, мамыр айының он жетінші жұлдызында мәңгілікке көз жұмып, бұл фәниден бақилыққа аттанып кеткені…» – деп көкірек күйігін терең тебіреніске ұластырып әкетеді. Ол Табиғат-Ана мен Адамзат баласының арақатынасы туралы айта келіп, былай деп толғанады:
«Өмірге біреулер келіп жатса, біреулер кетіп жатады. Өмірдің басы да, аяғы да жоқ. Осынау ұзақ жолды ешкім бірінші болып бастаған да емес, ешкім де ең соңы болып аяқтамас та. Адам жас кезінде тойшыл, қартайғанда ойшыл болатыны сондықтан болар. Жас кезінде адам деген артын ойламай келіп, қартайып, бәрінен жалыққан жалқы кезінде өткен өміріне көз жүгіртіп, саралай сараптап, жіберген қателіктерін мойындап, уайымға батып, ұзақ сонар ой елегінің тар соқпағына түсіп, салқын тартқан өмір көлеңкесінің жұтқыншағына еніп кеткенін өзі де байқамай қалатын кездерге жолығады. Осы мәңгілік керуен жолы үнемі ұмтылыс, үнемі қозғалыс екенін түсініп, осынау мәңгілік керуен жолында көшке ілесе алмай қалған адамзат кінәмшіл жолаушы екенін өз өмірінде сезіну қайда!..».
Тоқтар Мағзұмовтың адамды он ойлантып, тоғыз толғантатын осындай ілкімді ойлары кітаптың әр тұсынан жиі-жиі бой көрсетіп отырады екен. Шығармаларын оқыған сайын көзімнің жеткені – ол қалыптасып болған жазушы ғана емес, өзіне тән жазу мәнері мен сөз саптасы бар майталман қаламгер. Бұл жазушының қазақы әңгімешілдігімен қоса оқырман сезімін дөп басатын сөз тіркестері мен оқиға желілері де көркем ойдың негізі қарапайымдылықта екенін дәлелдей түсетіндей.
«Райыстан Оралханға дейін» естелік-эссенің негізгі желісі сол кездегі тоғыз-он жастағы автордың анасы Күләндамен және апайы Кларамен бірге Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіріп жатқан Гүлбаршын апайының оқу бітіру кешіне арнайы барғандары туралы басталады.
Бұлар өз ауылдарынан сол кездегі аудан орталығы – Үлкен Нарынға келіп, аудандық газет «Еңбек туында» істейтін Оралханның үйіне ат басын тірейді.
Шаршап-шалдығып жеткен жолаушылар келгенде Оралхан мен оның жақында ғана үйленген келіншегі Айман жұмыста екен. Есікте құлып тұр. Оларды Клара барып шақырып келеді. Туыстар мәре-сәре болып қауышқан соң, әрине, дастархан басындағы әңгімеге жол ашылады. Оралханның әкесі Бөкейдің туған қарындасы Күләнда тым әңгімешіл ғана емес, бүкіл әулет туралы көп білетін адам екен.
Міне, осы тұстан бастап оқырман Оралханның атасы мен әжесі Исахан мен Қапизадан тараған ұрпақтар – Ахмет, Бөкей, Бағдат, Ақтайлақ, Күләнда, Күләми, Ақбота (Ботай деп аталған), Байтайлақ (Кәтей деп аталған) екендігін біле бастайды.
Күләнда шешей ашаршылық жайлаған 1933 жылдың көктемінде тоғыз жасында анасы Қапизадан айырылып, жетім қалған, ол кезде әкесі Исахан бір отар қой бағып отырғанын айта келіп, анасының тез арада ажал құшқанына үлкен ағасы Ахметтің уақыты жетпей, «жіңішке» деген дерттен тым ертерек қайтыс болғаны себеп болды дейді.
Кейуананың әңгімелеуі арқылы берілген сол бір тар замандағы жоқшылық пен ашқұрсақтыққа қосылған ана өлімінің азабы, мәйітті жерлеу қиыншылықтары адамның жан-жүрегін сыздатады, сол кездегі адамдардың мықтылығы мен төзімділігін көз алдыңа елестетеді. Әсіресе тоғыз жастағы қаршадай қыздың бүкіл үй шаруасын тындырып, зыр жүгіріп жүргеніне жаның ашиды, біздің парасатты да пайымды аналарымыздың қайдан, қалай қалыптасып шыққандарына көзімізді жеткізе түсеміз.
Сегіз баланың анасы, қырық жасқа енді ғана жеткен Қапиза о дүниеге аттанар алдында ендігі қалған ең үлкен ұлы Бөкейді қасына шақырып алып, аманатын айтқан сәтін жазушы былай бейнелепті: «Қасына келген Бөкейдің басынан сипап, шашын әлсіз саусақтарымен тарамдап, біраз отырды да, қолын ұстап отырған менің бетімнен сүйіп, ақырын тіл қатты:
– Исаханның балаларының ішіндегі ең үлкені – сенсің. Ахмет болса, анадай болды, оны өзің білесің, енді мені тыңдап ал, – деді дауысы дірілдей. – Саған айтарым, мен бұл дүниелік емеспін, қырыққа келгенде ана дүние – бақилықтың адамы болғалы жатырмын… Өздерің аман жүріңдер, біріңді-бірің тастамаңдар!.. Қазақта мынандай аталы сөз бар: «Түйеден қалған тұз жаман, шешеден қалған қыз жаман» дегендей, мына Күләнданы саған тапсырамын. Исахан мен Қапизаның жетім қызы дегізбе… Жалғанның жарығында сенің қолыңда болады, ақырет жалғанда өз қолыма табыс етесің, – деді.
Бөкей басын изеп, төмен қараған күйі үнсіз қалды».
Қапиза ана одан кейін Бөкейдің соңғы ұлы Бағдатты шақырып, оған Күләмиді тапсырады.
Міне, әмәнда артындағы ұрпақтарының қамын ойлаған қазақ әйелдерінің қасиеті осындай емес пе?!
Жалпы, жазушының өз анасы айтқан әңгімелерді арқау ете отырып жазып шыққан естелік-эсселерінен ұққанымыз – қазақтың аса көрнекті жазушысы Оралхан Бөкеевтің жеті атасы мынандай тізбек құрайды: Қисық баба, одан – Ұзақ, одан – Тезек, одан – Райыс, одан – Исахан, одан – Бөкей, одан – Оралхан.
Естелік-эссені оқып отырып байқасақ, Қисық ұрпақтарынан атақты адамдар да аз шықпаған сияқты. Мысалы, Алтайдағы «Ұзақ тауы», сол таудағы «Райыс тұмасы» деген жер атаулары да соны дәлелдей түседі.
Бертінгі Исахан ұрпақтары да тар жол, тайғақ кешудің сан түрлісінен өткен ғой. Бүкіл қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы төңкеріс пен ашаршылықтың, тәркілеу мен қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыстың азабы мен тозағын қандай тартса, әрине, бұл әулет те сондай тартты. Оралханның әкесі Бөкей еңбек армиясына алынып, содан аман қайтса, соғысқа аттанған Бағдат Польшадағы Гельза қаласында, Ақтайлақ Калининград майданында қаза тауыпты.
«Исахан мен Қапизадан тараған тоғыз ұрпақтан екеуі соғыстан қайтпай, шетте, Польша мен Ресей жерінде қалды. Ахмет, Бөкей, Күләми, Байтайлақ (Кәтей) және Бөкейден өрбіген бес ұрпақтың екеуі – Мәнсия (Мәншүк), Шолпан Шыңғыстайда жерленді. Ал Исаханның бір ұлы Ақбота (Ботай) мен Бөкейдің екінші қызы Аймен Шыңғыстайдан қашық емес Жаңаүлгі ауылында тыныс тапты. Ол екеуінің отбасылық өмірі сол ауылда өткен болатын. Оралхан мен Ләззат Алматыдағы Кеңсайда жерленді», деп жазады Тоқтар Мағзұмов «Ұйқым келмейді» деген эссесінде.
Бұл эссеге желі болып тартылған негізгі оқиғалар Оралханның қарындасы Мәншүк туралы, оның әдебиетшілік таланты мен өмірден ерте өткендігі, мәйітін Оралханның Шыңғыстайға апарып жерлегендігі, Оралханның емделуге Қырым шипажайына кеткенде бірінші әйелі Айманның қаза табуы, Оралханның келуі мен марқұмның жерленуі, Оралханның екінші әйелі Ардаққа үйленген сәттері, Оралханның Делиде қайтыс болғандығы туралы қаралы хабар және оны жерлеу, ең соңында автордың тоқсанға келген анасы Күләнданы ертіп Шыңғыстайға барғаны, сонда қабірстандағы зираттарды аралап, марқұмдардың басында құран оқығандары туралы.
Адамның жанын тебірентіп, жүйкесін босататын осы эссені оқып отырып, үлкен әулеттердің қалай азаятынын, үлкендердің қалай сирейтінін тұла бойыммен сезіне түскендей болып, тағы да бір нақты дерекке көз жеткіздім. Ол дерек мынандай: Оралханның әкесі Бөкей Исаханұлы 1915 жылы туып, 1984 жылы, ал шешесі Күлия Әтембекқызы 1910 жылы туып, 1989 жылы қайтыс болыпты. Жатқан жерлері жайлы болсын жарықтықтардың!..
Кітаптағы «Дүзбенбек дарасы» деп аталатын тарихи хикаят – төрт аяғынан тік тұрған тамаша шығарма. Мұнда алты қаратайдың ішінен шыққан атақты қамшыгер Дүзбенбектің Қытай еліне қарайтын Алтай керейлеріне жасаған барымтаға қарымта қайтару жорығы туралы баяндалады.
Керейлер найман жылқысын қайта-қайта шекара асырып, айдап ала берген соң Дүзбенбек бастаған батыр жігіттер олардың үш жүзден астам жылқысын үлкен жанкештілікпен аман-есен бергі бетке өткізіп алған.
Хикаяттың кереметтігі мұнда да емес, біріншіден, жазушының ел тарихы мен жер атауларының мән-жайын тым терең білетіндігінде, екіншіден, тіл шұрайлылығы мен көркемдік бояуының қоюлығында, үшіншіден, тарихи-этнографиялық және лингвистикалық танымдылығында.
Мен осы хикаятты оқып отырып, Оралхан Бөкейдің жас кезінде жазған «Қамшыгер» атты хикаятын есіме түсірдім…
Тоқтар Мағзұмов өзінің «Бәрі де майдан үшін» деген эссесінің соңында: «Көркемдік шындық пен деректі шындық шекарасын жымдастырып жіберу жағына келгенде Оралхан Бөкейге тең келер жазушы санаулы шығар… Қалай дегенде де, бәрі жазушының қаламгерлік қарымына, талант деңгейіне байланысты екен-ау…
Бұл жағынан келгенде, өзімнің де нағашымнан үйренгенім аз емесін айтқым келеді», – депті.
Иә, өзі айтса айтқандай, бұл жазушының шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктері мен сөз саптау, сөйлем құрау тәсілдерін ғылыми тұрғыдан арнайы зерттесе де артық болмас еді. Бұл енді менің қолымнан келер шаруа емес.
Әбубәкір Қайран,
ақын