«Алтай» Өскеменге оралды
«Алтай» футбол клубы Өскеменге оралды. Шынымен де, бұл – облыс орталығы үшін тарихи оқиға. Осы ретте, келер жылы Шығыс Қазақстанның бас футбол командасының құрылғанына 60 жыл толатынын айтқан жөн.
Еске салайық, бүгінде бәріміз «Алтай» деп танитын футбол клубы сонау 1963 жылы «Торпедо» және «Металлург» деп аталған екі команданың бірігуінен пайда болған-ды. Ол кездегі команданың аты да өзгеше болатын – «Восток». Жаңадан құрылған өскемендік команда КСРО біріншілігінің «Б» тобында өнер көрсететін.
Содан бері «Алтай» («Восток») командасы сан түрлі жарысқа қатысып, оның бірталайының жүлдегері атанған. Әрине, жеңіс бар жерде жеңілістің де болатыны заңдылық. Өскемендік клубтың жолында қиындықтар да аз болған жоқ. Бұған қоса, осыдан бірер жыл бұрын команда Семейдің «Спартагымен» біріктіріліп, бүгінде Абай облысының орталығы болып тұрған қалаға көшірілген еді. Жеме-жемге келгенде, осының бәрі Өскемен халқының үлкен футболға деген қызығушылығының азаюына әкеліп соқты.
Енді бұл олқылықтың да орны толмақ. Бұған жергілікті спорт функционерлері сендіріп отыр. Оның үстіне, соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда үлкен футболға облыс басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да айрықша зор. Алдағы уақытта да солай бола бермек.
Жақында облыс орталығындағы «Восток» стадионында «Алтай» футбол клубының Өскеменге оралуына байланысты ерекше спорттық іс-шара ұйымдасытырылды. Бұл күні «Алтай» өз алаңында алғашқы қарсыласын – «SD Family» командасын қабылдадған.
Сәрсен Қабылым