Алтай мен Тарбағатайды тел емген азамат
«Гүлдендіру» дейтін сөзді екі мағынада түсінетініміз рас қой. Тұрған үйіңнің ауласын, айналасын, жүрген жеріңді гүлдендіру. Былайша айтқанда, гүл түрлерін, гүлзарлар егіп, оны күтіп-баптау. Мұны «гүл егу» деп атайды. Ал екінші мағынасы – жүрген жеріңді, айналаңды, ортаңды жақсы ісіңмен, өнегелі әрекетіңмен гүлдендіру. Бұл – гүл егудің ауыспалы мағынасы. Біз бүгін әңгімелеп отырған азаматымызға гүлдендірудің екі мағынасы да етене.
Ол қазір облыстағы үшінші ауданға әкім болып барған бетте әр ауылдың сыртқы көркі мен көрінісіне көңіл бөлетін көп кісіге ұқсай бермес ерекшелігімен көрінді. Көшелерге қарағай, шыршалар отырғызып, гүлзарлар егу ісінің Зайсан ауданында қалай жолға қойылғанын жұртшылық жақсы біледі. Оған дейін Катонқарағай ауданына әкім болып тағайындалған соң ауыл көркіне қалай көңіл бөлгені туралы облыстық, республикалық басылымдарда біраз жазылды, оны өз көзімізбен көрдік те.
Катонқарағайда қалған із
2007 жылдың сәуірінде Алтайдың төрінде жатқан Катонқарағай ауданының әкімі ғып тағайындалды. «Біздің жақтың қысы ұзақ» деген катондық жазушы Оралхан Бөкейдің романын оқығаны бар еді. Алты-жеті ай қар басып жататын, ақ бораны малға ғана емес, жанға да ауыр сын болатын алтынды таудың шаруаның қимылдап қалуына «бөлген» уақыты көктем, жаз, күзін қосқанда, жарты жылға жетер-жетпес қана бұл мекен кез келген жаңа басшыны қауіптендіретіні шындық. О баста жүрексінгені де рас. Ауданның экономикалық әл-ауқаты ортадан төмен. Атқарылар шаруа шаш етектен. Елді мекендердің араларын жалғап жатқан жолдардың жол аты ғана бар. Елмен, жермен танысу сапарына жолбасшылық еткен сол кездегі аудандық мәслихаттың хатшысы Х.Жөндібаев екеуінің жеңіл машинамен Сөгір мен Ақсу ауылдарының аралығындағы 54 шақырымдық жолды бес сағатта жүріп өткенін көргенде-ақ шошынған. Облыс басшысының «Жұмыс алға жылжу үшін алдымен жолды жөндеуге күш салу қажет. Көмек көрсетеміз» деген сөзі тағы бар. Катонқарағай кентіне 75 орындық жаңа жобадағы аурухана, Өрел ауылына орта мектеп үйін, Сөгір мен Ақсу, Үлкен Нарын мен Күршім ауданының шекарасын жалғастыратын жолдарды күрделі жөндеуден өткізу – бәрі де қомақты қаржыны қажет ететін алғашқы ауқымды шаруалар болатын. Олардың құжаттарын дайындап болған соң облыс басшысына жолығып, одан қолдау тапты. Аурухана мен мектеп құрылысы республикалық, қалғандары облыстық, аудандық бюджеттен қаржыландырылып, мақсат уақтылы жүзеге асты. Аудан бойынша басым бағыттағы инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу мен қалпына келтіру жолында да атқарылған істер жетерлік. Бұл – біріншіден, екі жүзден астам кісіні жұмыспен қамтамасыз етсе, екіншіден, жұртшылықтың туған жерлерін қайта түлетуге болатындығына сенімдері артты. Сенбіліктер ұйымдастырылып, мектеп шәкірттерінен бастап, зейнеткерлерге дейінгі барша тұрғындар өз үйлерінің айналасы ғана емес, бүкіл ауыл көшелерін көріктендіре түсуге, тазалыққа көңіл бөлді. Оның анасы Бикамал аулаға гүл өсіріп, оны күтіп-бағу ісін балаларына тапсырып, өзі мұқият қадағалап отыратын. Бәлкім, әкімнің гүлге құмартуы сол кезден бойға сіңген қасиет болар, әкімдік қызметке келген алғашқы жылдарда-ақ аудан ауылдарының негізгі көшелері гүлге оранып, қарағай, шырша өскіндері сап түзей бастады.
Алтайдың жолы жөнделіп, қазіргі заманға сай сауықтыру орындары салынса, әлем қыдырымпаздары көз тігер өлкеге айналар еді. Алтайдың күміс күмбезіндей көрінер атақты Мұзтау, бабалар туралы танымымызды кеңейткен Берел қорғандары, дерттіні дауалайтын Рахмановтың ыстық қайнары, тіпті бұғылы ауылдар, оның мүйізінің сорпасымен емдейтін шағын шипажайлар бәрі де туризмнің дамуына кепіл болар аудан мақтанышы. «Катонқарағай», «Нұрбұлақ» сауықтыру кешендері болашақ үлкен құрылыстардың қарлығаштары ғана. Серік Зинабекұлы ол кешендерге қазірдің өзінде келушілердің молая бастағанын ризалықпен еске алады.
Әрине, «жалғыздың үні шықпас», әкім қаншалықты іскер, еңбекқор болса да көптің көмегінсіз аудан активтері мен ардагерлер кеңесі мүшелерінің ақыл-кеңес жәрдемінсіз, барша жұртшылықтың қолдауынсыз істің ілгері баспасы анық. Сондықтан да ол көптің көмегіне сүйене отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын өзі қызмет істеген үш жылдың ішінде ілгері бастырып үлгерді. Ел ақсақалдары оның бетінен қақпай жұмыс істеуіне қолғабыстарын аяған жоқ. Түркістан Әлиханов, Жиынбек Старшинов, Виктор Макарович, Қайса Абақов, Алтай Аяғанов, Көксеген Кемпірбаев сынды ардагерлер кеңесінің мүшелері оны үмітпен қарсы алса, туған елі Зайсанға қызмет ауыстырғанда ақ жол тілеп, қимай қоштасқан.
Зайсанда қалған із
Серік Зинабекұлы өзінің туған жұрты Зайсан ауданына әкім етіп тағайындалғаннан кейін де осы мәселеге назар аударған.
Аудан жерінде біраз ғимараттар, мешіт, мектеп, балабақшалар, тұрғын үйлер, қонақүйлер салынып, Мәдениет үйі, стадиондар, спорт залдары, футбол, хоккей алаңдары жөнделіп, өңделіп іске қосылды.
Спорт демекші, ауданның бұл саладағы жетістігі де ұшан-теңіз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстан–2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ұлт денсаулығын арттырудағы бұқаралық спорттың мән-маңызын ерекше атап өткен болатын. Елбасының осынау тапсырмасына орай және ауданда көптен ұмытыла бастаған спорт жарыстары өткізіліп, бұқаралық дене тәрбиесі ле қолға алынған болатын. Оның бірден-бір көрсеткіші спортқа бөлінген қаржы 2011 жылға қарағанда 2012 жылы 5 есе көбейтіліпті. Өткен 2012 жылы облыстық спартакиадада аудан 19 команданың ішінен жүлделі үшінші орын иеленіпті.
Қаланы, ауылдарды абаттандыру ісі әкімнің бірден қолға алған ісі болғандықтан, жоғарыда айтқанымыздай, мекендердің сыртқы көркіндегі өзгерістер бірден көзге түседі. Қаланың орталық алаңындағы «Бәйтерек», сондай-ақ «Қазақ елі» монументтері, тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне аудан бойынша отырғызылған 20 мың түп ағаш өскіндері, ауылдарда «Тәуелсіздік» аллеялары, қаладағы «Тәуелсіздік алаңы», қаланың көшелеріне гүлзарлар, газондар, скверлер, демалыс бақтары салынды. Көптеген көшелерге тас төселіп, ауыл жолдары, әсіресе, шекараға баратын жолдар бүтіндей жөнделді.
Құрылыс жұмыстарын ілгері бастыру үшін оған қажетті материалдарды өндіруді жолға қоятын кәсіпорындарды салу да маңызды міндет. Керамикалық қызыл кірпіш, асфальт-темірбетон, әйнекті пластикалық, металды пластикалық зауыттар, түрлі цехтар жұмыс істеп тұр.
Ауданның мәдениет, руханият саласы да қайта түлегендей. Аудандық, ауылдық кітапханалар жұмысы қайта жанданып, көпшілігі интернет жүйесіне қосылған. Кезінде Ораз Кәкеев, Қабимолда Байытов, Рысбек Жұмағалиев бастаған өнерпаздар Мәскеуге дейін барып «Халық театры» атағын алып келсе, бүгінде оның ізбасарлары да өнерді жаңа өріске шығаруға ден қойған. Әнші, биші, күйшілер Алма Сүлейменова басқаратын халық театры, ардагерлердің «Бәйтерек» ансамблі, ұлттық аспаптар оркестрі, республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Экономиканың негізі ауыл шаруашылығында болғандықтан, оған бірінші кезекте назар аударатыны сөзсіз. «Ораза-намаз – тоқтықта» дегендей, алдымен азық-түліктің қамын ойлау әр басшының кезектен тыс міндеті. Ежелден мал бағып, егін еккен жұрт шама-шарықтары келгенінше бұл саланы назардан тыс қалдырған емес. Алайда әркім өз күйлерін күйттеп, асырай алатындай мал өсіріп, күтіп-жинап алардай егін, бау-бақша егіп дегендей ұсақтап кеткені де жасырын емес. Егін, мал өнімдерін ұқсататын, сауда орындарына шығара алатын кәсіпорындар жоқтың қасы еді. Іріленген шаруа қожалықтары құрылып, ет-сүт өндірісін жолға қоюға біраз оң қадамдар басталған. 25 мың гектар суармалы, мыңдаған гектар суарылмайтын егістігі бар, жайылымдық, шабындығы жеткілікті Зайсанның құнарлы топырағы берерін әлі беріп болған жоқ.
Осынау атқарылған, атқарылатын қыруар шаруаны жалғыз басшының орындауы мүмкін емес. «Ол орындап тастады» деуден де аулақпыз. Басшының мықтылығы өзгелерді ұйымдастыра, ұйыстыра білуінде, былайша айтқанда, өзі іске бас-көз болып құрылыстарды, жолдарды салу, елді мекендерді абаттандыру, мәдени-рухани істерді алға бастыру – осының бәрі бюджет қаржысына қарап отырса, орындалуы екіталай болар еді. Зайсанның заманына сай тірліктерімен көзге түсіп жүрген тума кәсіпкерлері Марат, Күләш Әбижановтар, Болат Нұрасыл, Қуат Әбжанов, Ербол Келгенбаев, Ләтипа Әбішева, Айдар Барысов, Анатолий Дудник, Жеңіс Жалғасов, тағы басқалардың көрсеткен көмектерін Серік Зинабекұлы ешқашан ұмытпайтынын білдіріп отырады.
Жаман басшы орынтағын басқаға босатып береді, жақсы басшы басқа жаққа ауысса, барар жеріндегі істі оңға бастыра түсу үшін орын ауыстырады. Секеңнің біз жоғарыда айтқан қос ауданды гүлдендіру жолындағы зор еңбегінің бағасы мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алуы, облыс басшысының үнемі айтар жылы лебізі болса керек.
Үш-төрт ай бұрын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ оны жер көлемі де үлкен, 80 мыңнан астам халқы бар Үржар ауданына әкім етіп тағайындады. Зайсан жұрты риза көңілмен, қимай шығарып салды.
Үшінші баспалдақ – Үржар жері
Үш жылдай жандарында болған ұлдарының тағы да басқа ауданға басшы болып тағайындалғанын естігенде анасы Бикамал кейуана: «Қайда жүрсең де аман жүр» деген, әкесі Зинабек қарияның: «Қайда жүрсең де, кім болып жүрсең де абыройлы бол» дейтін тілек-баталарын Үржар жеріне алғаш аттанған сәттен есінен бір сәт шығарған емес. Заманындағы «Ұры жар» – барымташылардың терең жарларды қуалап, бой тасалайтын ұрлыққа қолайлы мекені болса, бүгінгі Үржар – Барқытбелдің баурайындағы құт қонған мекен. Сыртынан келген басшының «Жері қандай, елі қандай екен?» деп жүрексінетіні болады. Алайда Серік Зинабекұлы Шығыс шекараларындағы қос ауданда қандай басшы болғанынан хабардар жұрт оны жатсынбай қарсы алған. Қашандағы әдетімен танысу сапарын алыстағы Қаракөл ауылынан бастаған болатын. Алдымен ауыл ақсақалдарына барып сәлем беріп, сонан соң тұрғындарды жинап, олардың тілек-талаптарына ден қоятын. Оның бәрін де жазып алып, қандай ұсыныстарды орындауға болады және оларды жүзеге асырудың қандай мүмкіндігі бар дегендерге қолма-қол жауап береді. Әкімдікке келген соң, бөлім басшыларымен бірлесе отырып, әр ауылда қордаланған проблемаларды іріктеп, жинақтап, аудандық мәслихат сессиясында қарап, кезегімен орындау мерзімін белгілеп, шешіліп отырады. Ең бір әкімнің риза болатыны – тұрғындар:«Үйімді жөндеп бер, жәрдемақы керек, зейнетақыны көбейтуге жәрдемдес» деген сияқты от басы, ошақ қасының тіршілігі төңірегінде емес, жалпы, көпке ортақ әлеуметтік мәселелерге ден қоятындығы.
Оның сыртында ауылшаруашылық құрылымдарын дамыту, өнімдерді шикізат күйінде емес, мейлінше ұқсатып, аудан ғана емес, ел көлеміне, тіпті басқа елдерге де экспорттау мәселесіне ден қоюды облыс әкімі де қатаң тапсырған болатын. Ет-сүт, ұн, жұмыртқа, өсімдік майы сияқты ең бірінші қажетті азық-түлік түрлерін өндіру, сапалы шұжық түрлері – бұлардың барлығы да бұрыннан біршама жолға қойылған өнімдер. Ендігі мақсат – осылардың қанатын барынша кеңейтіп, әрі қарай ұқсату. Ұн өнімдерін машина-машина ғып аттандырудың орнына одан жасалатын азық түрлерін, бұл жерде өсетін он шақты жеміс түрлері мен бау-бақша ризығын да барынша ұқсатып пайдалану, 60 түрлі шұжық өндіретін ЖШС жанынан кондитерлік цех ашу, осылардың бәрін де стандартқа сай қаптап, қораптап дегендей саудаға шығару. Өнім түрлерін, ауқымын молайту үшін өнімнің түп негізін молайту қажет. Ол үшін мал басын көбейту керек. Ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіріп, мал басын көбейту үшін жылы қора, мол жемшөп, қазіргі технологиямен жабдықталған сауын пункттерін ашу. Бұл іс жолға қойылу үшін әкімшілік тарапынан ұйымдастыру шаралары және қамқорлық қажет. Үстіміздегі жылы әр гектарынан 22,6 центнерден өнім алынған ауданның егістік жерін, суармалы егістіктерді, жеміс-жидек, бау-бақша алқаптарын молайтудың мүмкіндігі әлі де мол. Ол үшін техника түрлерін, тыңайтқыштар алуға тиянақты жәрдем қажет. Бұл ең алдымен экономиканың дамуы үшін, сонан соң жұртшылықты мұмкіндігінше жұмыспен қамту үшін бірінші кезекте атқарылар міндет.
«Бірінші кезекте» деп айта салу оңай. Әйтпесе әкім үшін кезек күтіп тұратын іс жоқтың қасы. 27 ауылдық округ, 55 елді мекені бар, Барқытбелдің оңтүстік баурайын тұтасымен алып жатқан (1997 жылға дейінгі үш ауданның ауқымы) ауданда атқарылар жұмыс шаш етектен. Бәрі де кезек күте алмайтын шаруалар. Зайсанның Майқапшағайынан да үлкен мұнда Бақты кеден бекеті бар. Кеден орналасқан ауылды абаттандыру, құрылысы 5–6 жыл бұрын басталса да, әлі аяқталмай тұрған Таскескен – Бақты жолын кеңейтіп, асфальттау, көптеген ауылдардағы мектептерді жөндеу, жаңадан мектеп, балабақша үйлерін салу, дәл іргеде шалқып жатқан шипалы Алакөл жағасын көгалдандырып, жаңа ғимараттар тұрғызып, туризмді дамыту, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төл «перзенті» «Туған жерге – тағзым» акциясы негізінде ауданнан шыққан белгілі-белгілі кәсіпкерлерді ұйымдастырып, көмек қолдарын созғызу, ауылдан қалаға ағылған көштерді сирету үшін оларды жұмыспен қамту, жастарды ауылда тұрақтандыру үшін оларға кәсіптік мамандық игерту, баспана мәселесіне қол ұшын жасау…
Ол әкім болып Үржарға келгелі бері төрт айдың ішінде атқарылып үлгерген жұмыстар да ауыз толтырып айтарлықтай. Мектеп, балабақша, біраз жолдар жөнделіп, бірнеше ауылдардың көшелері жарықтандырылып, көпірлер жөнделген. Журналист Берікхан Тайжігіт: «Қасиетті Тарбағатай–Барқытбел жері, батыр баба Қабанбайдың мекені болған өлке қазір күн сайын бір жаңалығымен түрленіп қалған Қарабұта, Қайыңды, Жанай орта мектептерінің салтанатты ашылуы да болып үлгерді. Құрылысшы компаниялардың ақшаны қалтаға басып алып, арқаны кеңге салып жүрген басшыларын әкіміміз тізеге басып тұрып жөнге салды. Көнгісі келмегендерін сот арқылы иліктірді» дейді.
«Біз – Елбасының соңғы буынында жүрген көп сарбаздарының біріміз. Оның Жолдауларындағы, сөздеріндегі айтылған міндеттерді орындаушылармыз. Біз облыс әкімі тапсырған жүктемелерді, тапсырмаған шаруаларды да жүзеге асырушылармыз. Алайда біздің тірегіміз де, орындаушыларымыз да жергілікті көпшілік. Бар міндетіміз соларды ұйымдастыра білу» дейді Серік Зинабекұлы. Ал біз оның ұйымдастыра білетініне кәміл сенеміз.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері