ТОП

Алтай мен Атыраудың арасын жүгіріп өтпек

Қазақстанда «Алтай-Атырау» атты ультрамарафон басталды. Жақында аталмыш бағыт бойынша сапарын бастаған, яғни Алтайдан шығып, Атырауды бетке алған марафоншы, қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы Семей қаласына келіп жетті.

Қалалық спорт бөлімінен хабарлағандай, тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған марафонның басты мақсаты – қазақстандықтардың арасында салауатты өмір салтын насихаттап, халықты жүгіруге баулу.

Сапарын еліміздің қиыр шығысы – Катонқарағай ауданынан бастаған марафоншыны Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев пен шаһардағы бір топ жеңіл атлет күтіп алды. Олар спортшымен бірге аспалы көпір үстімен жүгіріп өтті. «Қарапайым әрі ең тиімді бұл спорт түрінің көмегімен денсаулықты жақсартып қана қоймай, еліміздің киелі жерлерімен де танысуға мүмкіндік бар», – дейді марафонға қатысушылар.

– Ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан еліміздің кеңдігін өз көзіммен көру, таңғажайып жерлерімен танысу мақсатында осындай марафонды бастадым. Әрине, денсаулық – басты байлық. Өмірімнің 20 жылға жуық уақытын спортқа арнадым. Ал соңғы үш жыл төңірегінде осы бір марафонға тыңғылықты дайындалдым. Жолда әртүрлі адамдар кездеседі. Қас қарайғанда қазақтың қонақжайлығын сан мәрте сезініп, елді мекендерде жолаушылап қалған сәттерім де болды. Отандастарыма айтарым, барлығыңыз бір кісідей спортпен шұғылданыңыздар. Себебі спорт – денсаулық кепілі, – дейді Марғұлан Ермағамбетұлы.

Айта кетейік, Семейден шыққан соң марафоншы Павлодарды бетке алмақ. Одан кейін Нұр-Сұлтан, Қостанай  сияқты ірі қалаларды басып өтіп, сапарын Атырауда аяқтайтын болады.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button