Алтай өлкесімен алыс-беріс артып келеді
Шығыс Қазақстан мен Алтай өлкесінің арасындағы сан салалы байланыс жыл өткен сайын нығайып, жыл өткен сайын кеңейе түсуде. Өткен бір жылда біздің ел мен аталған өлкенің арасындағы тауар айналымының көлемі 463 млн долларды құрауы соның нақты нәтижесі. Бұл туралы кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Ресей Федерациясы Алтай өлкесі губернаторының өкілі «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің хатшысы Борис Ларинмен болған кездесуде айтылды.
Кездесуде шекаралас аймақтардың арасындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Жалпы, қос өңірдің қоян-қолтық араласуы кеше ғана басталған жоқ. Көршілер арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс сонау ерте кездерден жалғасын тауып келе жатқанына тарих куә. Дегенмен, ресми түрдегі қарым-қатынастардың алғашқы қадамы 1998 жылы біздің облыс әкімдігі мен Алтай өлкесінің әкімшілігі арасында қабылданған сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім құжаттан бастау алатынын білеміз. Содан бері қарай екі аймақтың басшыларымен көптеген кездесулер ұйымдастырылып, бірқыдыру келісімдер жасалуда. Әсіресе, кейінгі төрт-бес жылдан бері бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығынан бастап білім, денсаулық сақтау, мәдениет секілді екі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін негізгі салалардағы ықпалдастық нәтижесі жаман емес.
– Бұрыннан жалғасқан шекаралас аймақтардың арасындағы дәстүрлі ынтымақтастық байланыс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғаннан кейін одан ары дами түскені рас. Оған мысал ретінде Алтай өлкесімен арадағы тауар айналымының көлемі өткен бір жылда 400 млн. доллардан асып жығылғанын айтар едім. Екі өңірдің кәсіпкерлері өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Біздің облыс пен Алтай өлкесіне тиесілі импорт пен экспорттың үлесі артып келеді. Бұл байланыс ары қарай өркендей беретініне сенемін – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ кездесуде.
Облыс әкімінің пікірімен Борис Ларин де толықтай келісетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің жұмысы да осы игі мақсат үдесінен шығуды көздейді.
– «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесі құрылған 12 жылдан бері біздің өңірлердің арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жақсы даму үстінде. Мәселен, осы жылдардың ішінде Алтай өлкесінің Шығыс Қазақстанмен арадағы тауар айналымы үш есеге өсті. Бұл әрине, жүргізіліп жатқан жұмыстардың жемісі. Тек экономикалық қана емес, сондай-ақ, мәдени, гуманитарлық салаларда да байланысымыз беки түсті. Осындай оңды бастамаларға мұрындық болған сіздердің тарапқа ризашылығымызды білдіреміз, – деді Борис Ларин.
Айта кетейік, біздің облыс Алтай өлкесіне көмір, темір, бидай, түсті металл өнімдерін экспорттаса, ол жақтан теміржол вагондары, ағаш өнімдері, жылу станцияларына арналған түрлі қазандықтар әкелінеді.
Қазір Шығыс Қазақстанда Ресей Федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп тұрған 250-ден астам кәсіпорын бар. Олардың 40-қа жуығы осы Алтай аймағынан.
Серік Әбілхан