«Алтай кубогы» шымкенттіктерге бұйырды
Өскеменде ұйымдастырылған бильярдтан ардагерлер арасындағы республикалық турнир тартысқа толы болды.
Турнирге еліміздің түпкір-түпкірінен келген командалармен қатар, шетелдік қонақтар да қатысты. Олардың ішінде «Астана қырандары-1», «Астана қырандары-2» (Астана қаласы), «Асау Ертіс-1», «Асау Ертіс-2» (Шығыс Қазақстан), «13 регион» (Шымкент қаласы) және Ресейдің Омбы қаласынан келген спортшылар да болды.
Айта кетейік, жарысқа 50 және одан жоғары жас мөлшеріндегі спортшылар қатысты. Облыстық бильярд спорты федерациясының атқарушы директоры Дәурен Қасымхановтың айтуынша, турнир ойындары тартысқа толы болды.
– Жарыстың соңына дейін қатысушылардың қайсысы топ жаратыны белгісіз болды. Барлық ойыншы мықты екен, – деді турнир аяқталған соң Д.Қасымханов.
Екі күнге жалғасқан бильярд бәсекесінде жүлделі орындарға төмендегі спортшылар ие болды: бірінші орын – Д.Юнусов (Шымкент қ.), екінші орын – А.Маханов (Шымкент қ.), үшінші орын С.Мусинов (ШҚО) пен С.Улыбин (Омбы қ.). Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды «13 регион» (Шымкент) командасы жеңіп алса, екінші орынға «Астана қырандары-1» (Астана) командасы ие болды. «Омск» (Омбы) құрама командасы үшінші орыннан көрінді.
Марапаттау салтанатында жарыстың барлық қатысушысына медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал жеңімпаздар кубок пен грамотадан бөлек, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Оңдасын Елубай
Өскемен.