ҚоғамТОП

Алтай жырының тұсауы Алатауда кесілді

Жас шағында Алатауды жырымен жалт қаратқан Алтайдың ақын қызы Бақытжан Раисованың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Оны өлеңсүйер оқырман қауымнан естіп-біліп келеміз. Кейін туған жеріндегі бұлақ басына ат шалдырып, бұла ғұмырын елінде өткізген ақын жуықта Алатауға жыр қоржынын арқалап барып қайтты.

Алматыдағы Ұлттық кітапханада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақытжан Раисованың «Ботакөзі төңкерілген дүние» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жаңа туындының тұсаукесеріне қаламгерлер мен оқырман қауым қатысып, ақынға ақ жол тіледі.

– Атақты ақын Ғафу Қайырбектің ақ батасын алған, Қалихан Ысқақ, Оралхан мен Дидахмет, Әлібек Асқаровтар салған қазақ прозасындағы классикалық тылсым сырды соны соқпаққа салған Катонқарағайдың ақын қызы Бақытжан Раисова туған жерінің табиғатына тартып туған. Оның жан дүниесі, жаратылысы өлеңдерінде мөлдіреп тұр. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан жасынан өлең жазып, әдебиетке ерекше құштар болған, бүгінде ұстаздық еңбегінің жемісін көрген, шығыстың талантты ақын қызын құттықтап, еңбегіне сәттілік тіледім, – деді ақын Қасымхан Бегманов.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің модераторлығымен өткен әсерлі де әдемі кеште филология ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып Бақытжан Раисованың шығармашылық еңбегіне байланысты мағыналы һәм мазмұны терең баяндама жасап, ақын жырын жан-жақты талдап берді.

  • Біраз жылдар бұрын Жазушылар одағына мүшелікке қабылдау комиссиясының жабық жиыны өтіп жатқан болатын. Тұманбай Молдағалиев, Қабдеш Жұмаділов, Ахат Жақсыбаев, Берік Шаханов, Дидахмет Әшімхановтардың арамызда бар кезі. Әр кандидатура туралы, оның кітаптары туралы сөз болып жатыр. Бір уақытта Дидаш ағам менің тура қарсы алдымда отыр еді: «Бақытжан Райысова деген ақын қыз бар. Бірнеше кітабы шыққан. Соны мүшелікке қабылдайық!»деді. Мен бірден қолдап, сөз сөйледім. Сонымен Бақытжанды сол күннен бері Дидаш ағам маған тапсырып кеткендей болады да тұрады. Біздің Бақытжан ақынның құлағына Құдай сыбырлайтын сияқты. Өйткені өлеңдерінен жасандылық байқалмайды. Төгіліп түскен шумақтар, өріліп түскен мөлдір сезімдер ақындықтың қуат күшінің куәсіндей ыстық әсерге бөлейді, – деп пікір білдірді ақын Бауыржан Жақып.

Сонымен қатар әдеби кешке Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Тұрысбек Сәукетай, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақов, үлкен саясатта халықтың сөзін сөйлеп жүрген Дос Көшім және өзге оқырман қауым қатысып, ақын жырына жан-жақты тоқталып, шығармашылығына сәттілік тіледі. Кеш соңында Қыздар педагогикалық университетінің бір топ студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, көңілін асқақтатып қайтты.

 

Осы айдарда

Back to top button