«Алтай» жеңіспен бастады

Павлодарда волейболдан Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатының финалдық кезеңі басталды. Жарыстың шешуші сынында Сана Анарқұлова бастаған өскемендік «Алтай» Талдықорғанның «Жетісуымен» чемпиондық атақты сарапқа салатын болады.
Қарсыластар арасындағы алғашқы ойын өткен жексенбі күні ойналып, онда «алтайлық» арулардың мерейі үстем болды. Әдеттегідей, қарсыластар арасындағы бұл жолғы кездесу де бес партияға созылды. Бірінші кезеңде 19:25 есебімен «жетісулықтар» жеңіске жетсе, екінші партия өскемендік команданың пайдасына аяқталды. Есеп 25:17. Келесі екі кезеңде 22:25 және 25:23 есептері тіркелді. Осылайша, матч тай-брейкке ұласты. Ал шешуші кезеңде сәттілік «Алтайға» жолдас болды. Осы орайда, сын сағатында өскемендік ұжымға жеңісті Сана Анарқұлова алып берді десек қателеспеспіз. Себебі, 9:10 есебімен «Жетісу» алға шыққан сәтте «Алтай» капитаны үш дәл соққы жасап, ойын барысын түбегейлі өзгертті. Бұл соққыдан есеңгіреп қалған талдықорғандықтар қалған уақытта бір-ақ ұпайға ие бола алды. Қорытынды есеп 15:11 «Алтайдың» пайдасына. Ал жалпы есеп 3:2!
Осылайша, жерлестеріміз қатарынан екінші ойында «Жетісуды» сан соқтырып кетті. Естеріңізге салайық, осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Петропавлда өткен «супердерби» де өскемендік команданың жеңісімен аяқталған-ды. Ол ойын да тай-брейкке жеткен болатын.
Айта кетейік, волейболдан Ұлттық лига командалары арасындағы 2020-2021 жылдарғы тұрақты ел чемпионаты «Алтай» аруларының жеңісімен аяқталып, өскемендік команда плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шыққан еді.
Жарыстың жартылай финалында біздің қыздар «Алматы» волейболшыларымен шеберлік байқасып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.
Кеше газет беттеліп жатқанда «Алтай» мен «Жетісу» арасындағы екінші кездесу өтті.
Нұржан Кенжеұлы