Қоғам

«Алтай» – екі дүркін ел чемпионы!

«Алтай» – екі дүркін ел чемпионы!


Өскемендік «Алтай» – ел біріншілігінің жеңімпазы. Облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан волейболдан ерлер командалары арасындағы ұлттық лиганың соңғы тур ойындары аясында «Буревестник-Алматы» командасымен кездескен жерлестеріміз қарсыластарын 3:0 (25:21, 25:17, 26:24) есебімен тас-талқан етіп жеңіп, біріншілік аяқталмай жатып-ақ чемпион атанып қойды.

Бұл – облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен құрылған жас команданың екінші ірі жеңісі. Естеріңізге салайық, Игорь Никольченко баптайтын өскемендік ұжым былтыр да ел чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Ал биыл жерлестеріміз ұлттық лига чемпионатындағы жеңісінен бөлек, Қазақстан Кубогі мен Суперкубогінің де иегері атанды. Осылайша, алтайлықтар өзіндік хет-трик жасады.

Жоғарыда айтылғандай, біздің волейболшылар чемпиондық атаққа күні бұрын қол жеткізді. Жерлестерімізге әлі екі ойын өткізу керек. Оның біріншісі («Есіл СК» командасына қарсы) кеше кешке аяқталса, екіншісі («Динамо-Тараз» волейболшыларымен) бүгін 18:30-да басталады.

Ойыннан кейін бізге сұхбат берген команданың бас бапкері Игорь Никольченко биылғы чемпионат өте тартысты өткенін, команданың Виталий Вориводин, Василий Тупчий сияқты беткеұстар ойыншылары қатты шаршағанын, сондықтан алдағы ойындарда қосалқы құрамдағы волейболшыларына сенім артатынын мәлімдеді.

– Жеңіске жеткенімізге, жанкүйерлер сенімін ақтағанымызға қуаныштымын. Дегенмен, бұл тек қана ойыншылардың емес, бүкіл клуб қызметкерлерінің, демеушілердің және ең бастысы облыс басшылығының қолдауының арқасында келген жеңіс деп айтар едім. Бізге қолдау көрсеткен азаматтарға және барлық жанкүйерімізге алғыстан басқа айтарым жоқ. Енді алдағы байрақты бәсекелерге дайындалатын боламыз, – деді И.Никольченко.

Осы айдарда

Back to top button